Досым Сәтбаев: «Лента қию экономикасы», «жалаңаш патша» және Маминнің өтірігі туралы

31 мамыр, 08:43
Досым Сәтбаев: «Лента қию экономикасы», «жалаңаш патша» және Маминнің өтірігі туралы
Фото: nege.kz

Соңғы кездері Үкімет қатты сынға қалып жүр. Халық тарапынан да, Президент тарапынан да. Сын негізсіз емес. Соның бір ғана мысалы – саясаттанушы Санжар Боқаевтың күні кешегі мәлімдемесі.

Ол Үкіметтің ресми сайтында жарияланған «Қазақстан танымал 22 марка бойынша көліктің 167 моделін шығарады» деген ақпараттың өтірігін әшкерелеп берді. Сарапшы осы мәліметке күдігін білдіргені сол-ақ екен, автоөндірушілер бірінен соң бірі Боқаевты шақыра бастады.

«Шақырған жерден қалма» деген қазақтың ұстанымымен ол Жамбыл облысы Қордай ауданы Ауқатты ауылына барды, Қарағанды облысының «шақыртуын» қабыл алып, Саран қаласындағы жаңа зауытқа келеді. Бейнежазбада Қордайда зауыттың орнында гараж тұрғаны, Саран зауыты өздері шақырып алып, дарбазасының сыртынан қайтарғаны анық көрінеді. Заманауи зауыт та, қайнап жатқан жұмыс та жоқ.

Үкімет НЕГЕ жалған статистикаға құмар? Премьер-министр Мемлекет басшысын НЕГЕ алдады? Тілшіміз саясаттанушы Досым Сәтбаевтан үкіметтің жұмысына баға берін сұрады.

– Санжар Боқаев «елімізде 167 автокөліктің үлгісі шығады» деген үкіметтің ақпаратын теріске шығарды. Бейнероликтен көргеніміздей, бізде неге заманауи зауыттардың орнында, қора-қопсы тұр. Мұны қалай түсінеміз?

– Мұның бәрі – көзбояушылық. Аңыз жобалар құру елімізде мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналып кеткен. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында мүлдем тиімсіз бюрократиялық машина құрылды. Оның басты мақсаты – нақты нәтиже шығармастан, ақша игеру. Олардың міндеті – мемлекет дамуының әдемі бағдарламаларын жазып, оған ауқымды бюджет қаржысын бөлдіру, жыл соңында есеп беру. Бұдан кейін ол жобаның әрмен қарай қалай жұмыс істейтіні мүлде қызықтырмайды.

Мен Қазақстан экономикасын «лента қию экономикасы» деп атаймын. Бастысы – лента қию, сосын мүлде ұмытып кету.

Осындай аңыз жобалар көп. Олардың біразы тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп тұр, біразы аз уақыттан соң жабылып қалған. Өйткені, зауыттарды жобалаған кезде «олардың өнімдері керек пе, жоқ па», «бұл зауыттың шикізаттары бар ма», «кадрлары бар ма» деген сауалға ешкім жауап іздемеген. Бұл – бір.

Д.Сәтбаев. Фото: misk.org.kz

Екіншіден?

– Екінші мәселе – статистика. Қазақстанда о бастан статистиканы бұрмалап көрсету әдетке айналып кеткен. Барлық премьер-министрлер, барлық үкімет, барлық әкімдер статистиканы ұдайы бұрмалап, жағдайды «керемет» деп көрсетіп келді. Осы статистика бойынша, бізде жұмыс орындары артып, жұмыссыздық пен кедейлік азайған. Жалған, бұрмаланған статистика бойынша, бізде жаңа кәсіпорындар ашылып, өнімдердің саны көбейіп жатыр-мыс.

Статистиканы бұрмалау – былтыр бізге ауыр соққы болып тиді. Өйткені, Денсаулық сақтау министрлігі де індет жұқтырып ауырған адамдардың да статистикасын бұрмалап көрсетті.

Бұл – біздің елде барлық жерде өтірік айта беретінінің дәлелі. Неге өтірік айтады? Ондағы мақсат – ел басшылығына Үкімет пен бюрократиялық аппараттың жақсы жұмыс істеп жатқанын көрсету.

Барлық бағдарламалар жүзеге асырылып, мемлекет «дамыған отыз елдің» қатарына кіріп келе жатыр дегендей.

Ал былтыр короновирус біздің «жалаңаш патша» екенімізді көрсетіп берді. Шындығында да солай. Бізде ештеңе де жоқ. Жібі түзу индустриалды платформамыз да, кадрларымыз да жоқ. Тіпті, тым құрығанда, маска да тіге алмадық.  

Халыққа жетпей жатқанда, маска тіге бастаған адамдарды тұтқындаған жоқ па?

– Ондай да болды. Үшінші мәселе – сыбайлас жемқорлық. Көп ақша бөлінген жобаларда жемқорлық мүдде басым болды. Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму жобалары коррупциялық жобаларға айналды.

Бітпей қалған LRT құрылысы. Фото: ғаламтордан

– Санжар Боқаевтың атышулы мәлімдемесіне қатысты не айтасыз?

– Санжар Боқаевқа келсек, ол үкіметті өз сөзінен ұстап отыр. Бұл сандарды ойдан шығарған жоқ. Ресми деректерден, үкіметтің сайтынан алды. Үкімет, министрлік, әкімдіктер өз сөзін өзі растап бере алмай қалды. Мұның орнына, сүйікті тәсілдерін қолданып, қысым көрсете бастады. Ақпараттық соғыс ашып, үкіметті қорғап сөйлеген билікшіл блогерлерді жалдады. Бұл цирк болып көрінеді.

Бұл адам «осындай сан келтіріпсіздер, енді соларды көрсетіңізші?» деп нақты сауал тастады. «Қоршауды емес, зауытты көрсетіңіз. Не шығарып жатсыздар?» деді. Сондықтан олар үлкен қиындыққа тап келді. Өйткені, көрсететін ештеңесі жоқ. Санжар Боқаевқа қарсы өре түрегелгендері осыдан.

Бұл көзбояушылық үшін кім жауап беру керек? Үкімет пе? Асқар Мамин бе? Кім?

– Бұл сағым зауыттар соңғы жиырма жылдың ішінде пайда болды. Осы уақыт ішінде қызмет еткен барлық премьерлер мен экономикалық салаларға жауап беретін барлық министрлер жауап беруі тиіс.

Ал қазіргі премьер-министр осы мәселелерді мойындап, «бізге осыны жеткізгендеріңе рахмет, бәрін тексереміз» деп айта алмай отыр. Бұл жоқ зауыттарға халықтың ақшасы жұмсалып жатыр. Елді алдағанша, нақты зауыттарды көрсетпей ме? Үкімет «165 зауыт емес, нақты жұмыс істеп тұрған 50 зауытта көрсетейік» деуі керек еді.

Қазіргі премьер-министр мен индустрияға жауап беретін министр жауапкершілікті мойнына алмай, әділетті айтылған сынға тулап шықты.

Осы жағдайдан соң Мамин үкіметі әлі ұзақ отыра ма?

– Бұл жерде қызық жайт бар. Асқар Мамин Назарбаевтың тұсынан бастап осы лауазымды атқарып келеді. Мамин – Тоқаевтың сенген адамы емес.

Фото: akorda.kz

Тоқаев президент болған соң, Маминді бірнеше рет орнынан алып тастауға оқталды. Былтыр індет өршіп тұрғанда, президент премьер-министрге қатаң ескерту жасады. Жақында ғана вакцинацияға қатысты тағы да сөкті. Президент Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын, бұл бағдарламаны құрдымға жібергенін қадап айтты. Осы сындарға қарамастан ол қызметінде қалып қойды. Өйткені, оның кандидатурасын Кітапхана қолдап отыр. Әзірге.

Күзге қарай үкіметте кадрлық өзгерістер болуы ықтимал. Сол кезде премьер-министрдің де ауысуы ғажап емес. Былтыр да, биыл да президент тарапынан қатаң сынға ұшырағанына қарамастан, орынтағында отыруы – Кітапхананың қолдауының күштілігінен.

Бір анығы, Маминнің жұмысы Президент Тоқаевтың көңілінен шыққан жоқ. Шыға қоюы да неғайбыл. Өйткені, Үкіметтің жұмысында қателік көп.

#үкімет #мамин #отставка
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации