14 Қаңтар 16:39

Ербол Мәндібек, журналист: Ақпараттық «соғыста» көршімізден тағы жеңіліп қалдық

Фото:

Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты кеше Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның ойын жариялағанбыз. Енді осы мәселеге қатысты тәуелсіз журналист Ербол Мәндібектің пікіріне құлақ түріңіз. 

– Ербол, телеарнаның «асханасы» сізге таныс. Осы қысылтаяң уақытта халық телеарналардың ғана ақпаратын місе тұтты. Өзің шынайы ақпарат ести алдың ба?

– Біріншіден, интернет өшірілді. Амалсыз «24 Хабар» телеарасын қарадық. Бұл телеарнада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Максим Рожин жүреді. Тіпті, Балаева кеше қызметтен кетер кезде осы телеарнаның журналистерімен кездесіп, қоштасып кетті. Мұның барлығы нені білдіреді? Бұл кешегі оқиға кезінде әрбір шығатын ақпарат, мәлімет, бейнетаспаның бәрі сол министрліктің қадағалауымен және Президент әкімшілігінің келісімімен жасалып, жарияланды.

Бұл – мемлекеттік ақпараттық саясаттың «ақпараттық қауіпсіздік» ережесінің шеңберінде жасалған жаңалықтар. Жалпы, телеарнада ЗКТ, ауызша ақпарат, жай ЗКТ, сюжет, ЗКТ синхрон, осының арасында арнайы репортаж беріледі. Бұл да қалыптасқан ереже.

Елімізде бейбіт халықтың наразылығы тәртіпсіздікке жалғасқанда өзім «Хабар 24» телеарнасын көрдім. Шынымды айтайын, кәдімгідей жалықтырып жіберді.

Біріншіден, бір ақпаратты таңертеңнен кешке дейін айналдыра беру – көрерменді жалықтырып қана қоймайды, бұл телеарнаға, қазақ журналистикасына деген жеккөрінішті одан сайын үдетеді. Ақпарат өте баяу әрі сапасыз берілді. Тек қана ЗКТ-ның шеңберінде. Арасында журналистер тікелей эфирге шықты, онда да бір локацияда ғана. «Тірі live» жоқ.

Е.Мәндібек.

Екіншіден, бейнекадрларға қатысты. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – сол күндері барлық жерде интернет өшті. Одан кейін әлеуметтік желідегі видеоларды жүктеу қиындық туғызды деп ойлаймын.

Екінші және үшінші күннен бастап Қазмедиаға ғана журналистерге жұмыс істеуге интернет берілген. Бірақ ол кезде де керекті кадрлар алынған жоқ. Тағы бір мәселе – дәл осындай мемлекеттің басына қауіп төнген кезде жоғары биліктің ақпараттық салаға араласуын дұрыс санаймын. Бірақ осыншалық деңгейде емес.

Шындап келгенде, азаматтық тұрғыдан алып қарасақ, мемлекеттің, қоғамның қауіпсіздігі басты мәселе. Және лаңкестермен жанкешті күрескен әскери саланың, құқықтық құрылымның қызметін көрсету дұрыс.

Екіншіден, сол уақытта қаншама қарапайым адам әділетсіздікке ұшырап, зардап шегіп жатты.  Қаншама адам із-түзсіз жоғалып кетті. Осы жайттар жайында да қосымша айтылуы, көрсетілуі керек еді ғой. Бірақ айтылмады.

– Жалпы, телеарналардың техникалық жабдықталуы қалай? 

– Техникалық мүмкіндігі өте зор. Бейресми дерек бойынша, екі мемлекеттік телеарнаның жылдық бюджеті – 50-60 млрд теңге. Ал оларға сатып алынған техникалық кешені бөлек әңгіме.

«Хабар» телеарнасының арнайы жылжымалы теле станциясы (ПТС) бар. Qazaqstan телеарнасының өз ПТС-і бар. Спутник құралдары қаншама. Барлығы бар. Жедел жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Тіпті, мобильді журналистиканы дамытуға да мүмкіндік мол. Бірақ оның ешқайсысы қолданылған жоқ. Оқиға орнынан телефон арқылы тікелей байланысқа шыққанын көрдіңіз бе?

Ал «Россия-24» каналының берген жаңалықтарын қарасаңыз, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әскерін жіберу процесін жақсы көрсетті. Әскери техниканы, сарбаздарды тиеу, ұшу процесін тікелей эфирде берді.

Сосын Ресейдің Қазақстанға жіберген арнайы тілшісі Домодедова әуежайынан Алматы әуежайына қонғанға дейінгі мәселені айтып отырды. Журналистің сөзі, мәтіні ешқандай қадағаланбаған. Қисынға келсін-келмесін айтып жатты.

ҰҚШҰ әскері Ресейге оралды. Фото: ТАСС

Соған қарамастан біздің медиакеңістіктің интеллектуалдық деңгейі Ресей журналистерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бірақ техникалық және маманның саны жағынан шамалас деп ойлаймын.

Бір айта кетерлігі, төтенше оқиға кезінде ақпарат таратудан һәм жеткізуден тағы да жеңіліп қалдық. Біз осыдан сабақ алуымыз керек. Жаңа министр мұны ескеруі тиіс.

Министрлікке қандай ұсыныстарың бар?

– Мемлекеттік ақпараттық саясат дұрыс жолға түссін десек, мыналарды ескерсін:

Біріншіден, миллиардтап ақша алатын телеарналардың кәсіби деңгейі тым төмен. Жеделдік, сауаттылық жетіспейді. Миллиондаған көрерменнің алдында жаттағанын әрең айтып тұрады.

Екіншіден, электрондық БАҚ-тың бетіне қарап, күлкің келеді. Бейшара кейіпте. Алатын ақшасымен жұмыс нәтижесі сәйкес келмейді.

Үшіншіден, журналистердің әлеуметтік мәртебесі анықталмаған. Олар – «мәдениетті қайыршылар армиясы».

Төртіншіден,  БАҚ туралы заңды түбегейлі қайта қарау қажет.

Бесіншіден, телеарналардағы телеөнімдер тендерінің тамырын жою шарт. Бұған дейін жасалған миллиардтаған келісімдердің мақсатты жұмсалуын жемқорлықпен күрес қызметі тексеруі тиіс.

Алтыншыдан, Қазақстанда 5000 БАҚ тіркелген. Соның барлығының қызметіне ашық мониторинг жүргізу қажет. Өйткені, өңірлік деңгейде көптеген сайттар мен газеттер шағын медиа шенеуніктердің жем жейтін астауына айналған.

Жетіншіден, газеттердің деңгейін арттыру. Газет оқу мәдениетін дамыту. Ол үшін кешенді шаралар жоспарын бекіту. Қазір ел «Егеменмен» ет жегенде қол сүртіп, «Айқынмен» сарқыт орап әкетеді.

Сегізіншіден, журналистердің сыйлық, мақтау қағаз, медаль, орден алуына заңмен тыйым салу.

Тоғызыншы, журналистер дайындайтын оқу орындарына талапты күшейту. Екінің бірі диплом алатын мамандыққа айналмауы тиіс.

Оныншы, журналистердің баспана мәселесін БАҚ өкілдерімен бірге талқылау. Бұл жерде үй алған журналист мемлекетке басыбайлы байлаулы болып қалмауы керек.

Бізге қоғамдық телеарна керек пе?

– Қоғамдық телеарна 100% керек. Бірақ біздің қоғам оған ақша төлеуге дайын ба? Мәселе сонда. Оны құру үшін халық өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс және сен соған сай ақпарат таратуың керек.

Жалпы, телеарна ашу және оны асырау өте қымбат. Қоғамдық телеарна мемлекеттін бір тиын алмау керек. Ол – халықтық, қоғамдық болуы тиіс. Қазақстанда мемлекеттен бір тиын алмай медиа жасау ақылға сыймайтын нәрсе. Себебі, біздің коммерциялық кеңістік өте тар.

Тегтер: