5 Шілде 17:27

Берік Сұлтан: Жоспар – төрт салмақта әлем чемпионы болу!        

Фото:
Қазақтың атын әлемге танытып жүрген екі боксшы бар. Бірі – Геннадий Головкин, екіншісі – Жәнібек Әлімханұлы.

NEGE тілшісі Жәнібектің жанында күндіз-түні жүріп, әрбір сәтін қалт жібермейтін менеджері Берік Сұлтанмен әңгімелескен еді.

– Белгілі боксшы Жәнібек Әлімханұлының жанында жүргеніңе біраз жыл болды. Әу баста ұсыныс кімнен түсті?

– Мұхит асып, қазақ бокс стилін тарихта қалдыру әрекетімізге биыл тура төрт жыл болды. 2018 жылы аты аңыз промоутер Боб Аруммен келісім шарт жасасып, АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегімізді өткізген едік. Құдайға шүкір, мансабымыз өзіміз ойлағандай, жоспарлағандай болып жатыр.

Жоспарлағандай дейтінім, Жәнібек екеуміз АҚШ-қа аттанбас бұрын бүкіл жоспарды қағазға жазып, мақсатты нақтылап алғанбыз. Ерінбедік, салғырттыққа салынбадық. Бір жылда қанша жекпе-жек өткізетінімізден бастап, қай уақытта рейтингке кіруіміз керек, қанша жұдырықтасудан соң аймақтық титулдар алатынымызға дейін түгел талқылап, жазып қойғанбыз. Тіпті телеарналарға сұқбат беру, ауыл-ауылдағы бокс залдарын аралау мен жанкүйерлермен жүздесетін уақыттар да біздің дәптерде түртулі.

Ұсыныс кімнен түсті дейсіз бе? «АҚШ-қа барайық, әлемді шулатайық» деп Жәнібекке мен ұсыныс айттым. Ал, Жәнібек: «АҚШ-қа барсақ, көптің бірі болмайық. Тарих жасайық, бірнеше салмақтың чемпионы болайық», – деп, ұсынысымды қабыл алды. Екеуміздің ойымыз да, мақсатымыз да бір болған соң, қазір міне, әлемді шулатып жүрміз.

Төрт жылдың ішінде тарих жасадық. Жәнібек WBO тұжырымы бойынша чемпион болған тұңғыш қазақ атанды. Лас-Вегаста, үлкен шоудың басты жекпе-жегінде жұдырықтасты. 90 миллиондық аудиториясы бар ESPN арнасы Жәнібектің жекпе-жегін тікелей эфирде көрсетті. Америкалық атақты журналистер бокс залына келіп, сұқбат алып, командамыз туралы деректі фильм түсірді. Бұрын мұндай оқиғалар атақты чемпиондарда ғана болатын еді, бүгінде міне, өзіміз осы сәттерді бастан кешіп жатырмыз.

22 мамырда Жәнібек WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» әлем чемпионы атанды. Әрине, бұл оңай жолмен келген жоқ. Жалпы, Жәнібектің күн тәртібі қалай басталады? Дайындық барысына қалай күш салады?

 Чемпион болу оңай емес. Чемпиондық жолда қаншама қан мен тер жатыр. Ұйқысыз түндер, жұқарған жүйкені айтпай-ақ қояйын. Сырт көзге бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. «Ақшасы бар атақты промоутерлік компания, талантты боксшы... чемпиондық шоу ұйымдастырудың несі қиын? Не кедергі?» дегендей сұрақтар туатын шығар. Жауап берейін: өте қиын. Мүмкін америкалық немесе мексикалық болсақ, бұдан да ерте чемпион болып қояр ма едік, кім білсін?!

Қазақстаннан келген қазақ баласының топты жарып шығуы үшін, әлемге өзінің бар екенін, кім екенін көрсету үшін өте көп жұмыс істелуі керек. Рингтің ішіндегі жекпе-жектен бөлек рингтің сыртындағы «жекпе-жектер» бар. Алдымен сол айқастан өтесің.

Америкалықтар үшін бокс – бизнес. Барлығын өздеріне ыңғайлы етіп жасағысы келеді. Біз үшін бокс – жазылса өшпейтін тарих дәптері. Оны былғағымыз келмейді. Сол үшін де ақырын жүріп анық басамыз, сол үшін де бір күнде алты сағат жаттығу жасаймыз. Жалпы, бір жекпе-жекке дайындыққа екі ай уақыт кетеді. Таңертең үш, кешке үш сағат жаттығу. Үш қарсыласпен жүз раунд спарринг болады.

– Бұған дейінгі жекпе-жектерінің ішінде аса қиын болған немесе естен кетпейтіні бар шығар. Сол туралы айтып берсең...

Біз үшін осы уақытқа дейін ешқандай жекпе-жек қиын болмаған, болмайды деп сенеміз. Себебі жүз пайыздық дайындықпен шығамыз. Қиындықтың барлығы жекпе-жекке дайындықта болады.

22 мамырда болған жекпе-жекке дайындық лагері естен кетпейді. Төрт ай дайындалдық. Үш қарсылас жұдырықтасудан бас тартты. Төртінші қарсылас Дэнни Дигнум келісім шартқа қол қойды дегенді естігендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. О, заманда бұ заман, боксшылардың «жарайды, жұдырықтасамын» деп келісім шартқа қол қойғанына қуанамын деп ойламаппын.

Қарсылас бар. Дайындық қызу жүріп жатты. Жекпе-жекке екі апта қалғанда Жәнібек қолын ауыртып алды. Сынды деп ойладым. Ісіп кетті. Бірден дәрігерлерге тексерттік. Құдай сақтап, сынбапты. Сонша күткен чемпиондық жекпе-жек еді. Қолы жазылмай қалмас па екен деп уайымдадым. Ауырғанды басатын, ісікті кетіретін қандай дәрі бар, барлығын жақтық. Жазылмады. Сол ауырған қолымен рингке шықты. Құдай қолдап, екінші раунда қарсыласын құлатып чемпион атанды.

– Боксшының алдағы мақсаты, жоспары қандай?

Келесі жылы өз салмағымыздың барлық белбеуін жинауға барынша әрекет етеміз. Егер басқа тұжырымның чемпиондары жекпе-жекке шыққысы келмесе, жоғары салмаққа көтерілеміз. Жоспар – төрт салмақта әлем чемпионы болу!        

– Спорт саласында біраз уақыттан бері жүрсің ғой, бұл саланың ішкі дүниесін түсінесің. Сен білген шындық қайсы?

Спортта екі-ақ жол бар. Бірі – жетістікке жету, екіншісі – мансабыңды аяқтау. Жетістікке жету үшін табандылық керек. Мен білген шындық осы. Бізде мықты спортшылар мансабын ерте аяқтап, күзетші боп кетуінің басты себебі табандылық танытпауында деп ойлаймын. Қиындықсыз тер шықпайды, тер шықпай жеміс жоқ.

Біз АҚШ-қа қарызға ақша алып кеткенбіз. Ешкім қолдап, қалтамызға доллар салып, белімізді буған жоқ. АҚШ-қа барып алып, жекпе-жекке дайындыққа демеуші таппай, тағы да қарыз алғанбыз. Қиындық көріп, оған сабыр етіп, мақсатқа жету жолында табандылық таныттық.

Әлі де қаржылық қиындықтар бар. Бірақ бұйырса, бәрі реттеледі деп сенемін. «Дайындыққа ақша жоқ» деп жата берсек, «қиналып кеттік» деп ауылға қайтып кетсек, бізге біреу QAZAQ STYLE-ды насихаттап, тарих жасап бере ме? Елге қайтып кеткенімізде Жәнібек бапкер, мен бір телеарнада журналист боп жүрер едім.

Өзің елге демалысқа келген екенсің. Біз сенің қошқар бағатыныңды әлеуметтік желі арқылы білеміз. Асыл тұқымды қошқарға деген қызығушылық бала кезіңнен бар ма?

Әр адам әртүрлі демалады. Біреу клубқа барып билейді, біреу теңізде шомылып демалады. Мен қошқар бағып демаламын. Қошқарлардың жем жегенін көруден, естуден рақат аламын. Миым тынығады. Апта сайын қозыларымның бойы мен салмағын өлшеймін. Әлемде қошқар баққанды жақсы көретін адамдардың үздік бестігіне кіретін шығармын. Жем-шөбінен ақшаны аямаймын. АҚШ-тан түрлі витаминдер әкеліп беремін. Сол үшін де менің қошқарларым сұлу әрі қымбат. Үш жыл болды, хоббиім – қошқар бағу.

– Кітап жазып жатырмын деп едің. Бұл кітап не туралы?

Кітабым туралы көп адам сұрап жатыр. Әлеуметтік желіде белсенді болған соң, ара-тұра кітап жазып жатқаным туралы айтып тұрамын. Қазірдің өзінде әлі шықпаған кітабымды алдын ала сатып алғысы келетін оқырманым өте көп екен. Соған қатты қуандым.

Көп адам естісе сенбейтін, көрсе таң қалатын оқиғалар бастан өтіп жатыр. Кәсіби жазушы емеспін, бірақ барынша заманауи етіп бір тамаша кітапты жазып бітіп қалдым. Тамаша деп қорықпай, сенімді түрде айта аламын. Себебі, бұл менің ғана пікірім емес. Әртүрлі стильде жазатын бірнеше жазушыға тексерттім. Пікірін сұрадым. «Шығаруға тұрарлық дүние ме?» деп сұрақ қойдым. Мұндай дүниені тездетіп шығару керек деді. Бұйыртса екі-үш айда шығып қалатын шығар. Қазір үтір-нүктесін тексертіп, сыртқы дизайн жұмыстарына кірісіп кеттік. Кітаптың не туралы екенін оқырман оқығанда білсе деймін! Бірақ, кітап бокс туралы емес.

Тегтер: