8 Қыркүйек 08:42
...

«Енді көшеге шықпаймын!». Ринат Зайытов НЕГЕ бұлай деді?

Фото:

Айтыскер ақын Ринат Зайытовқа қатысты қоғамда қым-қиғаш пікір бар. Ринаттың аты аталған жерде оны қолдаушылар да, даттаушылар да табылады.

«Зайытов президенттік сайлауға түседі екен» деген гу-гудің жайын NEGE тілшісі ақынның өзінен сұрап білді.

– Соңғы жылдары өзіңізді айтыс сахнасынан сирек көретін болдық. Сонда сізді шақырмай ма, әлде қатысатын мүмкіндігіңіз жоқ па?

– Мүмкіндігім жоқ. Себебі, жұмыстағы адаммын. Мына жақтағы екі жүзден астам адамға «тұра тұрыңдар, мен айтысып келейін» деп, жұмысты тастап кетіп қала алмаймын ғой. Сенбі-жексенбі күндері өтетін шаралар болмаса, өңгесіне қатыса алмаймын.

– Ақсуаттағы айтыста айтқаныңызды жұрт әлі күнге дейін тамсанып тыңдап жүр. Халық Ринатты сағынып қалған ба, әлде Ринат халықты сағынды ма?

– Кім қалай ойласа да, мен барып қарсыласыммен айтыстым. Бірақ оның бұрынғы айтыстардан еш айырмашылығы болған жоқ деп ойламаймын.

– Жуырда отандық  ақпарат порталдарының біріне берген сұхбатыңызда «сайлауға қатысамын» дегенді айтыпсыз. Ашып айтыңызшы, сайлауға қатысып дауыс бересіз бе, әлде өзіңіз сайлауға түсесіз бе?

– Ол сіздердің құзыреттеріңіздегі дүние емес...

– Мұнымен не айтқыңыз келеді?

– Бәрі бір Құдайдың қолында, оны уақыт көрсетеді.

– Жалпы алда өтер мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауы жайында не айтасыз?

– Енді баяғыша өтеді де. Бұл мерзімінен бұрын өтіп жатқан бірінші сайлау емес қой...

– Оппозиция бұл сайлауға бойкот жариялау керектігін айтты. Сіз не дейсіз?

– Оппозиция деген кім өзі?! Алдымен соны көрсетіңіздерші маған. Ал егер қандайда бір топтың үміткер деуге лайық адамы болса – ұсынсын, көрейік не істейді екен.

Тағы әбден уақыт тақаған кезде ырың-жырың, шу болып кетпесе болды. Әйутеуір мен аулақпын. «Ауызы күйген үріп ішеді» деген. Жалпы, ол жаққа жақындау менің ойымда жоқ.  

Мысалы, кезінде Қосанов түскенде біраз адам болды жанында, кейіннен қайда кетіп қалды соның бәрі?! Сондықтан президент сайлауының науқанынан аулақпын.

– Сонымен, лайықты кандидат жоқ деп есептейсіз бе?

– Менің ойымша бізде тек екі ғана топ бар. Екеуі де өз қызығушылығын қанағаттандырушылар. Демократиялық орта деп айту үшін олар өз арасында демократия қалыптастырғанын дәлелдеуге тиіс деп ойлаймын. Өз басым қазіргі таңда Қазақстанда демократиялы қоғам қалыптастыратындай ортаны көріп тұрған жоқпын.  

– Әріптесіңіз  Жарылқасын Дәулет өнер адамдарының ішінде үміткер ретінде Бекболат Тілеуханды көргісі келетінін айтты. Сіз кімді лайық көресіз?

– Ешкімді. Өнер адамы болсын, басқасы болсын, өз басым президент болуға лайық адамды көріп тұрған жоқпын.

– Егер жұрт осы науқанның өтуіне наразылық білдіріп көшеге шықса, сіз де қолдау білдіруге дайынсыз ба?

– Жоқ, мен ешқайда шықпаймын. Неге және кімнің пайдасына наразылық білдіруіміз керек?! Алдымен осыны шешіп алайық. Себебі, кез келген дүниенің қозғаушы күші болады.  Соңында тек өз амбициясын ойлағандар «бұл көптің пікірі» деп шыға келуі мүмкін. Ал халық өз ықтиярымен ешқашан бас көтермейді, менің оған толық көзім жеткен.

– Енді өзіңіз тұтқасын ұстап отырған «Алатау» дәстүрлі өнер театрына ойыссақ. Алда көрерменге не әзірлеп жатырсыздар?

– Алда атқарар жұмыс көп. Соның бірі ретінде айтар болсам, жуырда қала күніне орай «Жыршылар фестивалін» өткізбекпіз. Бұдан соң тұңғыш рет Жәнібек Кәрменов атындағы Республикалық дәстүрлі әншілер байқауын ұйымдастырмақпыз. Оның бас жүлдесіне автокөлік тігіліп отыр. Алдағы күндері Асланбек Шұғатаев пен Қазірет Бердіханның жекпе-жек айтысын өткізсек дейміз.

Айта берсек, көп енді. Жалпы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасының ұйымдастырып жатқан шараларынан ешқашан қалыс қалған емеспіз.

– Соңғы берген жеке кешіңізге барған жұрт «уақыты аз болды» десті. Алда тағы ауқымды кеш берудің жоспары бар ма?

– Көлемді кеш беру үшін уақыт керек. Өтірік әншілерді жинап алып, құр ауыздарын жыбырлатып қойып, көрерменді алдағым келмейді.

Сұхбаттасқан Динар Камилова.

Тегтер: