12 Қаңтар 08:28

Досым Сәтбаев: Ресей елімізге ақпараттық және идеологиялық соғыс ашуы әбден мүмкін

Фото:

Ақ үйдің жаңа қожайыны Джо Байден тұсында АҚШ-тың сыртқы саясаты қалай өзгермек? Ресейдегі саяси дағдарыс немен тынады? Қазақстанның өзге геосаяси ойыншылармен қарым-қатынасы қалай түзілмек? Бір сөзбен айтқанда, жаңа жылда әлемдегі ахуал қалай өрбиді?

Nege.kz Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаевпен бірге алдағы күндерге, келешек оқиғаларға көз жүгіртіп, сараптама жасады.  

Джо Байден тұсындағы АҚШ-тың халықаралық саясаты

Байденнің жеңісі АҚШ-тың сыртқы саясатының өзгеруіне әкеліп соғады. Трамп тек қана Қытаймен ғана сауда соғысын жүргізген жоқ, Еуроодақпен де, НАТО-мен де қарым-қатынасын нашарлатып алды. Джо Байденнің алдында тұрған қиындықтар аз емес. АҚШ-тың қордаланған ішкі мәселелері бір түйеге жүк. Қазір Америка қоғамы бірнеше бөлікке қақ айырылып, ел ішіне күшті жік түсті. Байден барлық америкалықтарды біріктіруші тұлға болуға ұмтылады. Бірақ ол қиынға соғады деп ойлаймын.

Джо Байден.

Еуроодақпен қарым-қатынасын қайта жандандыруы – Байденнің тағы бір зор міндеті. АҚШ пен Қытай арасында да мәселе көп. Сауда соғысынан бөлек, Трамп Қытайды коронавирус таратты деп айыптады. Джон Байденнің алдында «енді не істейміз?» деген сауал тұр. Ол Ресейге қарағанда, Қытайдың қауқарлы қарсылас екенін де жақсы біледі. Бірақ экономикалық қатынасты үзбеуі керек. Сауда соғысы ешкімге пайда әкелмейді. Әсіресе, америкалық бизнес орасан зор қытай нарығынан айырылады.

Джо Байден Ресейге қарсы қатаң саясат ұстанатын болады. Демократтар мұнысын жасырып жүрген де жоқ. Сондықтан Байденнің тұсында АҚШ пен Ресейдің қатынасы күрделене түспек.

АҚШ һәм Орталық Азия

Орталық Азияда АҚШ-тың стратегиялық серіктесі Қазақстан болып келген. Өйткені, біздің елде АҚШ-тың ірі мұнай-газ компаниясы бар. Енді Өзбекстан АҚШ-тың назарын өзіне аударуға ұмтылып отыр. Ташкент Вашингтонмен ынтымақтастығын арттырып келеді. Талибанмен келіссөздер кезінде Өзбекстан белсенділік танытты. Бұл ел инвестиция тартуда Қазақстанды кейінгі орынға сырғытуы ықтимал. Ірі геосаяси ойыншыларды тарту үшін өңірде енді бір емес, екі орталықтың іргесі қалануы ғажап емес.

Трамп Ақ үйге қоныстанған соң, Барак Обаманың саяси бастамаларының көбінен бас тартты. Бірақ «5+1» үлгісін қолайлы көрді. Бұл үлгі Орталық Азияның бес елі АҚШ-пен белсенді түрде қатынас жасауды көздейді. Обама көтерген бастама Трамптың кезінде жақсы жұмыс істеді. Жылына бір рет АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен бес елдің сыртқы істер министрлері кездесу өткізіп отырды. Байденнің тұсында бұл формула күшінде қалады деп ойлаймын. Өйткені, АҚШ бұдан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ. Мұны Барак Обама Ресей мен Қытайдың ықпалы күшейіп бара жатқан осы өңірдегі АҚШ-тың орнын қайтару үшін ойлап тапқан-ды. Алайда, Байден мен оның командасы үшін Орталық Азия басымдық берілген бағыт емес. Өйткені, Байден алғашқы төрт жылында басқа шаруалармен – АҚШ-тың ішкі ісімен айналысатын болады. Сыртқы саясатта Еуроодақ пен Қытайға, Латын Америкасына басымдық береді.

Ресейде саяси дағдарыс басталып кетті

Ресейде саяси дағдарыс басталып кетті. Бұған Навальныйдың басындағы жағдай түрткі болып отыр. Мұның өзі Ресейге қосымша қиындық тудырады. Батыспен қарым-қатынасы одан әрі ушықтыра түседі. Путин «мұның артында ОББ (Орталық барлау басқармасы) тұр» дегеннен басқа мардымды ештеңе айта алмады. Навальныйды улау Еуроодақтың Ресеймен қатынасын жандандыру ниетін кейінге сырғытып отыр. Ресей аласталған мемлекетке айналатын түрі бар. Көп адамдар Путиннің келіссөз жүргізуге болатын адам емес екенін ұқты.

Путин Ресейден КСРО-ның баламасын жасамақшы. Сыртқы саясатта да, экономикада да. КСРО кезіндегідей, Ресей қазір екі балдаққа сүйеніп тұр. Бірі – әскери-өнеркәсіп кешені, екіншісі – шикізат саласы. Басқа ештеңе жоқ.

Владимир Путин.

Путин билікте соңғы демі қалғанша отырады. Өзі отставкаға кетпейді. Қағаз жүзінде кетсе де, билік тізгінін ешкімге ұстатпайды. Тіпті, саясат сахнасынан біржола түссе де, тез өзгермейтіндей саяси жүйе құрып кететін болады.

Түбінде Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы ушығуы мүмкін

Тоқаевтың соңғы мақаласы бекер жарияланған жоқ. Бұл – Ақорданың алғашқы әрекеті. Мақала бірнеше блоктан тұрады. Біріншісінде жер даулаған арандатушыларға жауап берілген. «Қазақстанға ешкім жер берген жоқ. Тарихпен тарихшылар айналыссын», – деп анық айтылған. Тоқаевтың бастамаларында жақсы тұстары бар. 1920-жылдардағы ашаршылық кезеңдерін терең зерттеу керек екенін жұмсақ түрде жеткізді. Алда 1930-жылдардағы апат тұр. Қазақ билігі ашаршылықты геноцид ретінде тануы тиіс. Қазақ билігі осылайша Ресейдің арандатушы үгіт-насихатына қарымта қайтарды. Тоқаевтың мақаласының астарында бірінші президенттің төңірегіндегі тым ресейшіл тұлғаларға қарсы ақпараттық соғыс жатуы да ықтимал.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Менің ойымша, Назарбаев пен Тоқаев дәуірінде Ресей мен Қазақстан арасында елеулі жанжал болмайды. Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіргенін дұрыс қадам деп есептеп отыр. Шын мәнінде, бұл – үлкен геосаяси әрі экономикалық қателік. Мұны тек бақылаушы болып отырған Өзбекстанның тәжірибесі нақты көрсетіп берді. Бұл ел көп нәрседен ұтып жатыр.

Тоқаев дипломат ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасты дұрыс жолға қоюға ұмтылып келеді. Бірақ ол 2014 жылдан кейін, арандатушы мәлімдемелерден кейін Қазақстан қоғамында күшті Ресейге қарсы көңіл-күй барын жақсы біледі. Расында да, ел ішінде Ресейден үлкен қатер көретін адамдар көп. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, Тоқаевқа таңдау жасауға тура келеді. Ол қазір екі оттың арасында тұр.

Ресейдің өзі Қазақстанды ешқашан серіктес көрген емес. Өзінің саттелиті ретінде қарайды. Путин – ұдайы жау іздеп жүретін адам. Сондықтан Ресей Қазақстанға қарсы алдымен ақпараттық және идеологиялық соғыс бастауы әбден мүмкін. Одан түк шықпаса, украина сценарийін қолға алуы ықтимал. Бұл жақын арада бола қоймас.

Дейтұрғанмен, Қазақстан көршілерімізбен әртүрлі қарым-қатынас үлгілерін, соның ішінде жанжалдарды да қарастырғаны абзал. Сонда Ресейдің бірінші орынға шығуы ғажап емес.

Тегтер: