Актриса Бақыт Әліпбаева: «Екі сағат сүйісіп ернім ісіп кетті»

26 ақпан, 15:05
Актриса Бақыт Әліпбаева: «Екі сағат сүйісіп ернім ісіп кетті»
Фото: sn.kz

Қазақстандық актриса Бақыт Әліпбаева студент шақтағы қызықты оқиғасын айтты. Алғаш жігітпен кездескен кезін жасырмай баяндады. Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды.

Алматы, NEGE.   Бақыт Әліпбаева - Жамбыл өңірінің тумасы. Жастайынан ерке болып өскен көрінеді. Әкесіне жақын өсіп, мектепте алғыр оқушы болды. Алайда мінезі тұйықтау болған. Мұнысын байқаған әкесі қызын 7-сынып оқып жүргенде интернатқа береді. Көпшілікпен араласып, ата-анасыз өскен қыздың мінезі осылай ашылады. Мектепті бітірген соң бала Бақыт актриса болуды армандаған. Болашақ актрисаны өнер академиясына жетектеп әкелген де әкесі.

"Бірінші жылы оқуға түсе алмадым. Бекер қайтпайын деп медицина мамандығына тапсырып көрдім. Бірақ қабылданбадым. Ауылға қайтып, келесі жылы қайта келдім. Екінші жылы оқуға түсіп, Тұңғышбай Жаманқұловтың сыныбына қабылдандым. Ол кезде жатақханада тұрдық. Қуандық, Гүлшат, Жомарт Зейнәбіл, басқа да қазіргі актер-актрисалармен бірге тұрдық", - деді Әліпбаева.

Актрисаның әріптестерінің айтуынша, Бақыт Әліпбаева ең алғаш 17 жасында жігітпен жүріп, алғаш рет сүйіскен екен.

"Біз бір жатақханада тұрдық. Бақыт қазақы, әдемі қыз болды. Ол келе сала Асхат деген досымыз Бақытқа ғашық болды. Оны кездесуге шақырып, киноға барып жүрді. Бір күні Бақыт пен Асхат кездесуден келді. Бақыттың өзінің айтуынша, екеуі кинодан соң саябаққа барыпты. Жарты сағат өткен соң әрең дегенде сүйісіпті. Содан екі сағат сүйісем деп ернім ісіп кетті деп келді", - деді Жомарт Зейнәбіл.

"Ол Асхатқа ғашық болып сүйіскен жоқ. Сондағысы сүйіскісі келіп емес, сүйісуді қызық көрген ғой. Ең алғаш жігітпен қыз болып кездесіп, сүйісіп келген кезі екен. Маған келе сала "Гүлшат, мен сүйістім" деп айқайлады", - деді актриса Гүлшат Тутова.

Ал Асхат мырза сол күндері Бақыт ханымға шынында ғашық болған көрінеді.

"Мен Бақытқа ғашық болдым. Бірақ өзім тұйықтау болдым, Бақытқа бата алмадым. Жақсы көретінімді айта алмадым. Оның үстіне сабақтар қиын болды. Кейін оқуды аяқтаған соң мені Жезқазғанға жіберді. Солайша кейін көріспей кеттік", - деді ол.

Ал Бақыт Әліпбаеваның айтуынша, бұл балалықтың қызықтары.

"Мен Асхатты жақсы көрген жоқпын. Ол кезде жігітпен кездесу қызық болатын. Сүйісу, тіпті, қызық. Асхатты маған мақтай берген соң онымен кездесу керек екен деп ойладым. Кейін кездеспейтінімді айттым", - деп ақталды актриса ханым.