Айгүл Орынбек жалған ақпаратты кімнен алғанын айтты

21 мамыр, 17:27

Фото: inform.kz

28 сәуір күні Алматы қаласының Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова «пара алды» деген күдікке ілінген. Іле-шала белгілі заңгер, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек Facebook парақшасында шындыққа сай келмейтін ақпарат жарияланды.

Алматы қаласының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлімі, 3-пункті (Көрінеу жалған ақпарат тарату, БАҚ-ты немесе телекоммуникация құралдарын пайдалана отырып жасалған іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бас прокуратура қылмыстық істің «Жолмановадан алынған миллиондаған долларға қатысты» екенін айтты. Қылмыстық істі қазір полиция тексеріп жатыр.

Алайда бұл іске қатысты күдіктінің аты-жөні аталған жоқ. Жалған ақпаратты белгілі заңгер А.Орынбек парақшасында жариялаған соң көпшілік оны «алғашқы ақпарат көзі» ретінде таныды. Алматы қалалық соты да А.Орынбектің постын жоққа шығарып, мәлімдеме жасады. 

 Алматы қалалық соты таратқан мәлімдеме.

Судья Жолмановаға қатысты жалған ақпаратты таратқандардың бірі, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек жауапқа тартыла ма? Тілшіміз мұны белсендінің өзінен сұрап білуге тырысты.  

– Айгүл, сәлеметсіз бе? Сұрақтарымызға жауап беретін уақытыңыз бар ма?

– Жоқ! Не мәселе?

– Сіз судья Жолманованың кабинетінен 4500 доллар, үйінен 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар табылғанын, сондай-ақ оның құрылыс компаниясынан 1 180 000 доллар пара алғанын жаздыңыз. Бірақ бұл жалған ақпарат болып шықты. Сіз бұл ақпаратты қайдан алдыңыз? Әлде, біреу сізді «пайдаланды» ма?

– Сіз кімге хабарласып тұрсыз? Біреу мәжбүрлесе де, мен соны жазатын адамға ұқсап тұрмын ба? Интернетке шыққан кез келген нәрсе ашық ақпарат болып табылады. Мен де солай жаздым. Сіздер де интернеттен алған дүниені сілтеме жасап, жазасыздар ғой, дұрыс па?! Бұл сұрағыңызға жауабымды парақшамда жаздым.

Бір сайт «Айгүл Орынбектің үстінен қылмыстық іс қозғала ма?» депті. Журналистер «ақпаратты, суретті таратқан ҰҚК тергеушілеріне қылмыстық іс ашыла ма?» деп неге сұрақ қоймайды?!

Судьяның ұсталғаны және кабинетінен үлкен сомада ақша табылғанын, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайлы 28 сәуір күні ең бірінші Алматы қалалық сотының парақшасында жазды. Бұдан кейін кез келген адам табылған миллиондар рас шығар деп ақпаратты таратты деп ойлаймын.

Екіншіден, 29 сәуір күні Шыңғыс Айнабеков судьяның үйінен, көлігінен миллиондаған доллар ақшалар табылғаны жайлы жазбаны суреттерімен бөлісті. Мен ақпаратты осы кісіден алып жаздым.

Үшіншіден, WhatsApp, Телеграмм, әлеуметтік желіге ең бірінші таратушы адам мен емеспін!

Төртіншіден, «судьяның кабинетінен көп сома емес, 10 мың доллар ғана табылды» деп арнайы менің атымды жазып тұрып Алматы қалалық соты тағы хабарлады. Ол да судьяның өз ақшасы болып шығып отыр бүгінгі таңда. Алаяқтықпен ашылған іс бар деп еді, ол да жоқ болып шыққан сияқты. Олай болса, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысының үстінен қылмыстық іс қозғалу керек, жалған ақпарат таратқаны үшін!

Шешім шығарарда сот төрағалары судьяларға қысым жасайтынын Шиелідегі судья да айтты. Алматыдағы судьяны кабинетінде суретке түсіріп оны басқаларға таратқан адам – ҰҚК қызметкері, оны Жолманова өз сұхбатында ашық айтты. Қылмыстық іс қозғалу керек адамдарды іздеп те қажеті жоқ, олар анықталып тұр!

Ең бірінші ақпарат таратушы дереккөз мен болмағандықтан, маған қатысты қылмыстық іс қозғалмайды! Ақпаратты уақтылы, ерте беріп үйренсе, бұндай халықты адастыру болмас еді.

– Сізді жауапкершілікке тартпайтынына сенімдісіз бе? Жалған ақпаратты сіз тараттыңыз ғой...

– Не үшін тартады? Ақпаратты ең бірінші таратқан мен емес. «Сіз ақпаратты қайдан алдыңыз?» деп сұрау керек. Оқымаған журналистер үшін мен жауап бермеймін!

 – Сіз Шымкентте тұрасыз, бұл оқиға Алматыда болды. Судья істі бола салып-ақ парақшаңызда әлгіндей жазба пайда болғанына және оның жалған болып шыққанына аздап таңырқағанымыз рас.

– Сот жүйесіндегі былық пен жемқорлық жайлы үнемі жазып жүрем, оны бәріңіз білесіздер. Сот жүйесі бізге ортақ. Сот жүйесіне қатысты кез келген дерек ашық ақпарат көздерінде шығып жатса, көтеруге құқымыз бар. «Мына мәселе туралы айтпаңыз!» деп ешкім бізге айта алмайды.

#жолманова #сот #пара #орынбек
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации