7 Қазан 15:23

Бағдат Мұратқызы: Табиғаттың сыйға бергенін бүлдіретіндер НЕГЕ көп?

Фото:

Балаңыз ағылшын тілін мектептен меңгеріп шықты ма? Ата-ана неге қайтадан ақылы оқытуға мәжбүр? Ал адамдар неге табиғатты ластауға құмар? Әрбір түйір тасты қастерлеуге кедергі? Бәлкім, экомәдениет төмен шығар. Осы сынды сауалға сіз де бас қатырасыз ба? Ендеше, мұның жауабын «Jana Dunie» қоғамдық қорымен бірге іздеп көрелік. Бүгінде қор білім беру сапасын жақсарту ісіне де, қоршаған ортаны қорғау жұмысына да белсенді түрде атсалысуда. Бұл туралы  кеңірек «Jana Dunie» қоғамдық қорының бас директоры Бағдат Ақбиева айтып берді.

 Бағдат, «Jana Dunie» қоғамдық қоры қандай мақсатта ашылды?

– «Jana Dunie» қоғамдық қоры 2020 жылы шілде айында құрылды. Қордың мақсаты – жастар әлеуетін дамыту, сапалы білім берумен қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешуді қарастыру. Бір жыл ішінде біраз жобаны қолға алып, атқаруға кірістік. Атап айтқанда, білім беру жобасы аясында ауылды жерлерде «Оқылық» акциясын ұйымдастырдық. Нәтижесінде Оңтүстік Кореяның компаниясы ұсынған инновациялық әдістемесі бойынша мектепке дейінгі балалардың ойлау қабілетін арттыратын креативті, сараптамалық оқу құралдарын сыйға тарттық. Бұл мүмкіндікке Алматы облысы мен Жамбыл облысына қарасты елді мекендердегі мектеп жасына дейінгі мыңдаған бала ие болды. Оларға жаңа әдістеме бойынша жазылған оқулықтарды тараттық. Себебі, әр бала сапалы білім алуға лайық. Әсіресе, ауылды жердегі балалар да игі жақсылықтан қапы қалмауы тиіс. Олардың жан-жақты қырын аша түссек, небір талантты балалар тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз.

Біз осы бағытымыздан айнымай, балаларға сапалы білім беруді қамтамасыз ету шарасын жалғастыра береміз. Балалар – біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңі – солардың қолында. Сондықтан оларға кішкентай кезінен дұрыс, сапалы білім беріп, іргетасын «түзу» қалауымыз керек. Мемлекетіміздің дамуы – жас ұрпақтың білім деңгейіне тікелей қатысты екенін естен шығармау қажет.

 Пікіріңіз орынды. Ал ауылдағы балаларға ағылшын тілін меңгерудің қыр-сырын үйрететін жоба туралы естіп едім. Осы жөнінде толығырақ айтып беріңізші.  

– «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы осы жылдың ақпан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында басталғаны белгілі. Осыған орай, 20 қыркүйектен бастап Қазақстанда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ауыл мектептерінде ағылшын тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша «English ауылда» бағдарламасы жүріп жатыр. Жоба «Jana Dunie» жеке қайырымдылық қорының қаражаты есебінен «Terenoi» онлайн-мектебімен бірлесіп қаржыландырылды. «Terenoi» біліктілікті арттыру курстары мұғалімдермен ағылшын тілін оқытудың инновациялық әдісімен бөліседі.

«English ауылда» ауқымды жобасы шалғайдағы елді мекендерде тұратын балалардың ағылшын тілін меңгеруіне басымдық береді. Шынын айтқанда, мемлекеттік мектептерде ағылшын тілінде сөйлеп кету қиын. Яғни, бағдарлама бойынша әр балаға жеке білім беру қарастырылмаған. Сондықтан да балалар мектепте ағылшын тілін дұрыс білмей шығады. Сосын ата-анасы баласын ақша төлеп, арнайы курсқа береді. Бұлай болмауы керек. Егер мектепте оқытылып жатса, ол сапалы болуы тиіс.

Біздің жоба бойынша мамандар мектепте сабақ беретін ағылшын тілінің мұғалімдеріне тілді үйретудің жаңа методикасын мен құралдарын көрсетеді. Мақсат – сапалы білім беру. Біз мұғалімдер мен оқушыларды тестілеуден өткізудің нәтижесінде ағылшын тілін білу деңгейінің орташа екенін анықтадық. Статистика көрсеткендей, ұстаздар да ағылшын тілін тиісті деңгейде білмейтін болып шықты. Одан білім алған балалардың да білім сапасы айтпаса да түсінікті. Сондықтан мұғалімдер бір ай бойы оқып, сөздік қорын дамытады. Жобаның екінші айы ағылшын тілін оқыту әдістемесін дамытуға және онлай-мектептің табысты тренерлерінің тәжірибелерін тапсыруға бағытталған. Сонымен бірге қарашадан бастап келесі жылдың мамыры аралығында осы мектептерде ұйымдастырушылар speaking club ашып, ағылшын тілін оқу бойынша әртүрлі іс-шараларды өткізеді. Олар 2021-2022 оқу жылы бойы біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін мұғалімдер мен олардың оқушылары үшін IELTS әдістемесі бойынша тестілеу өтеді. Сондай-ақ оқушылары тестілеуден ең жақсы нәтиже көрсеткен мұғалімдер марапатталады. Бұйырса, келесі жылдың соңында ағылшын тілі бойынша білім беру жобасының тиімділігі жөнінде мәлімет жинаймыз.

– «Қордың негізгі миссиясы – жастардың әлеуетін көтеру» деп едіңіз. Жастарға арналған қандай жобалар бар?

– Біздің демеушілер қашан да жастарға қатысты бастамаларды қолдауға әзір. Атап айтқанда, Y-peer және Teenergizer волонтерлік ұйымының жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетеміз. Яғни, қор әкімшілік, қаржылық, ұйымдастырушылық жағынан түрлі акциялар ұйымдастыруға жәрдем береді. Ал жастарға келсек, «500 мың теңге грантын ұтып ал» атты жобаны іске қостық. Ол үшін бақ сынаушы 10 қазанға дейін бизнес жоспары мен бюджетін жіберуі керек. Онда жобаның идеясы жан-жақты баяндалуы тиіс. Біз барлық жобаны қарап, ішінен мықты деген үш ұтымды идея мен әлеуметтік бағыттағы тың бизнес жоспарға қаржылай демеу жасаймыз. Олар жобасының презентациясын Алматы қаласында инвестор алдында көрсетеді. Мұнымен қоса, екі жеңімпаз әртүрлі бағыттағы жетекші мамандардан, атап айтқанда, қоғаммен байланыс, маркетинг, заң, кәсіпкерлік туралы кеңес алады. Мұның өзі жастар үшін кәсіп баспалдағы, үлкен мүмкіндік.

– Енді өзіңіз тілге тиек еткен қоршаған ортаны қорғауға қатысты жобаға тоқталсаңыз...

– Біз еліміздің экология жағынан дамуына да белсенді түрде атсалысамыз. Яғни, қоғамда экомәдениетті қалыптастыру да маңызды. Осы тұрғыда қор бірқатар жобаны қатар атқарды. Әуелі табиғаты сұлу өңірлердегі тау-тас арасын тазалап, арықтар мен жартастарды тазарту акциясын ойдағыдай өткіздік. Құз, жартас жағалауына, ағаштарға жазылған жазуларды да өшірдік. Жиек тастардағы «Пәленше, мен сені жақсы көремін» немесе «Айдана+Медет» деген жазуларды көзіңіз шалған шығар. Міне, біз соның бәрін кетіруге, өшіруге тырыстық. Бұл ауқымды экоакцияға айналды.

Бізге еліміздің әр аймағынан әлгіндей жартастары тазаланған, жазуы өшіріліп, ретке келтірілген 40 шақты локацияның фото-есебі келіп түсті. Еліміздегі туризм саласын дамыту, табиғат тазалығын сақтау жөніндегі жоба «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірлесіп жүзеге асты.

Біз Іле Алатауы, «Бурабай» ұлттық паркіне, Қарқаралы, Қапшағай демалыс аймақтарына барып, тастардағы жазуларды өшірдік. Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ескеріп, Қазақстанның барлық өңір халқының атсалысуын қолдады. Нәтижесінде ауқымды акцияны жалғастырған жұрт сенбілікке шығып, жартастарды тазалады.

 «Жұмсақ жүректер» акциясы да қордың төл жобасы ма?

– Әрине, «Жұмсақ жүректер» экологиялық акциясы аясында блогерлермен бірге жануарларды бағатын арнайы үйлерге барамыз. Яғни, жануардың да құқы бар, ол – қорғалуы керек. Осы мақсатта біздің «достарымызды» қорғайтын ұйымдар, қорлармен бірлесіп жұмыс істейміз. Себебі, қазір кейбір адамдардың үй жануарларына қиянат көрсетіп жатқанын күн сайын көріп жүрміз. Олар да Алланың бір жаратылысы.

Сондықтан үй жануарлары да махабаттқа, көмекке зәру. Біз оларға қарайтын арнайы үйлердің жағдайын өз көзімізбен көріп, неге мұқтаж екенін сұраймыз, қолымыздан келгенше жәрдемімізді тигіземіз. Жануарларды азаптап өлтіретін қаскөйлік жайттың қайталанбауы үшін не істеу керектігін талқылаймыз.

– Ашылғанына көп болмаса да, талай жұмысты атқарған екенсіздер. Сіздердің қатарларыңызға қосылатын еріктілер көп пе?

– 1 қазан күні – Отбасы күнін атап өттік. Сол кезде отбасы құндылығы мәселесін көтеріп, отбасы мүшелерінің татулығы жөнінде насихат жұмысын жүргіздік. Шара барысында викториналық сұрақтар ойнатылып, көңілді старт шарасы өткізілді. Сондай-ақ, Алматы қаласының жетекші психологы жасөспірімдердің ата-анасына арнап дәріс оқыды. Шын мәнінде, біздің ірілі-ұсақ жобаларымыз көп. Әрбір қазақстандық қор жобаларынан өзін таба алады.

«Jana Dunie» қоғамдық қоры қарттарды да ұмытқан емес. «Асылжан» медбикелік күтім үйіндегі ата-апаларымызға көзілдірік апарып берсек,  «Аурика» медициналық орталығы серіктес ретінде дәрі-дәрмек бөлді. Сондай-ақ, кішкентай баласымен қиын жағдайға тап болған анаға азық-түлік, киім-кешек жеткіздік. Бізге хабарласып, 4 баланы жалғыз асырап отырғанын айтқан анаға жұмыс тауып бердік

.

Біздің еріктілер «Қайырымды сөре» акциясын ұйымдастырып, мұқтаж жандар үшін азық-түлік себетін таратты. Ал «Мен сенімен біргемін» акциясы аясында еріктілер паллиативті көмек беру орталығындағы балалар үшін киім-кешек жинады. Наздана атты ерікті балалар хосписіндегі шала туған нәрестелерге, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балаларына қымбат тұратын дәрі-дәрмектер апарып берді.
Елімізде жоқшылықтың құрсауынан шыға алмай жүрген отбасы көп. Біз олар үшін киім-кешек жинау шарасын ұйымдастырамыз. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бір аптаның ішінде айтарлықтай киім жиналды. Бәрі де арнайы тізіммен көмекке зәру отбасына жеткізілді. Осы қыруар жұмыстың бәрі еріктілердің арқасында жүзеге асуда. Оның ішінде өте белсенді төрт еріктіге ерекше алғыс айтамын. Бұдан өзге еріктілер ұйымындағы әріптестеріміз де әрқашан көмек қолын созуға дайын.                     

Тегтер: