21 Қараша 09:50
...

Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты: ӘЙЕЛ де адам баласы...

Фото:

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев отбасындағы зорлық-зомбылыққа дәстүр құндылықтары, соның ішінде «исламданудың» әсері бар деген пікір айтты. Бұл туралы тереңірек NEGE тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Азат Тұрлыбекұлы, «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың арғы жағында қоғамда дінді ұстанатындардың көбейіп кеткендігі жатыр» депсіз. Яғни, басқа ағымның жетегінде кеткен отбасылар туралы айтқыңыз келді ме?

– Бұл мәселені арнайы зерттеген жоқпын. Қазір зорлық-зомбылық қоғамда күйіп тұр. Жеке азамат ретінде пікірім осындай.

Біріншіден, соңғы кезде адамдар бір-біріне адамгершілік тұрғысынан емес, жау сияқты қарайтын болды.

Екіншіден, бұған жат діни ағымдардың да ықпалы бар. Себебі, бұрын елімізде жоқ нәрселер көбейіп кетті. Қыз-келіншектердің отбасындағы тәрбиесі басқаша көрініс табуда. Отбасында заңсыздық, әділетсіздік болса да, азаматына бағыну, айтқанынан шықпау деген ұстанымда. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Қалай болғанда отбасын сақтауға бәріміз мүдделіміз. Бірақ зорлық-зомбылықты ашық жасап жатса, әрине, мұнымен келісуге болмайды. Бұл біздің ұлттық дәстүрімізге келмейтін нәрсе.

Қай заманда да әйел бетін тұмшалап, қара киініп жүрген жоқ. Ата-бабамыз ислам дінін либералды түрде қабылдады. Тіпті, өзбектер бізді кезінде мұсылман ретінде мойындамаған.

Дәстүрлі дінімізге жат ағымдардың кіруі, қоғамға сіңісіп кетуі дұрыс емес. Әсіресе, соңғы кездегі қайғылы жағдайдың көбіне осы жат діни ағымдар кері әсер етіп отыр. Мұның артында вахабизм ағымы тұр. Мәселе – сонда.   

Демек, сіз әйелді тұмшалап, үйде отырғызып қоюға болмайды дейсіз ғой.

– Әрине, әйел де адам баласы. Ол да қабілетін көрсетіп, іске асыруы керек. Бала да туып, отбасын да сақтап, сөйте тұра қоғамда тұлға болып қалыптасуға мүмкіндік беру керек. Арамызда қаншама дарынды, талантты әйелдер, қыздар бар. Олардың да арманымен, талап-тілегімен санасу қажет. Шағын және орта кәсіпкерлік саласын қарасаңыз, көбі – әйелдер. Аумалы-төкпелі уақытта еркектер диванда жатқанда әйел қауымы сауда-саттықпен айналысты. Сол уақытта отбасындағы тәрбие мәселесін де ақсатып алдық.  

А.Перуашев. Фото: Sputnik

Президент Республика күні қарсаңындағы баяндамасында құқықтық мемлекет туралы жақсы айтты. Соңғы кезде құқықтық нигилизм туралы жиі сөз болып жүр. Құқықтық нигилизм заңның қажеттілігін, оның қоғам үшін пайдасын жоққа шығарады. Заң мен басқа құқықтық актілерді білмеу, менсінбеу немесе саналы түрде оларды бұзу, дәстүрмен санаспау, адам құқығын таптау түрінде көрінеді. Біз мұндай заңсыздыққа, әділетсіздікке бейтарап қарамай, азаматтық көзқарасымызды ашық білдіруіміз керек.

Әріптесіңіз Марат Башимов «отбасындағы зорлық-зомбылықты ер адамдар ғана емес, әйелдер де тудырады» деді. Бұл пікірді қоғам да, адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар да дұрыс  қабылдаған жоқ. Бұған не дейсіз?

– Білмеймін, ондайлар да бар шығар. Әйелдердің арасында да күш жағынан мықтылары кездеседі ғой. Бірақ отбасында әйелдер тарапынан кикілжіңді туғызатын жайттар сирек. Өкінішке қарай, бұған заңмен санаспайтын, ұлттық дәстүр мен мәдениетті мойындамайтын адамдар жол беріп отыр.

Ал зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалар тек әйелдердің құқығын қорғауға арналған дейді. Бізде зәбір көретіндер де тек әйелдер емес пе? Әлде, еркектер де бар ма?

– Әріптесіміз айтса, бар шығар. Бірақ өзім естіген жоқпын. Яғни, бұлай дейтіндей әлеуметтік тұрғыда үрдіске айналған жоқ.

Керісінше, отбасында әйелдерді ұрып-соғу, балаларға зорлық көрсету оқиғасы жиіліп кетті. Дәл қазір заңнаманы қатаңдатуда осы жағын қарастыруымыз керек.

Біздің қоғамда әдетте әйелдер ер-азаматтарды сыйлап келді. Тіпті, қызбала да, әйел де, кейуана да еркек өтіп кетпейінше жолын кеспеген. Мұны біздің қазақы дәстүрдегі азаматты құрметтеу деп түсінген жөн. Мұның астарында тәрбие, мәдениет жатыр. Қазақ қоғамында еркек пен әйел бір-бірін сыйлаған, құрметтеген.

– Бұл мәселе Бишімбаевтың әйелін асқан зорлықпен өлтіргенінен кейін жаппай талқыға салына бастады. Осындай адамның кезінде биліктің бір тармағында отырғаны өкініш тудырмай ма?

– Бұл жайында өз ойымды айттым. Қуандықпен таныспын. Экономика саласы бойынша білімді азамат. Бірақ алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп бекер айтпаған. Қанша дарынды, білімді болса да, бұл жігіт мінезі жоқ, тәрбиесіз екенін көрсетті. Оған мен төрелік ете алмаймын. Оған халық, заң сот болсын. Бәлкім, жас кезінен басшылық қызметте болғаны мінезіне әсер еткен шығар. Тіпті, оның іс-әрекеттерінде жауапсыздық та бар сияқты.

Қ.Бишімбаев. Фото: Sputnik

«Егер ол бұған дейінгі жазасын толық өтегенде, мұндай бассыздыққа бармас па еді» деген де пікір айтылды. Сіз не дейсіз?

– Бес-алты жыл бұрын бірнеше азамат жемқорлыққа қатысты ұзақ мерзімге қамалды. Бірақ соған қарамастан бір жарым жылда кешірім жасап, бостандыққа шығарды. Сол кезде «Ақ жол» партиясы жемқорлық жасап, аса ауыр баппен сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын бостандыққа шығармау туралы ұсыныс жасаған еді. Мұны Бас прокуратура қолдап, ақыры Қылмыстық кодекске енгізді. Қазір мұндайларды бұрынғыдай ерте шығармайды.

БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400 адам күйеуінің қолынан қаза табады. Соңғы он айда 98 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болса, оның 38-і әйел. Қылмыстық кодекс баптарын бұдан да қатаңдата түсетін уақыт келген жоқ па?

– Әрине, өкінішті. Кез келген жағдайда отбасын сақтауға тырысамыз. Бірақ бұл екі адамның қалауы, таңдауы болуы керек. Жауапкершілік екеуінде бірдей. Өмір болған соң, түсініспеушілік те, реніш те кездеседі. Соған қарамастан кешірімді көзбен қараса, мұндай отбасы сақталады. Ал әйелді өлтіруден бұрын зорлық-зомбылық көрсету, ұрып-соғудың өзі – қылмыс.

Заңды қатаңдату жөнінде жан-жақтан ұсыныс түсіп жатыр. Депутаттар бұл мәселені шешудің жолын қарастыруда. Негізі Қылмыстық кодекстің, Әкімшілік кодекстің баптарында онсыз да зорлыққа, адам өліміне қарсы талап, міндет, жауапкершілік бар.

Адамды ұрсаң, зорлық көрсетсең жауапкершілігің бар. Бар болғаны біз заңды іс жүзінде, өз деңгейінде дұрыс орындамаймыз. Заңның бәрі қағаз жүзінде керемет, бірақ шынайы өмірде басқаша. Құқықтық мемлекет қоғамнан басталу керек.

Шарасыз әйелдер құқық қорғау мекемелерінен ешқандай нәтиже болмаған соң заңдық тұрғыдан, психология жағынан көмекті үкіметтік емес ұйымдардан алады. Яғни, Ішкі істер мекемелері әйелдер тарапынан түскен арыз-шағымды елемей, «екі жақты татуластыруға тырысып бақтық» деп ойлағанмен, ажал құшып жатқандары қаншама. Сіздіңше, Ішкі істер министрлігі қызметіне реформа жасау керек пе?

– Бұл мәселенің бәрін Ішкі істер министрлігінен іздеу дұрыс емес. Меніңше, полиция екі адамның арасында қантөгіс болмаған соң, жанжалды басқысы келетін шығар. Ал жағдайдың ушығып тұрғанын білсе, полиция да өз міндетін атқаруы тиіс.

Шынын айту керек, біздің қоғам – ауру. Қоғамда ұлттық құндылық төмендеп барады. Тағы да қайталап айтам, бұған елімізге, дінімізге жат ағымдардың кері әсері бар. Міне, солармен күресетін уақыт келді.  

Фото: Хабар 24   

Қазақстанда президент атына қылмыстық және әкімшілік заңнаманың отбасылық тұрмыстық-зомбылыққа қатысты тұсын қатаңдату керектігін ашық жазған петицияға қол қойып жатыр. Қол қоясыз ба?

– Депутат ретінде петициясыз да тиісті заңдарға ұсыныс енгіздіре аламын. Мұндай мүмкіндік өзімде де бар. Әрі қарай ұсынысты парламенттегі әріптестерім жалпы отырыста қарастырады. Яғни, заң баптарын қатаңдатуға бастама көтеріп, ұйытқы болуға кедергі жоқ.

Адам құқығын, құндылығын жоғары бағалайтын қоғамға қашан келеміз? Кейбір сарапшылар «ол үшін әлі үш буын алмасуы керек» деген пікір айтты. Сіздің ойыңызды білсек...

– Меніңше, ол күн алыс емес. Осыдан 20-30 жыл бұрын қоғамда адами құндылық әлдеқайда жақсырақ еді. Соңғы он бес жылда жат діни ағымдар пайда бола бастағанда қоғам да дертке шалдыға бастады. Бұдан шығатын жолды депутаттар да, халық та жауапкершілігіне алып, қарастыру керек. Заңды қабылдаған соң оның өмірде қолдану жағына көңіл бөлуі тиіс.

Тегтер: