11 Қазан 15:47

Балғабек Мырзаев: Лаңкестер өзін-өзі жарып жіберуге əйелдерді пайдаланған

Фото:

Еліміз соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейткені белгілі. Себебі, жат діни ағымдар шекарадан ентелей кіргені былай тұрсын, әрбір отбасының есігінен сығалайтын жағдайға жетті. Оларды еркіне жіберіп алсақ та, кешеуілдетіп болса да, тура он жыл бұрын бірқатар заң қабылдадық. Алайда, қазіргі діни жағдай қалай? Біз осы мәселеге қатысты көкейдегі сауалымызды «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаевқа қойған едік.

– Балғабек Әбдіқайымұлы, елімізде дәл қазір діни ахуал қандай деңгейде? Кезіндегі жан-жақтан қаптаған мисионерлік ағымдардың дүрбелеңі басылды ма, әлде олар әлі де астыртын жұмысын жүргізіп жатыр ма?

– Әлбетте діни ахуалдың нақты күй-жайын бізге қарағанда дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті органдар нақтырақ білетін шығар. Алайда, біз де дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында өңірлерге шығып тұрамыз. Барған жерлерімізде халықтың әртүрлі топтарымен кездесулер өткізіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдаймыз. Сол кездесулерден байқағаным, елдегі діни ахуалдың жағдайы жақсарып, теріс бағыттағы діни ағымдардың ықпалы әлсірей бастағаны сезіледі. Дегенмен, кейбір радикал ағымдардың астыртын жұмыс жүргізіп отыруы әбден мүмкін. Әрине, құқық қорғау органдары да бүгінгі күні тәжірибе жинақтап, олардың басқан қадамдарын жіті бақылауда ұстап отырғандарына да сенімдімін.

– Бір кездері жат ағымның жетегінде кеткендер соғыс өрті қаулаған Сириядан бір-ақ шықты. Қазір де жат ағымның жетегіне еріп кететіндер көп пе?

– Сирия мен Ирактың өздері жаулап алған аймағында құрылған ИШИМ (ИГИЛ – Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті – ред.) халықаралық террористік, діни экстремистік ұйымының экстремист-жанкештілерінің лаңкестік әрекеттері жазықсыз мұсылмандардың ажал құшуына себеп болып, ислам әлемінің наразылығын туғызғаны белгілі. Ең алдымен осы ИШИМ-нің исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын және оның қоғамға қаупі туралы түсіндіре кетейін.

ИШИМ «Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз!» деген ұранмен бірқатар мемлекеттен жиналған заңсыз қарулы топтар арқылы Ирак жəне Шам елдерінде діни дүрдараздық пен бүлік тудырды. Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақырды.

Олар ғаламтор бетінде дүниежүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне видео материалдар жариялап, адастырды. Ал енді ИШИМ содырларының ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екеніне көзіңіз жетеді.

– Сонда Ислам адамзатты бірлікке шақырып, достыққа үндесе, ИШИМ-діктер қарулы шайқасқа, қанды соғысқа үндейді ғой...

– Әрине. Бұлар – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, әйелдерді жыныстық құлдықта ұстау, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар. Сонымен қатар, ИШИМ Ирактағы шейіт, христиан, түркімен, күрд, иезид сынды этникалық әрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төкті. Сондықтан Құран ұстап, ізгілікке ұмтылып көрмеген ИШИМ ұйымы бұзақы, қылмыскер топ, экстремистік ұйым болып танылады. Сондай-ақ, араларында танымал, мұсылман əлемі мойындаған немесе есімі белгілі ғалымдары да жоқ.

Ең сұмдығы, «Ислам мемлекетін» құрушы лаңкестер әлем мұсылмандары үшін қасиетті Қағбаны қиратып, жермен жексен ету керек деген қара пиғылдарын ашық мәлімдеді. Бұл – Исламға деген анық дұшпандық, тіпті мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа жат амал. Тарихта Карматилер Бахрейнде Муминие кентін құрып, қажылықтың батыл сенім екенін алға тарта отырып 930 жылы Меккеге шабуыл жасау арқылы 2000 қажыны өлтіріп, Зәмзәм құдығына тастағанын білеміз. Сонымен қатар, Қағбадан қара тасты алып кеткені де тарихтан белгілі. Бүгінгі ИШИМ Карматилердің сол идеологиясын негізге алған ағым екеніне осыдан-ақ көз жеткізуге болады.

ИШИМ содырларының шектен тыс әрекеттерін, басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади мен оның жақтаушыларын айыптаған және мұсылман әлемінің белгілі жүз жиырмадан астам ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланған еді. Мысыр пəтуа шығару басқармасы ИШИМ террористік ұйымының өзін-өзі жарып жіберуге арналған қаруды қолдануына қарсы пəтуа шығарды.

Пəтуада: «Мұндай қарулар арнайы жасалады. Бүгінде лаңкестер өз мақсатын жүзеге асыру үшін қарудың əйелдерге арналған түрін де ойлап шығаруда. Мұндай қару террористік қақтығыстарда өзін-өзі жару үшін жасалған. Қазіргі таңда лаңкестер өзін-өзі жарып жіберу əрекеттерінде əйелдерді құрал етіп алады. Лаңкестер ол үшін алдымен бір əйелді таңдап алып, оның санасына психологиялық шабуыл жасайды.

Əлгі əйелге өлім туралы жан-жақты насихат айтылады. Қажет болған жағдайда өзін өлтіруге итермелейтін арнайы миға əсер ететін шөптер ішкізеді», – деп айыптады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қазақстан азаматтарының мұсылман елдерінде орын алған соғысқа қатысуына байланысты мәлімдеме жасағаны да белгілі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі мұсылман мемлекеттерінде орын алған келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, тұрақсыздықты, діни жанжал мен алауыздықты айыптады. Содырлардың жасап жатқан əрекеттеріне талдау жасап, олардың ислам ұстанымдарына мүлдем сəйкес келмейтінін баяндады. Олардың тəубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуларын жəне террористік əрекеттерін тоқтатуға шақырады.

– Өз азаматтарымызды елге қайтару үшін «Жусан» операциясы жемісті жұмыс істеді. Жалпы, оларды елге қайтару керек пе, жоқ па?

– ИШИМ ұйым жеңіліске ұшыраған соң, Қазақстан сол жақта содырлардың қатарында жүрген өз азаматтарымызды елге әкелу туралы шешім қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы сәтті аяқталғаны белгілі. Осы күрделі мәселе Елбасы Н.Назарбаевтың және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы жоғары беделінің және еліміздің бейбітсүйгіштік ұстанымы бағытын айғақтайтын бастамалары негізінде жүзеге асты. Қазақстанның халықаралық терроризмге қарсы күрес iсiндe жүргізіп жатқан бeлсeндi сындарлы сыртқы саяси жұмысының нeгiзiндe осы гуманитарлық операция бiрнеше айдың iшiнде жүргiзiліп, қазақстандық арнайы қызметтер мен әскери транзиттiң қатысуымен үшінші елдер арқылы Қазақстанға шығарылды.

Осы тапсырма  шеңберінде «Жусан-1», «Жусан-2»,  «Жусан-3», «Жусан-4»   арнайы операциясы жүзеге асырылып, нәтижесінде Сириядан қазақстандық азаматтарды елге жеткізу бойынша кешенді гуманитарлық «Жусан» операциялары барысында елге жалпы 500-ден астам қазақстандық жеткізілді. Олардың 400-ге жуығы кәмелет жасына толмаған балалар.

Бұл гуманитарлық операция қарулы шиеленіс аумақтарында болған азаматтарымызды тек құтқару ғана емес, сонымен бірге, ең алдымен әйелдер мен олардың балаларының бейбіт елде өмір сүруіне жағдай жасауды көздеді.

Рас, қоғамда «Азаматтарды Сириядан қайтарудың қандай қажеттігі бар?», «Неліктен оларға елге кіруге тыйым салуға болмайды?» деген пікірлер айтылып жатыр. Біріншіден, Қазақстан мемлекет ретінде өз міндеттерін орындай отырып, өз азаматтарымызды елге алып келді.

Екіншіден, бұл азаматтар шетелде қалғанда не болар еді? Содырлар Қазақстанға қарсы лаңкестік іс-әрекеттерін жалғастыра беретін еді.

Үшіншіден, ең бастысы, біз балаларды құтқардық. Шетелде қалып қойған балалар кім болып өсетіні жайлы ойлану қажет. Олар террористер қатарын толықтыратыны анық. Сондықтан балаларды елге қайтару арқылы мемлекет болашақтағы ауқымды мәселені шешіп отыр. Қайтып келген адамдарға еліміздің толыққанды азаматы болып бейімделуіне тағы бір мүмкіндік берілді.

(Жалғасы бар)

Тегтер: