29 Наурыз 16:19

Бекшин шындықты айтудан НЕГЕ қашты?

Фото:

Өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыға арнайы іссапармен келген. Оның бұл сапары тектен-тек емес. Себебі, соңғы бір айдың ішінде «қызыл» аймаққа кірген Алматыда вирус жұқтырғандардың саны көбейіп кетті.

Бізге жеткен дерек бойынша, Алматы қаласы әкімдігі мен бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин қаланы жауып тастамау үшін Covid жұқтырғандар бойынша шынайы мәліметті жасырып-жауып отырған көрінеді.

Б.Сағынтаев

Эпидемиологиялық ахуал нашар екенін неге ашық айтпайды? Оған мына таяуда Алматы қаласындағы коронавируспен ауырған науқастарды емдейтін жұқпалы аурулар аурухананың жансақтау бөлімінде түсірілген сурет дәлел. Мұнда осыдан 10 күн бұрын 59 науқас жатса, қазір 145 адамға көбейген. Оның 8-і ИВЛ аппаратқа қосылған.

Қазір ауруханада жатқан 2746 адамның 35-і аса ауыр халде, 257-сі ауыр және 2451-і орташа ауыр халде ем алуда. Ал үйінде ауырып жатқан 3057 адамның қандай күйде екенін ешкім білмейді.

Жалпы, қала бойынша 139 жансақтау төсек-орны бар. Қазір мұның санын арттыру жоспарланған. Себебі, мамандар коронавирустың жаңа штамы адамға тез жұғады деп дабыл қағуда. Тіпті, 14 жасқа дейінгі балалардың да вирусты жұқтыру көрсетіші екі есеге көбейген. Ем алып жатқан 2746 адамның 133-і бала. Егер сақтық шараларын қатаң қолға алмасақ, жағдай былтырғы көктем-жаздан да қиын болатынын жасырып отырған жоқ.

Тілшіміз И.С.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы ауруханаға вирус жұқтырғандарды әкеліп жатқан жедел жәрдем қызметінің ұзын-сонар кезегі туралы сауал тастады. Тіпті, «кейбір ауруханаларда вируспен ауырған науқастарды қабылдамай, жедел жәрдем көліктерін қайтарып жатыр» деген ақпарат тарады.

Бұл сауалға сырғытпа жауап берген қала әкімі Б.Сағынтаев: «Мұндай кезек бір рет қана болған, қазір кезекші бөлімдер жедел жәрдем көлігін ауруханалардағы бос орынға қарай жүйелеп, кезекті ретке келтірді. Қазір дәл суреттегідей кезек жоқ. Былтыр салынған үш модульды ауруханадан бөлек ковидке шалдыққан қала тұрғындарын Орталық клиникалық аурухана мен №1  қалалық аурухана да қабылдайды. Ал оларға жоспарлы түрде қаралуы тиіс өзге сырқаттар басқа ауруханаларға жіберіледі», – деді.

Кеше тілшіміз «Қаланы жауып тастамасын деп, аурулар саны екі есе азайтылып жатыр ма?» деген сауалды қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қоймақ болған. Сұрақтар қабылданатын арнайы WhatsApp нөмірге де сауал жолданды. Тікелей эфирдің телефон нөмірін де теріп көрді. Алайда байланысу мүмкін болмады.

Бүгін тілшіміз Алматы қаласының бас санитар дәрігері Ж.Бекшинге қоңырау шалды. 

Жандарбек Бекшин: 

Уақытым жоқ...

– Жандарбек Мұхтарұлы, қаланы жауып тастамас үшін аурулар саны екі есе азайтылып жатқаны рас па? 

– Қазір уақытым жоқ. Уақыт тығыз. Бүгін «Алматы» телеарнасында брифинг болады. Сауалды сонда жіберіңіз.

– Бұл сауалды кеше әкімге де қоя алмадық...

– Әрбір интернет порталына жауап беретін уақыт жоқ. Кеше демалыста да жұмыс істедік. Қаншама адамнан хабарлама келеді. Оны қарау мүмкін емес.

–  Бір ғана сұрағым бар. Сіздер статистиканы азайтып көрсетіп жатырсыздар ма, жоқ па?

–  WhatsApp нөмірге жазыңыз.

Осы кезде жауап беретін уақытыңыз кетті ғой...

–  ...

Бас сантиар дәрігер Бекшиннің «жауабы» осындай болды. Тілшіміз сауалды WhatsApp нөмірге де, хабарлама күйінде де жіберді. Бекшин сауалды оқыды, бірақ ләм-мим деген жоқ. Бұдан қандай ой түюге тиіспіз?

Тегтер: