4 Маусым 15:26

Досым Сәтбаев: Ақырында осылай боларын билікке ескерткенбіз!

Фото:

Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин «Еуразиялық экономикалық одақ Батыстың санкцияларына қарсы ұжымдық жауап әзірленіп жатыр» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл жауап ДСҰ нормалары тұрғысынан заңды болуы тиіс.

Бір қызығы, осы одақтың мүшесі Қазақстан тарапынан бұл мәлімдеме жайында бірде-бір ақпарат жоқ. Ресей сыртымыздан тон пішіп, жеке дара шешім қабылдап жатыр ма? Жоқ әлде, Ақорда Ресейдің шашбауын көтеріп, қолдайық деп шешім қабылдады ма? Бұл мәселе Парламентте талқыға түсіп, осындай ұйғарым жасалды ма? Мұндайды құлағымыз шалмады.

Есесіне, тәуелсіз елдің мүддесіне қайшы осындай мәлімдемелер сарапшыларды қатты алаңдатып отыр. Соның бірі – Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаев.

«Мұндай мәлімдемелердің пайда болуы 2014 жылы билікке жасаған ескертуіміздің дұрыстығын тағы да бір мәрте дәлелдеп беріп отыр. Бізді барынша өзгелердің геосаяси ойындарына тартуға ұмтылатынын айтқанбыз кезінде», – дейді сарапшы.

Енді міне, айтылған болжамдар орындала бастады. Досым Сәтбаевтың пікірінше, Мәскеу үшін ЕАЭО жобасы о бастан  экономикалық емес, саяси одақ болды. Бұл Ресейге бірыңғай саяси кеңістік құру үшін керек.

«Мұны тек саяси көрсоқырлықпен ауыратын адамдар ғана көре алмайтын еді. 2014 жылдан бері Қазақстанның сарапшылар қауымдастығы билікке бірнеше рет ескерту жасаған. Бұл интеграциялық жоба жолай түсіп қалуға болатын пойызды еске түсіретін. Кейінірек ол сүңгуір қайыққа айналады. Сосын кейбір ЕАЭО-ға қатысушылардың геосаяси амбициясының шыңырауына алып кетсе де, одан түсіп қалу қиын болады», – дейді саясаттанушы.

Айта кететін жайт, көрші Өзбекстан байыпты саясат ұстанған. Толыққанды мүше ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге асықпай, тек қана бақылаушы болып қалды. Осы арқылы өзінің экономикалық тәуелсіздігін сақтап отыр. Маневр жасайтын алаңы да кең. Бастысы – өз тауар өндірушілерін қолдауға және буынын бекіте түсуге уақыт ұтты.

Путин мен Мирзиеев.

«Біз Жаңа қырғи-қабақ соғыс жағдайында Ресей мен Батыстың арасында кикілжің тек үдейтінін және ұзақ уақытқа созылатынын ескерттік те. Ресейдің сыртқы саясатының текетірес үлгісі «кім бізбен бірге емес, сол бізге қарсы» деген қағидатқа жақындайды», – деп бағалайды Досым Сәтбаев.

Оның пайымдауынша, Ресейдің Батыспен текетіресінің нәтижесінде геосаясат алдыңғы орынға шығып, экономикалық мүддені соңғы сөрелерге ығыстырып тастады.

«Біздің іргемізде қолына бәтеңкесін алып, үстелді тоқтақтап, бүкіл әлемге «көресіңді көрсетемін» деп айғай салатын Хрущевтің кезіндегі Одақты еске түсіретін мемлекет жетіліп келеді. Бұл біздің еліміз бен басқа да посткеңестік ойыншылар үшін о бастан үлкен қауіп төндіреді. Бұл елдер Кремльдің салдарын болжауға келмейтін кезекті геосаяси авантюраларының құрбаны болуы ғажап емес», – деп есептейді сарапшы.

Хрущевтің бәтеңкесі.

Осы тақылеттес жайт ҰҚШҰ аясында да анық көрініп отыр. ҰҚШҰ-ның бас хатшысы болған Николай Бордюжа тарапынан да осындай мәлімдемелер жасалған болатын. Украинадаға оқиғалардан соң Ресей мен НАТО арасындағы кикілжіңдер басталған кезде ол ҰҚШҰ НАТО-ны қауіп деп танып, Ресейге сөзсіз қолдау білдіруі керек деп ашық айтқан еді.

«Кремльдің идеологтары ЕАЭО мен ҰҚШҰ бойынша әріптестерін осы әлемге қосқысы келеді. Ресейдің «геосаяси жалғыздығы» жеңілдеуі үшін. Мұны 2018 жылы «Ресейдің геосаяси жалғыздығы Қазақстанға қатер төндіреді» деген мақаламда айтқан болатынмын», – дейді Досым Сәтбаев.

Сарапшының айтуынша, бұл көп векторлық сыртқы саясаттан шығатын қазақстандық әскери доктринаға кереғар келеді. Ресейдің СІМ-інің басшысының орынбасарының мәлімдемесі түрлі экономикалық ойыншылармен ынтымақтастыққа бағытталған еліміздің экономикалық мүдделеріне қайшы. Соның ішінде халықаралық экономикалық қатынас саласы да бар.

Тегтер: