15 Қаңтар 13:07
...

Берік Әбдіғалиұлы: Билікке енді бұрынғыдай жұмыс істеуге болмайды!

Фото:

Елімізді үлкен өзгеріс күтіп тұр. Оның бағыт-бағдарын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Мәжіліс отырысында анықтап берді. Экономикалық өзгерістерден бөлек, саяси құрылым да түрленуі тиіс. Онсыз бұлғақтың алдын алу мүмкін емес. Бұл өзгеріс қандай сипатта жүруі керек? Не өзгеруі керек? Қалай жасалуы керек? Бүгінгі күннің басты сұрағы – осы. Бұл мәселе төңірегінде Мәжіліс депутаты, мемлекетшіл азамат Берік Әбдіғалиұлы Nege.kz порталына пікір білдірді.   

– Қазіргі ахуалда жұмыс түбегейлі өзгеруі керек. Халық наразылығы, қақтығыс осыны көрсетті.

«Жаңа Қазақстанда ояндық» дейміз. Президент өзі жеке жауапкершілікті мойнына алды. Нақты саяси міндеттер қойып жатыр. Үкіметтің, Парламенттің жұмысын өзгерту керек. Партиялар да өзгеруі тиіс. Әсіресе, «Нұр Отан» партиясы. 

Халық пен билік арасындағы қатынас қайта құрылуы ләзім. Бұл – заманның талабы. Қоғам өзгеріс күтіп отыр. Ол өзгерістер болмаса, Президент көтерген мәселелерді бір жақты етіп шешпесе, ел сенімін ақтамаса, халықтың көңілі қалуы мүмкін. 

Мұны қалай өзгертеді? Үкіметке екі апта мерзім берді. Парламентте заң жобаларына талапты күшейту міндеті тұр. Қазір бір қорытынды жасап жатқан шығар. Басты нәрсе – бұрынғыдай жұмыс істеуге болмайды!

Үкімет те, Парламент те, «Нұр Отан» да, «Ақ жол» да, басқа партиялар да халықтың алдында беделін түсіріп алғысы келмесе, мұны жақсы ұғынуы керек. Өйткені, талап қазір мүлде бөлек. 

Заң талабына сай келсе, партия ашамын дегендерге де кедергі жасамауы керек. Тіпті, жиырма партия болсын. Ең бастысы, азаматтардың біріккені, саяси ұйымдардың болғаны дұрыс. Кешегі көтерілісте, шеруде халықты ұйымдастыратын оппозициялық күш те болмады. Қоғамдық лидерлер де болмады. Оларға қоғаммен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Азаматтық қоғам дегеніміз – осы. 

Сайлау кезінде жалаң ұран көтеретіндер де, халықтың мұң-мұқтажын айтатын да жігіттер бар. Көпшілік әлі біле бермейтін көшбасшылар да бар. Ел тыңдайтын, сөзіне тоқтайтын тұлғалар да аз емес. Олар болашақта парламентке де, жергілікті мәслихаттарға да келуі қажет деп есептеймін.

Тегтер: