Бағлан Әбдірайымов «ҚАРЫЗҒА» кіріп кетті
«Өмірім өзгелерге сабақ болсын» деген әнші құмар ойынның жетегінде кеткен жылдарын экрандағаны бар. Десе де өнер иесінің соңғы түсірген фильмі жемісті болды дей алмаймыз. Соған қарамастан тағы бір туынды таспалапты. Тілшіміз анық-қанығын өзінен сұрап көрді.
– Бағлан, «жығылған күреске тоймайды» деген бар, тағы бір фильм түсірген екенсіз. Әлде, «басқа варинат» болмады ма?
– Иә, кезекті фильмнің түсірілімі бітті. Бұл жолғысы Qaryz деп аталады. Алғаш таспалаған Zero атты дебюттік жобамның жалғасы. Оқиға құмар ойынның кесіріне негізделгенмен, қоғамдағы қарыз мәселесі айшықты көрініс табады. Сценарий болған оқиғалардың жиынтық желісі бойынша жазылған. Оны қағазға түсіруге үш ай уақыт кетті.
Мәселен, жаназасы шығып жатқан марқұмның табытына жармасып, «қарызымды қайтар» деп аласұрған жанның әңгімесін естуіміз бар еді. Жан түршіктіретін бұл оқиға да біздің фильмде көрініс береді.
Фильм сценариінің авторы әрі режиссері Жандос ҚҰСАЙЫНОВ болса, бас продюсері – өзім. Бұйырса, келер жылы сәуір айының 25-і күні жалпақ жұртқа тарту етеміз.
– Танымал актерлерден кімдер ойнайды?
– Бақытжан ӘЛПЕЙІСОВ, Дулыға АҚМОЛДА, Дина ТАСБОЛАТОВАНЫ шақырдық. Ал басты кейіпкерлер – көрерменге әлі таныла қоймаған жандар. Оны тұсаукесер барысында көретін боласыздар.
– «Көрден басқа барлық жерде шығатын жол бар» депсіз. Сонда қандай тығырықан шығар жолды көрсетесіз?
– Сабырға салып ойланса, кез келген мәселе шешіледі. Бірақ ол үшін адам баласы шынайы тәубәсіне келуі керек. Ондай кезде иманға келу де аздық етеді. Қазақ «көресінді көрмей, көрге кірмейсің» деп текке айтпаса керек.
Фильмде түрлі мәселеге қатысты сюжеттер көрсетіледі. Бұл маған да, ойнаған актерлер мен түсірілім тобының мерейін үстем етеді деген үміттеміз.
«Атқа мінген қазақтың алдынан шықпа, тамтығыңды шығарады» деген аталы сөзді алға тартып, көкпарды да кадрға алдық. Көрген кезде көрерменнің делебесі қозып, қазақ екенін мақтан тұтса екен деген ой болды. Қазақтың жігіттері аттан түспесе екен деген ниетпен рухани серпіліс бере отырып, отбасы құндылығын да насихаттауға тырыстық.
– Жігіттер демекші, квартеттегі әріптестеріңіз фильмге түсті ме?
– Әрине, топтағы жігіттер барлығымыз бірдей төбе көрсетеміз.
– «Басқа вариант жоқ» сәтсіз туынды болғанын айттыңыз. «Қарызды» түсірем деп қарызданып қалмадыңыз ба?
– Ол фильмде кемшілік монтаждан кетті деп санаймын. Түсірілген оқиғаны жеткілікті дәрежеде ашып бере алмады.
Шыны керек, қызық қылғанда бұл жолы қарызға кіріп кеттік. Түсіру тобы мен түскен актерлерге қарыз болып қалдым. Себебі, түсірілім сағаттары созылып, таспалау жұмыстары 38 күнге созылды.
Одан бөлек үш күндік қосымша түсірілім процесі бар. Ең алғашқы күні таспаланған кадрлер өшіп қалып, қайтадан түсіру қажет болды. Мұның барлығы қосымша шығынды талап ететін жұмыстар.
Сөйтіп, 140 млн теңгеге түсіреміз деп межелеген туындының жарнамамен қосқандағы толық бюджеті 200 млн теңгеге жетті. Дегенмен көңілім тоқ. Себебі, мұндай фильмді қазіргі таңда ешкім түсірмеді деп топшылаймын. Өйткені біз кино заңдылықтарын бұзбадық. Режиссердің талабы бойынша жеңіл-желпіге жол бермедік.
– Қазір кинотетарларда алдыңғы фильміңізге түскен Очоу мен Дариға БАДЫҚОВАНЫҢ киносы жүріп жатыр. Көрген жұрт онда бейәдеп сөздер мен әйел адамға жат қылық жиі көрінеді дейді. Сіз не айтасыз?
– Екі актердің творчестволық тандемі еркекшора қыздардың жандүниесін көрсетеді. Кім болса да бақытты болуға лайықты деген тақырып ашылған. Кино сонысымен ерекшеленеді. Фильм ауылда түсірілген екен, қаладағы көрініс аз. Сол себепті нағыз қазақы көрермендер үшін тамаша картина деп ойлаймын. Фильмнен өрескел ештеңе байқамадым.
– Очоуға «менің киномды жандыра алмады» деген өкпе жоқ па?
– Жоқ, актерлерге ешқандай реніш жоқ. Олар бар болғаны берілген тапсырманы орындайды. Сондықтан ешкімге кінә артпаймын.