7 Желтоқсан 13:10

Досым Сәтбаев. Демократия, элитаішілік тартыс, сайлау және «зомби партиялар» туралы

Фото:

«Бұл сайлау – партиялар арасындағы бәскелестікті емес, элита ішіндегі тартысты анық көрсетеді. «Ескі гвардия» елде кімнің қожайын екенін тағы бір ұқтырғысы келеді».

Бұл – Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаевтың алдағы саяси науқанға берген бағасы. Ел көкейінде жүрген сауалдарға жауап бере отырып, танымал саясаттанушы сайлау қарсаңында болып жатқан оқиғалардың ұңғыл-шұңғылына үңіліп, түйіткілдерді тарқатып айтып берді.

«Саяси театр емес, цирк» 

– Таяуда елімізде Мәжіліс және маслихат сайлауы өтеді. Кейбір сарапшылар осы уақытқа дейін «парламент сайлауы ерекше болады» деп болжам жасап келген-ді. Алайда сайлауда Нұр Отан мен оның серіктес партиялары ғана қатысатыны белгілі болып отыр. Бұл не? Биліктің  «демократия ойынынан» жалығып, ешқандай оппозицияны (радикалды делініп жүргенді топтарды айтпағанда, конструктивті, тіпті, жалған оппозицияны да) сайлауға қоспауды ұйғарғаны ма?

– Кейбір «сарапшылар» сайлауды белсенді насихаттап, «либерализацияға қарай жасалған алғашқы қадам» деп атады. Алдағы сайлау ерекше болады деп жүр. Бұл биліктің сөзін сөйлеуден басқа ештеңе емес. Өйткені, билікке жалған парламенттік сайлауды осылай көрсету пайдалы. Шындығында бұл сайлау – таңдаусыз сайлау.

Иллюстрация. Фото: ғаламтордан

Тоқаевтың «тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы бір қадам алға жылжу болатын. Былтырдан бері ол еліміздегі саяси үдерістердің белсенді жүретінін, саяси ойыншылардың саны артатынын айтып келген. Бір қызығы, барлық жаңа саяси партиялар қағаз-құжаттарын алып барғанда, оларды тіркеуден бас тартты. Қазір сайлау науқаны алдында ғана тірілетін кілең зомби партиялар қатыспақ. Бағдарламалары ешкімді қызықтырмайды. Бұл партиялардың электораты да жоқ. Оларды белгілі бір идеологияны таңып, жасанды түрде құрған. Мәселен, «Ауыл» партиясына билік «сендер фермерлер мен ауыл тұрғындарының атынан сөйлейсіңдер» деп тапсырған. Бизнес өкілдерін «Ақ жолға» таңып отыр. Біреу оңшыл, екіншісін коммунистер секілді солшыл партия ретінде пайдаланып келеді. Соның кесірінен біз тіпті саяси театр емес, цирк көріп отырмыз. Саяси цирктің басты міндеті – шоу жасау. Бұл шоудың мақсаты – «Нұр Отан» басымдылыққа ие болатын статус-квоны сақтау.

– Праймеризді де шоудың бір көрінісі демексіз бе?

– Өткізген праймериздің өзі – түтін-шымылдық. «Іштей демократизация жүріп жатыр. Құрылымды жаңартып жатырмыз» дегендей. Бірақ «Нұр Отанның» съезі нені көрсетті? Праймеризден өткендердің емес, орталық партиялық желі бойынша тағайындалған 49 адамнан тұратын тізім қызық болып тұр. Бұл адамдардың дені тұңғыш президенттің ескі гвардиясынан тұрады. Осы жүйені бұрынғы қалыпта қалғанын қалайтын элитаның бір бөлігі. Негізгі мақсат – «Нұр Отанның» монополиясын сақтау, парламенттің толықтай ескі гвардияның бақылауында болуы.

Мәселен, оқыс жағдай болып, Назарбаев саяси сахнадан кеткен жағдайда, парламентті Тоқаевқа қарсы қоюдың әрекеті болуы мүмкін. Әсіресе, ол Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиёевтің рөлін ойнай бастаса...

Өздеріңіз білесіздер, Шавкат Мирзиёев Ислам Каримовтың туыстарын қызметтен кетірді. Айналасын сүзгіден өткізіп алды. Өз элитасын құрып жатыр. Назарбаевтың төңірегіндегілердің дені осындай сценарийден қатты қауіптенеді. Сондықтан бұл сайлауды өткізуде партиялық бәсекелестік көзделіп отырған жоқ. Себебі, бәсекелестік деген атымен жоқ. Менің ойымша, элита ішіндегі жағдай басты орынға шығады. Дариға Назарбаева саясат сахнасына шығуға ұмтылып отыр. Бауыржан Байбек өз позициясын нығайтуға бел шешіп кірісіп жатыр. Өйткені, ол кітапханаға жақын адам. Билікпен ым-жымы жоқ, тәуелсіз сарапшылардың дені бір ауыздан «праймериз ең алдымен Байбекке керек» болғанын айтады. Оны желеулетіп, «Нұр Отанның» ішінде сенімді адамдарды төңірегіне топтастыруды көздеген тәрізді.

– Мақсат не сондағы?

– Назарбаевтық Қазақстанның сақталғанын қалаушы консерваторлар өз позицияларын нығайтуды көздеп отыр. Тоқаев бастаған демократия ойыны оларға ұнамайды. Ол ойынды ойнағысы келмейді. «Болды, жігіттер, жетер. Барымызды сақтайық», – дегенді ашық айтып отыр. Назарбаев жақында «демократияға асығудың қажеті жоқ, біз демократияға барар жолда тұрмыз. Жол әлі ұзақ» деген ойын тағы қайталады. Бұл – Тоқаевқа жасалған тұспал-ескерту. Оның адамдары да, командасы да, өзіне толық берілген бюрократиялық аппараты да, саяси партиясы да жоқ. Қазіргі партиялардың бәрі Назарбаевтың кезінде құрылған. Президент әкімдерді сайлайды дегенмен, олар кітапханаға алаңдап отырады. Бір сөзбен айтқанда, Тоқаевтың маневр жасайтын алаңы шектеулі.

Өтемұратов кімнің жағында?

– Шетелде жатқан Әбілязов оппозиция ретінде осы сайлауға қандай да бір ықпал еткісі келетінін анық байқап жүрміз...

– Әблязов жақтастарын бір партияларды қолдауға шақырып жатыр. Билік бұған қатты ызалы. ЖСДП-ны саясат алаңынан кетуге мәжбүрледі. «Ақ жол» да қиындықтарға ұшырап жатыр. Билік мұнысымен Әбілязовты басты қарсыласы санайтынын көрсетті. Қазақстанның ішінде ең алдымен соның жақтастарынан қауіп көреді. Президент өзінің соңғы сұхбатында күтпеген жерден Әблязов туралы өз ұстанымдарын ашық айтты. Өйткені, «Өтемұратов Әблязовқа көмектесті» деген ақпарат пайда болды. Қазір «ескі гвардияның» позициясын нығайтып жатқанын көріп отырмыз.

Ескі гвардия «Өтемұратов Тоқаев жағына шықты» деп қауіптенуі де мүмкін. Кітапханадан сәл-пәл алыстай бастағаны біреулерге ұнамай қалған болар. Өтемұратовқа қарсы ақпараттық толқынның саяси қырлары да болуы ғажап емес. Бұл қызық жағдай!

Екінші жағынан, элита ішінде бәрінің жүйкелері жұқарып жүргенін көруге болады. Назарбаев дәуірі биологиялық тұрғыдан аяқталуға неғұрлым жақындаған сайын, олардың жүйкелері соғұрлым жұқара бастайды. Элита ішіндегі тартыстар, ақпараттық соғыстар көбейе түседі. Статус-квоның сақталуын қалайтындар елімізде жаңа саяси күштерді, саяси партияларды болдырмау үшін барын салады. Парламент пен мәслихаттың тікелей басқарылғанын қалайды. Басты міндеттері – осы. Дегенмен, мұның бәрі ұзаққа бармайды деп ойлаймын. Назарбаев кеткен соң, элита ішінде үлкен өзгерістер болады. Бұған Орталық Азия елдерінің тәжірибесі – жақсы мысал. Бір аспанда екі күн болмайды. Демек, Назарбаев дәуірі аяқталған соң, биліктегі адам жүйені өз ыңғайын қарай өзгертеді. Өзіне лоялды емес тұлғаларды кетіретін болады.

Б.Өтемұратов. Фото: tengrinews.kz

– Демократия ойынына қайта оралсақ, бәлкім, билік болашақта «ыңғайлы оппозиция» жобасын жасауды қайтадан қолға алып қалар. Нұржан Әлтаевтың демаршы туралы не айтуға болады?

– Мұны демократия ойыны демес едім. Бұл – таза саяси технология. Яғни, саясат алаңындағы қандай да бір қозғалыстың иммитациясы. Одан басқа ештеңе емес.

Қазір тек саяси технологияларды көріп отырмыз. Жалған оппозициялық қозғалыстар құрылып, жаңа «қоғамдық қайраткерлер» пайда болып, өзін оппозициялық қосынның өкілі ретінде танытуы мүмкін.

Қосановтың жаңа баламалары пайда болуы ғажап емес. Ондағы мақсат – қарсылықты алаңдарды бөлшектеу, халықтың оппозициялық көзқарастағы бөлігінің пікірін білдіретін жалған оппозициялық құрылымдар құру.

Халық Қосановқа оған сенгені үшін дауыс берген жоқ. Билікке қарсы болғандықтан берді. Сондықтан билік «қосановтың партиясын құрар болсақ, қарсылықты көңіл-күйді бақылап, іштен осылай ірітуге болады», – деп ойлауы ғажап емес. Сондықтан біз келесі жылы қандай да бір бастамаларды көріп қалуымыз мүмкін. 

Тіркеуі бар жалғыз оппозициялық партия сайлауға қатысудан бас тартып, бойкот жариялауға шақырып жатыр. Сіз бұл істің биліктің пәрменімен болғанын тұспалдайсыз. Сонымен, бұл шешімді қабылдаған осы партияның өзі ме, әлде осылай етуге мәжбүрледі ме?

– Партияның өз еркімен шешім қабылдадық деп жариялауы – нағыз саяси спектакль. Бұл – менің пікірім. Өйткені, өз «ұйғарымын» айтқанда, Әблязов туралы қаншама сөз айтылғанына баса назар аударыңыз. Бұл партияны биліктің құрғанын, оған биліктің жетекшілік ететінін нақты көрсетіп отыр. Демек, сайлауға қатысуды немесе қатыспауды да шешетін өздері емес. Әблязовтің ЖСДП-ны қолдайық деуі мұң екен, билік «болды, алаңнан кетіңдер» деп пәрмен бергені байқалады. Демек, партиялық алаңды билік толық басқарып отыр.

«Беларусь сценарийі» бізде қайталануы мүмкін бе?

– «Адал» және коммунистер партиясының қысқа уақыт ішінде қайта тіркеуден өткізіп, партиясының атауын өзгертуге қандай қажеттілік бар еді?

– Нақты әрекет жасай алмаса, оларға қандай да бір жарнамалық акциялар керек. Оларға қозғалыстың қандай да бір иммитациясы керек. Демократия деп айғай салғанымен, парламент сайлауына «зомби партиялар» келіп жатқаны біртүрлі көрінеді. Сондықтан жеңіл жолды таңдап отыр. Егер ішін өзгерте алмасаң, тым болмаса, сыртқы қалыбын өзгерту керек. Шындығында, ешқандай мазмұны өзгерген жоқ. Өзгеріс бар деп, халыққа көрсету үшін жасалып жатыр.

– Биліктің жоспары бойынша, «Нұр Отан» қандай партиялармен парламент орынтақтарын бөліседі? Қандай партиялардың мүмкіндігі зорырақ?

– Екінші орын алған партия парламенттік оппозиция мәртебесіне ие болады. Сонда қалай, парламентте оппозиция бар да, саясат алаңында жоқ болғаны ма? Мұның өзі біздегі институттардың бәрі қолдан жасалғанын көрсетеді. «Нұр Отанның» жалғыз бәсекелесі болады. Ол – не «Ақ жол», не «Адал». Осы екі партия бір-бірімен парламенттік оппозиция мәртебесіне ие болуы үшін бәсекеге түседі.

– Кейбір сарапшылар «бізде сайлаудан кейін беларусь сценарийін жасауға ұмтылыс болады» деп болжап отыр. Оған сенсек, қарсылықты элита қазірден іске кірісіп кеткен көрінеді. Мәселен, «Саакашвили секілді тұлғалармен кездесу өткізіп жатыр, Сорос қоры бақылаушыға тренингтер өткізіп, белсенді әрекетке көшкен» деушілер бар. Сіздің болжамыңыз қандай?

– Қосанов Тихоновскаяға аздап ұқсағанда, бізде беларусь сценарий былтыр жүзеге асуы ықтимал еді. Мұндай мықты үдеріс Беларусьте емес, бізде болар еді. Қазір оппозициялық алаң қатты бөлшектеніп кеткен. Тіпті, былтырғы кезбен де салыстыруға келмейді. Билік жіберген қателігін ескеріп, барлық ойыншыларға тұсау салып жатыр. Бақылаушыларды дайындап жатқан үкіметтік емес ұйымдарға қысымды күшейтті. Өйткені, бақылаушылардың мықты күш екенін былтыр түсінді.

Фото: АР

Бізде төңірегіне топтасатын тұлға табу қиын. Тихоновская саясаткер болмағанмен, символ бола алады. Әзірге мен жалпыұлттық деңгейде оппозициялық көңіл күйдегі топтарды біріктіре алатын тұлғаны көріп отырғаным жоқ.

– Соңғы кездері билік басында қызық жағдайлар болып жатыр. Зейнет демалысына кеткендер қайта қызметке оралуда. Мәселен, Әділбек Жақсыбековты мысал ретінде алуға болады. Дариға Назарбаева болса, қайтадан «Нұр Отанның» партиялық тізімінен табылды. Болат Өтемұратовтың төңірегіндегі дау-дамайдың құпиясы көп. Мұның бәрі нені көрсетеді?

– Бұл элита ішіндегі кикілжіңдердің жаңа толқыны байқалып келеді. Ескі гвардия күш алды. Кітапхана күшін жұмылдырып жатыр. Мұндай жағдайда біреулер шабуылдың нысанасына айналады. Ел тарихында мұндай жағдайлар көп болды. Бір кезде Рахат Алиев, Аслан Мусин, Иманғали Тасмағамбетов те нысанаға іліккен. Бұл да – ресурстар мен ықпал үшін күрес. Ірі бәсекелесін жолдан тайдыруға ұмтылыс. Назарбаевтың өзі «элита ішіндегі үдерістерді бақылап отырған – мен, кімнің көтеріліп, кімнің құлайтынын анықтайтын да – мен, бұл жүйеде қолсұғылмайтын адам жоқ» дегенді тағы бір ұқтырып алғысы келген тәрізді. Зейнетке кетіп, қайтып келген Әділбек Жақсыбеков – Назарбаевтың үзеңгілес серігі. Мұнымен «кітапханашы» елде екі билік орнамағанын анық көрсеткісі келеді.

Тегтер: