Айдос Сарым: Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты нұсқаға сенбеймін
Мәжілістің жуырда сайланған депутаты Айдос Сарым журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, өзін «сатқын» деп айыптағандарға жауап берді.
«11 ақпан сіз үшін қандай күн?» деген сұраққа А.Сарым «қаралы күн» деп жауап берді. Одан әрі сұхбат былай өрбиді:
– Дәл қазір Алтынбек Сәрсенбайұлы тірі болса, сіздің билік партиясы құрамына кіріп, билікке келгеніңізге не айтар еді? Тағы да кешірім сұрар ма едіңіз?
– Алтекең тірі болса қазір кем дегенде бір партияның басшысы болып отыратын еді. Егер сіз 2006 жылы жазған үлкен сұхбаттарын қарасаңыз, осы менің бүгінгі айтқан нәрселерім айтылған. Ұтылдың ба, онда ұзақ мерзімді жұмысқа дайын болу керек.
«Сатқындық жасады» дегенді мен қабылдай алмаймын. Шәкірттің де өсетіні болады, ешбір шәкірт мектепте қалмайды. Сатқындық дегенге келер болсақ, бір Мәжілістің өзінде Алтекеңнің қанша досы, қанша шәкірті отыр. Біздің замандастарымыз. Сонда бұл әңгіме неге тек маған ғана айтылады? Әңгіменің адалдығы қайда?
– 2011 жылдың 12 ақпанында сіз былай дедіңіз: «Ондаған жылдардан кейін де қылмыстар ашылады. Бұл қылмысқа біздің ондаған замандасымыздың да қатысы бар. Құдайдан сұрайтыным, осы қылмыс ашылған кезде солардың аман-есен болуы. Өзінің саясаткерлерін тұтқынға алатын, өлтіретін қоғамды сау қоғам деп атау қиын» дедіңіз. Демек сіз Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ұсталғандарға да толық сенбейсіз бе?
– Нақты мынадай деген нұсқа менде әлі қалыптасқан жоқ. Айтылған бірде-бір нұсқаға өз басым толық сенбеймін. Көзім жеткен жоқ. Сосын шынайы үлкен зерттеу де жүргізілген жоқ. Бірақ материалдары сақтаулы тұр. Адамдары бар, шығады. Ұрпаққа қалады. Сол кезде толыққанды зерттеу жүргізіліп, көп нәрсенің беті ашылады. Мен соған сенем. Бірақ ол үшін де өзгерістер керек.