15 Шілде 14:46

Азаматхан Әміртай: Қоғамға ең керек саяси ұйым – Экологиялық партия

Фото:

Бізде екі мәселе ғана өзекті: экономика, сосын саясат. Ал қоршаған ортаны қорғау, экология салдарынан туындайтын мәселені шешу кейінге ысырылып жүр. Мұның зардабының орасан екенін кім түсінеді? 

Тілшіміз «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртаймен әңгімелесті.

«Жасыл экономика» неге жылжымай тұр?

– Азаматхан Әміртайұлы, «Инвесторлар альянсының» орнына «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы келген еді. Альянс осы уақыт аралығында қандай жұмыс атқарды?

«Инвесторлар алянсынан» «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы қоғамдық бірлестігіне неге ауыстық?! Еліміздің экологиялық жағдайы күрт нашарлап кетті. Қазір біздің стратегиямыз да өзгерді. Бұдан былай іс-шараның бәрі жасыл экономикаға негізделеді. Бұл қандай жобалар?

Бірінші – қоқысты қайта өңдеу. Екінші – мотор майларын, үшінші – қағазды, төртінші – пластик, пакет бұйымдарын өңдеу. Демек, заттың ішіндегісін пайдалансақ, оның сырты да қоқыс болып қалмауы керек. Мысалы, біз су ішеміз де, ыдысын лақтыра саламыз. Шын мәнінде, оны қайтадан өңдеп, пайдалануға болады. Сол кезде қалдық та қалмайды. Қайта өңдеп пайдалану өндірісін дамытсақ, экологиямызды қорғай аламыз.

Сөйтіп, 2016 жылы экологиялық «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігін құрдық. Халықтың көңілін экология мәселелерін шешуге аударғымыз келді. Қазір Экология министрлігі құрылып, Экологиялық кодекс қабылданды. Соңғы кездері елорданы газдандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Қалдықтарды қайта өңдеу, ағаш отырғызу акциясы біртіндеп жүзеге асуда. Атқарылып жатқан мәселе көп. Біз экологияға қатысты түйткілдің бәрін БАҚ-та барынша көтеріп, жұмыс істеп келеміз.

– Экологияны сақтап қалудың бірден-бір жолы – «жасыл» экономика. 2014 жылы «Жасыл экономика туралы» заң қабылданғаны мәлім. Бұл жоба өзін ақтады ма?

– «Жасыл экономика туралы» заң қабылданса да, оның жүзеге асуы мәз емес. Себебі, біз – мұнай мен газға тәуелді мемлекетпіз. Соның арқасында бюджетті толтырып, экспортқа шығарып келеміз. Жасыл экономиканың балама энергия көздері – қалдықтарды қайта өңдеп

 пайдалану, экологиялық таза өнім өндіру жобасы ілгері баспай тұр. Ол үшін мемлекеттің саясаты осы бағытта болуы керек. Яғни, жасыл экономика бойынша жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылуы тиіс. Сонда ғана дамитын сала бұл. 

«Жасыл» экономиканы дамыту барысында табиғаттың экологиялық таза өнімдерін сақтай білуіміз қажет. Халық арасында «экологияға жанашырлық» түсінігін қалыптастыруымыз керек.

Қоршаған орта – табиғаттың бізге берген сыйы. Бұл ешқандай инновацияның көмегінсіз бар нәрсе. Табиғат Анаға құрметпен қарап, аялап, оған бір пайдамызды тигізуіміз керек деген психология­ны жұрт санасына сіңірген жөн. Сонда ғана «жасыл» экономика саласы дамиды.  

– Елімізде өндіріс ошақтарынан пайда табуды ғана көздеп, оны залалсыздандыру жағына, зардабына көңіл бөле бермейміз. Бұл да өткір тұрған мәселе емес пе?

Жер шарындағы адамдар ғылымның жетістігінің арқасында тез дамып, дүниедегі ресурстарды жылдам пайдалануға асық. Ал одан шыққан қалдықтардың экологиямызды бұзып жатқаны маңызды емес. Мысалы, мұнайды өндіру кезінде күкірт, азот бөлінеді. Оның бәрі ауаны ластайды.

Екіншіден, қазір әлемде климат өзгеру үстінде. Ауа райының жылы циклонға өтуіне байланысты Мұзды мұхит суы ери бастады. Бұл ішетін ауыз суға деген тапшылықты тудырады.

Үшіншіден, жердің де экологиялық ахуалы нашар. Біз мұнай өнімдерін пайдаланып, қалғанын жерге шашып-төгеміз. Мұның салдарынан жердің құнарлығы кеміп барады. Есесіне, әлемнің дамыған елдері экологияға зиян келтіретін саланы атымен қолдамайды.

Кәсіпкерлік дегеніміз – экономика. Ал экономика мен экология арасында тепе-теңдік болмаса, өмірімізге үлкен қауіп әкелуі мүмкін. Біз бүгінгі күнді емес, ұрпақтың келешегіне мән беруіміз қажет. Яғни, болашаққа инвестиция салуымыз керек. Көпшілік жіті мән бере бермейтін мәселе – экология қауіпсіздігі.

«Каспий Аралдың кебін киюі мүмкін»

– Қазір еліміздің қай өңірлерінде экологиялық мәселе ушығып тұр? Осы жерде ахуалы қыл үстінде тұрған Каспий теңізі мәселесін айтып өтіңізші.

Экология мәселесі ушығып тұрған өңір көп. Соның ішінде Атыраудағы мұнай-газ кен орындарын атап өткен жөн. Мұнайды қазу, тасымалдау кезінде көп қателік жасалды.

Мысалы, Қытайдың мұнай компаниясы теңіз түбінен канал қазып жатыр. Мемлекет неге рұқсат береді? Мұның түбі экологиялық зардапқа әкелуі мүмкін. Арал мәселесі де талайдан тілге тиек етіліп жүр.

Каспий теңізі мәселесіне келсек, онда қаншама мұнай орны ашылды. Егер ертең жарылыс болса, теңізден айрыламыз. Сол кезде триллиондаған ақша айыппұл төлеуі мүмкін. Бәрі шетелдік инвесторларға сатылып кеткен. Қазір тек ақша табу жағын ғана көздеп жүрміз. Мұнай олигархтары табиғатымызға үлкен обал жасауда. Оның салдарын кім ойлап жатыр?

Қосымша канал қазып, кен орындарын аша берудің қажеті жоқ. Атырауға экологиялық аймақ статусын беріп, кең көлемде қаражат бөліп, оның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал еткен жөн. Атырауда қаншама итбалық қырылып қалды. Оның бәрі сол өндіріс орындарының кесірінен болды. Егер бұлай кете берсе, Каспий де Аралдың күйін кешеді.  

Солтүстік Қазақстанда онкология өршіп тұр. Мәселен, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының жанында кеңестік кезеңде уран өндірген. Қазір жұмыс істемейді. Бірақ Кеңес одағы кезінде радиацияның уын жаймас үшін су шашып тұратын. Уран кен орнының радиациялық зардабы тереңге кетіп жатыр. Бүгінде оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне Маңғыстаудағы өлі көлден радиация табылғанын неміс ғалымдары дәлелдеді. Соның жанындағы ауыл халқы әр түрлі ауруға шалдығуда.

Ақмола облысындағы Калачи ауылының тұрғындары неге ұйқтады? Өскеменнің де экологиялық ахуалы өте нашар. Міне, зардап шегіп жатқан қаншама жеріміз бар. Бізде экологиялық мәселеге толыққанды басымдық берілмей тұр. Ұрпақтың болашағын кім ойлайды? 

Бұдан өзге жер беті суларынан айрылып қалу қаупі бар. Әсіресе, трансшекаралық мемлекеттер арасында геосясат мәселесі туындады. Өзен-сулардан шыққан қалдықты қайта өңдеп, оны жою мәселесі қарастырылмайды. Шашылып, төгіліп жатыр. Қанша рет көтердік. Ешкімнің айналысатын ойы жоқ. Бұл – әжептәуір қаражат пен инвестицияны қажет ететін мәселе. Мысалы, шағын қалалардағы кәріз қалдықтары көл сияқты болып кеткен. Одан метан бөлініп шығады да қатерлі ісіктің туындауына әкеледі.     

Өсімдік пен жануарлар әлемі ше? Қаншама орманнан айрылдық. Оны қалпына келтіруге байланысты ешқандай бағдарлама қабылданған жоқ.

«Жемқорлық пен ұрлық бар жерде жалған көрсеткіш көп» 

– Жыл сайын көлемі артып отырған 6 миллион тонна тұрмыстық қалдықтың 2 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл тұрғыда не айтасыз?

Қазақстанда 161 млн тонна қалдық бар. Бұл жыл сайын 6 млн-ға көбейеді. Оны қайта өңдеу мәселесіне келгенде жұмылған ауыз ашылмайды. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық мәдениет қалыптасқан жоқ.

Ең үлкен мәселенің бірі – тұрмыстық және кәріз, медициналық, өндірістік, құрылыстық қауіпті қалдықтар. Мұның бәрі экологияға зиян. Өртенген тұрмыстық қалдықтан таралатын у көп. Адамның демалуына, ағзасына тигізетін зардабы орасан. Соны пайдаланып, әр өңірдің шенеуніктері мұны бизнес қылып алған. Яғни, жыл сайын мемлекеттен миллиондаған ақша алып, пластик, қағаз өткізетін контейнер қойып, пайда көзіне айналдырды. Бірақ қалдықты қайта өңдейтін процесті атқарғысы келмейді. Себебі, мұның шығыны көп, табысы аз.

Жұмыс істеуге ниет жоқ. Бірақ онсыз тұрмыстық қалдықты толық жоя алмаймыз. Мысалы, Қапшағайға баратын жолдың үстіндегі Әли ауылында тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Жыл сайын өртенеді. Сол кезде көктүтін болып, қаншама көлік соқтығысып жатады. Бұл «Таза әлем» мекемесіне қарайды. Біз осы мәселені көтеріп, «бізге беріңдер, инвестиция құйып, қайта өңдеп береміз» дедік. Бірақ әкімшілік тарапынан қолдау болмады. Жемқорлық пен ұрлық бар жерде жалған көрсеткіш көп. 

– Жақында экопартия құру туралы пікіріңізді айтып едіңіз. Бұл партия экология мәселелерін түбегейлі шешетін партия бола ма?

– Экология мәселелері – ауа, жер, жануар мен өсімдік әлемі.  Бізде экологиялық мәдениет қалыптаспай, ештеңе ілгері жүрмейді. Біз экология мәселесін саяси дәрежеге көтеріп, экологиялық партия құру жоспарын 2014 жылдан бері көздеп келеміз. Мақсат – экология бағытында жұмыс істейтін ұйымдардың басын біріктіріп, түйткілдің заң жүзінде іске асуына атсалысу.

Бүгінде партияның өз тұғырнамасы мен мыңдаған қолдаушысы бар. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне құжаттарды өткіздік. Тіркеуден өтеді деген үміт бар. Қоғамға ең керек партия – осы. Себебі, жасыл экономика, экологиядан туындайтын мәселелерді шешу бірінші орында. Осы мәселені ұлттық кеңестің мүшесі кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде көтердім. Мемлекет басшысы: «Партия бойынша қол жинай аласыз ба?», – деп сұрады. «Ресурс бар, жинаймыз. Парламент сайлауында дауыс жинауға мүмкіндігіміз бар», – дедім. Сол кезде президент өз тарапынан қолдайтынын айтты. Неге десеңіз, экология партиясы әлемдік имидж үшін керек нәрсе. Ол арқылы талай мәселенің шешімін табуға болады.

Тегтер: