23 Маусым 22:39

Әміржан Қосан: Мен НЕГЕ Nege.kz колумнисті болуға келісім бердім?

Фото:

Журналист, саясаткер Әміржан Қосан туралы халықтың пікірі сан түрлі. Біреулер оны «сатқын» санайды. Енді біреулер оның президенттік сайлаудағы әрекетінен «көрегендік» байқайды. Қалай болғанда да, өткен сайлау халыққа үлкен сабақ болды.

Біз кәсіби журналист Әміржан Сағидрахманұлына хабарласып, кешеге қатысты бірер сұрақ қойдық, бүгінге – қолқа салдық.

Президенттік сайлау өткелі екі жылдан асты. Сайлаудың ыстық-суығы басылды ма? Не себепті халықты алаңға бастап шықпағаныңызды жұрт түсінді деп есептейсіз бе?

– Өз уәжімді кезінде айттым. Түсінетін адам түсінді, түсінбегені түсінбеді.

– Кім нені түсінбеді?

– Басқасын білмеймін, осы екі жылда өзім түсінген тағы екі жайт бар.

Біріншісі. Билік мен сайлауға түскен кезде халықтың шынайы көзқарасын сезді-ау деймін. Сондықтан да сайлауға дейін және одан кейін мені қаралау, күйелеу науқанын мықтап атқарды. Яғни, «сатылып кетті», «тайқып шыға келді» деген өсек-аяңды қол астындағы белсенділер мен нұрботтар арқылы таратып, сол сайлауда біз қол жеткізген жетістіктерді жоққа шығаруға тырысты. Ол науқан әлі де жалғасып келеді. Билік орталығында осы мәселемен тікелей айналысатын орталықтар бар екенін мен білемін.

Екіншісі өзін оппозиция санап жүрген кейбір саясаткерлерге қатысты. Сайлау кезінде маған қолұшын бермей, керісінше, маған атойлап қарсы шыққан олар тереңнен ойлай алмай қалды, өздерін шын мәніндегі саясаткер ретінде таныта алмады. 2019 жылғы сайлаудың бар ауыртпалығын жалғыз маған артып тастап, өздері сыртта жымиып қана отырды. Қазір де солай.

Әйтпесе, тактикалық жағынан алғанда, биліктің өзі ресми мойындаған 16,2 процент дауысты сол кезде ортақ тұғыр, жалау етіп, бірігіп, бірегей күш ретінде парламент сайлауына түскенімізде қазір Парламент басқаша болатын еді.

Ағайынды қоңыр қаз боп, бірге жүргенде бізді ешбір жау алмайды емес пе?! Жалғыз жүрген маған билік сонша процент беруге мәжбүр болса, біріккен оппозицияға қанша процент берер еді деп ойлайсыз? Яғни, біз , оппозиция, 2021 жылғы тарихи мүмкіндіктен айырылып қалдық.

Сайлаудан кейінгі толқулар. Фото: АР

Бір ойымды ашық айтайын: кейбір оппозиция өкілдеріне қарасам, олар алуантүрлі пікірлі қоғам, ұлт пен мемлекет мақсат-мұраттары, жалпыға ортақ демократиялық құндылықтарынан гөрі, жекебас мүддесін қорғаштап жүрген сияқты.

«Мен ғана оппозициямын, қалғандары шетінен сатқын!» деген ұстаным алысқа апармайды. Ондай «наполеондардың» талайын көргенбіз. Ең жаманы сол – олардың амбициялары ортақ іске өз кесірін тигізеді.

Сайлаудан кейін қоғамдағы түрлі көңіл-күйді аңғарған мен бір нәрсені анық ұқтым: елде центристік демократиялық күштер институты қалыптасып келеді. Олар билікке балама пікірді, идеологиялық тұрғыдан алғанда ұлтшыл-демократиялық бағытта, бірақ сонымен қатар мемлекет, тәуелсіздік, жер тұтастығы деген іргелі мәселелерді алға қоятын, қантөгіс пен бүлікті жақтамайтын сыншыл да сындарлы күштер. Олар – ішкі және сыртқы қауіптерге толы Қазақстандағы революция емес, эволюцияны қалайтын күштер. Олар керек кезінде билікпен диалогқа бара алады. Солардың қолдауын өзім де сезініп жатырмын.

– Саясаткерден бұрын, дипломды кәсіби журналистсіз және тәуір жазасыз. Әлеуметтік желідегі посттардан бөлек қазір не жазып жүрсіз? Жазғандарыңызды қайда жариялайсыз?

– Мен, ең алдымен, кәсіби журналистпін. Қайда жүрсем де – үкіметте, қоғамдық жұмыста болсын – қаламымды қолымнан тастаған жоқпын. Қызмет келеді-кетеді, қаламым өзімде қалады,  оны ешкім тартып ала алмайды.

Жалпы мен бақытты журналистпін, өйткені ешкімге жалтақтамай, өз ойымды сол қалпында жеткізу мүмкіндіктері болды, әлі де бар.

Қазақстанда ширек ғасыр бойына апта сайын екі тілде мақала жазған журналист көп емес шығар. «Дат», «Жас алаш», «Қазақстан», «Новая газета – Казахстан» секілді басылымдарында авторлық колонкаларым болды. Орысшасын бүгін де жазып келемін. Кеше санап отырсам, шамамен ол ұзын-сонары 2300-ден аса мақала екен. Бұл дегеніңіз, 1998 жылдан бергі Қазақстан тарихының тәуелсіз көзқарастағы шежіресі емес пе? Басқасын білмеймін, жаңаша тарихты зерттейттін ғалымдарға септігі тиетіні сөзсіз! Соған қуанамын.

– Сіз оппозицияға кеткелі ширек ғасырға жуықтапты. Көптеген саяси оқиғаның куәгері болдыңыз. Мемуар жазу ойда бар ма?

– Мен билік пен саясатқа тым ерте араласып кеткен қазақпын. Осы жолда жүріп талай игі жақсылармен араластым. Сондықтан осыдан 17 жыл бұрын бір кітап жазғым келген. Яғни, қоғамға қызықты жайттар мен тұлғалар туралы біреу біліп, біреу біле бермейтін тағлымды оқиғаларда елге жеткізгім келген. Бірақ оппозицияда жүрген автордың бір қиындығы бар екен: бар шындықты жазамын деп кейбіреулерге – биліктегі, оппозициядағы – салқының тиіп кетеді екен. Сол жағын ескеріп, кітапты жарияламадым.

Қазірдің өзінде де солай боп тұр. Тіпті оппозицияда жүрген кейбіреуге сын айтып қалсаң, ортақ іске кедергі келтіруің мүмкін.

Бірақ біреудің жеке басына тиісіп, хайпқа салыну – менің болмысыма мүлдем жат нәрсе. Сын не балама пікір айтсам, ортақ демократиялық мүдде тұрғысынан ғана айтамын.

Сонымен бірге, «темірді қызған кезінде соқ» деген мәтел тағы бар. Мәселен, өткен ғасырдың 90-жылдары саясатта болған оқиғалар мен тұлғаларды қазіргі жастар біле бермейді. Бәлкім, соны ескеріп, сол кітапты шығару да керек шығар.

– Қазір немен айналысып жүрсіз? Табыс көзі не?

– Мамандығым журналист дедім ғой. Менікі – сол тірлік. Қазір журналистердің көбі аутсорсингте емес пе? Оған қоса саяси консалтинг, сараптамалық деген жұмыстар бар. Бір шағын отбасын асырауға жетіп жатыр. Биліктен бір тиын алып көрген жоқпын. Шағын және орта бизнестегі азаматтар сайлау кезінде, одан кейін де қол ұшын беріп келеді.

– Nege.kz порталының колумнисті болуға не себепті келісім бердіңіз?

– «Негеге» неге автор болмасқа? Қазір баспасөздің өзі тым саясиланып кетті емес пе? Не билікті мақтайды, не жерден алып, жерге салып, жамандайды. Меніңше, ақиқат осы екі көзқарастың ортасында жатыр. Маған сайттың тәуелсіз позициясы, ресми БАҚ дәті жетпейтін тақырыптарды батыл көтеруі, қоғамға ой салуы ұнайды. Мен де осы бағытта жазып жүрмін ғой. Қалғанын өмір және менің шығармашылық тәртіптілігім, яғни материалды уақытында әрі сапалы түрде тапсыру және Сіздің редакторлық мінезіңіз бен талабыңыз көрсете жатар.

Тегтер: