31 Шілде 17:03

Айсұлу Ерниязова: Жақсылық жасау – «жұқпалы» келеді

Фото:

Жоғару оқу орнына түсіп, білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарды дөңгелетіп әкететін студенттер аз емес. Әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарында. Олар бәріне үлгереді, айналасына пайдасын тигізеді. Өзінің ерікті екенін университет қабырғасында жүрген кезде-ақ көрсеткен Айсұлу Ерниязова бүгінде «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі.

 

  –  Айсұлу, «Еріктілер лигасы» қашан, қалай құрылды? Лига мүшелері қандай жобаларды жүзеге асыруға атсалысты? Болашақта қандай бастамаларды қолға алмақшы?

  – «Еріктілер лигасы» 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Оған 14 жасқа толған кез келген адам ерікті бола алады. Біздің қатарымызда мектеп оқушылары, студенттер және «күміс еріктілер», яғни 50 жастан асқан зейнет жасындағы адамдар да бар. Қорда әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өзін-өзі  дамыту салалары бойынша 10 мыңнан аса ерікті жұмыс істейді. Бәрі қоғам үшін өз деңгейінде ауқымды жұмыс атқарып жүр.

«Еріктілер лигасы» әлеуметтік бағдарламаларды дамыту және адамдарға көмектесуден бөлек, еліміздің ірі қалаларында өтетін түрлі әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Атап айтқанда, олардың қатарында – Универсиада-2017, EXPO-2017, жастар арасында волонтерлік брендті танымал ету бойынша жүзеге асқан «Ақыш жүрек» жобасы, «Birgemiz: Úmit» жалпыұлттық жобасы, әсем Алматының мың жылдығына арналған «1000 игі іс», Еуразиялық медиа форум, Қазақстан-Ресей жастар форумы және т.б. маңызды жобалар бар. Сонымен қатар көптеген авторлық жобаларды қолға алдық. Алдағы уақытта осы жобаларды пысықтап, дамытуды жоспарлап отырмыз.

– 2020 жыл – «Еріктілер жылы» ретінде аталып өтілді. Не атқарылды? Сеніңше, бұл жыл өз деңгейінде аталып өтті ме?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалыстың рөліне  басымдық берді. Жалпы, еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отырған Мемлекет басшысына алғыс айтқымыз келеді. Өйткені еліміздің болашағы үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақыруда, адамдардың бір-біріне қамқорлықпен қарауына волонтерлік қозғалыстан үйренетін тұстары көп.

  Еріктілер жұмысы адамзаттың әлемге, қауіпсіздікке, еркіндікке, әділдікке және барлық адамдарға көмек көрсетуге деген мәртебелі қасиеттерінің пісіп жетілуіне ықпал етіп, адам бойындағы ізгі қасиеттерді дамытады. Біздің еріктілердің қызметі әсіресе, пандемия кезінде бұрынғыдан да маңызды болды. Індет өршіп тұрса да, түрлі әлеуметтік маңызды акциялар өткіздік.

Мәселен, ерікті жастар коронавирус инфекциясы ошақтарына барып, мұқтаж адамдарға азық-түлік жеткізсе, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дәрі-дәрмек апарып берді. Сол кезде біз әуелі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды назардан тыс қалдырған жоқпыз. Оларға қажетті азық-түлік пен күнкөріске керекті заттарды дер кезінде жеткізіп тұрдық. Ең алдымен бұл отбасылар үйден шықпай, қауіпсіздігін қамтамасыз етті, екіншіден вирусты жұқтыру қаупін болдырмады.   

 Мұнымен қоса біз екі ірі республикалық жобаны іске асырдық. Бұл –  жастар арасында волонтерлік брендті танымал ету бойынша «Ашық жүрек» және жоғалған адамдарды іздеу, апаттар тәуекелін азайту, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тартатын «Birgemiz: Úmit» жалпыұлттық жобасы. Осы екі жоба аясында бірқатар іс-шара өткізілді, оның ішінде шағын гранттар ұтыс ойыны, волонтерлік қызметтің 7 бағыты бойынша ірі іс-шаралар өткізу, түсіндіру, алдын алу жұмыстары, жоғалған адамдарды іздеу және тағы басқа жұмыстар қолға алынды.

–  «Ерікті болу – жүректің ісі» деген екенсің. Сол жөнінде кеңірек айтып берсең...

  Ерікті – ол альтруист. Ерікті жүрек қалауы бойынша маңызды қызметпен тегін айналысып қана қоймай, оның қоғам үшін маңыздылығын түсінеді. Еріктілік біздің мұқтаж жандар алдындағы жауапкершілік сезімімізді оятады, мейірімділік пен жомарттыққа итермелейді. Ең бастысы, еріктілік   қызықты жобаларға қатысуға, қоғамға пайдалы болуға, өмірді басқа қырынан көруге, ортамен, пікірлестермен пайдалы қарым-қатынас орнатуға, жаңа таныстар табуға, қоршаған ортаны өзгертуге мүмкіндік береді.

– Ерікті болғысы келетін жастар мен жасөспірімдерге ақы төленсе, олардың саны артуы мүмкін бе? Әлде, ақылы қызмет көрсеткен соң ерікті болып есептелмей қала ма?

–  Еріктілік – бұл өтеусіз қызмет. Еріктілерге ақы төлеу дегеніміз – еріктілікпен белсенді айналысатын студенттер үшін бонустар жүйесін енгізу. Өйткені, еріктілік еңбек құндылығының ең көрнекі дәлелі. Қазір өсіп келе жатқан ұрпаққа берілуі тиіс іргелі құндылықтардың, білім мен тәжірибенің уақыты келді. Әрине, еріктілерді ынталандыру маңызды. Бұған алғыс хаттар, құралдар, ерекше белгілер, тегін жол жүру және т.б. сый-сияпат көрсету кіреді. Шән мәнінде, еріктілік жұмысына ақша төленсе, онда бұл еріктілік емес. Егер бұрын еріктілер тегін жұмыс күші ретінде қабылданса, бүгінде олар аз инвестиция үшін көп уақытты сарп ететін маңызды жұмысты орындайтын қажетті гидтерді көреді.

Біз іс-шара ұйымдастырушыларға алдымен балалар үшін тамақ пен трансфер ұйымдастырудың маңызды екенін түсіндіреміз. Сол себептен еріктілердің жұмысы үшін жақсы пікірлер мен алғысты жиі аламыз. Мұндай кезде ұйымдастырушылардың өзі барлық жауапкершілікті еріктілерге 100 пайыз сеніп тапсырады. Себебі, біз өзімізге жүктелген кез келген талап пен міндетті мінсіз атқаруға тырысамыз. Бұл қоғамда еріктілер рөлінің жоғарылағанын көрсетеді. Сондықтан бұрын жиі естілетін «Сен неге тегін жұмыс істейсің? Істейтін басқа шаруаң жоқ па?» деген пікір қазір айтылмайды. Неге? Себебі, қазір ерікті болу – мәртебелі. Алғашқы кезде ерікті ретінде келгендер танымалдылыққа ұмтылып, түрлі сертификаттар алып жүрсе, уақыт өте келе олар осы еріктілік жұмысқа тәуелді болады. Өйткені, жақсылық жасау – «жұқпалы».

– «Ел үміті» жастар форумында арнайы марапатқа ие болғаныңды білеміз. Ерікті болу оңай ма, әлде қиын ба?

– Пандемияға дейін көптеген адамдар волонтерлік іске скептицизм көзқараспен  және «беделсіз іс» деген стереотиппен қараған. Бірақ шын мәнінде, күрделі уақыт  барлығын өз орнына қойып, волонтерлердің беделін көтерді. Өзіңді, өміріңді адамдарға көмектесуге арнау – оңай емес. Бұл салада да өз мақсатыңызға тек қана еңбектің көмегімен қол жеткізе аласыз.

«Ел үміті» жастар форумы еліміздегі әр салада жетістікке жеткен жастарға үміт сыйлап келеді. Ғылымға ерекше жаңалық әкеліп, соны іс жүзінде дәлелдеп жүрген жастар көп. Әр өңірде шама-шарқынша еңбек етіп, бірақ көрінбей жүрген дарынды, талантты замандастарыма ел-жұрт тәнті болды. Осы қатардан табылғаныма қуандым.

– Яғни, індет кезінде халық еріктілер қызметінің керектігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Әйтпесе, вирус ошағы анықталған сәтте мұқтаж жандарға кім қолын созар еді...   

– Иә, коронавирус індеті өршіп тұрғанда қоғамға еріктілердің көмегі көп тиді. Талайы дәріханада жоқ дәрі-дәрмекті тауып беріп, азық-түлік тасып тұрды. Мұның бәрі ел азаматтарының игілігі үшін атқарылды. Біздің волонтерлер өз өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрса да, тұрғындарға қажетті азық-түлік тасымалдады, профилактикалық жұмыстар жүргізді, дәрі қобдишаларын жеткізді, ол ол ма, дамылсыз жұмыс істеген дәрігерлерге түскі ас жеткізіп, қуантты.  Мұнымен қоса жүздеген отбасы балаларына білім алуға қажетті кеңсе тауарларын, алғашқы медициналық көмек жиынтығын апарып берді. Індет кезінде әрбір адамға көмектескен еріктінің еңбегі өлшеусіз. Олар басқаларға үлгі.

   – Қазір ерікті болғысы келетіндер көп пе?

– Иә, көп. Әрбір жаңа оқу жылында біз профориентация жүргіземіз, өз қызметіміз туралы айтамыз және жыл сайын волонтерлер саны өсіп, қатарымызда жаңа тұлғалар пайда болады. Еріктілік іс жастарға жаңа дағдыларды игеруге, өз идеяларын жүзеге асыруға және басқаларға көмектесуге мүмкіндік береді.

Ерікті болғысы келетін кез келген адам біздің Instagramдағы @league_volunteers парақшаға жаза алады. Біз  қатарымыздан жаңа тұлғаларды көруге қуаныштымыз! Жастарды ерікті болуға шақырып, әр түрлі жобаларға тартып, ұйымдастыру – қызықты жұмыс. Әсіресе, өзі талаптанып, құлшыныс білдіріп тұрған жастармен бірге еңбек ету ләззат сыйлайды. 

Тегтер: