25 Желтоқсан 16:45

Абзал Құспанов: Назгүл Кенжетайға қатысты айтылмай жатқан жағдайлар бар

Фото:

Ресейдің экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті халықтардың өмірі туралы видео түсіріп жүрген Назгүл Кенжетай мен оның серігі Эмин Карачакқа 17 желтоқсанда елге кіру ережесін бірнеше рет бұзды деген кінә таққан. Журналистердің заттары тәркіленіп, олар түсірген барлық материалдар жойылған. Ал екеуі Абакандағы уақытша ұстау пунктіне жеткізілген болатын.

Сүйінші хабар көп күттірген жоқ, белгілі адвокат Абзал Құспанов фейсбук парақшасында апелляциялық алқа Назгүл Кенжетай мен түркиялық Эмин Карачакты босату туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Nege.kz порталының тілшісі осы жаңалықтың мән-жайын адвокат Абзал Құспановтан сұрап білді. 

– Апелляциялық алқа Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачакты босату туралы шешім қабылдады деп фейсбукте сүйінші сұрадыңыз. Осы туралы кеңірек түсіндіріп өтсеңіз?

– 17 желтоқсан күні Хакасия Республикасының Абакан қаласының соты Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетайға және Түркия азаматы Эмин Карачакқа «шетелдіктердің Ресейге кіру тәртібін бұзды» деген айып тақты. Бәрі айтып жатқан журналистердің аккредитациядан өтпеді дегені шындыққа сәйкес келмейді. Шетелдіктердің Ресей Федерациясына кіру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Әкімшілік шараның ішінде айыппұл ретінде 5 мың рубль төлеу бар. Сонымен қатар, Ресей аумағынан мәжбүрлі түрде шығару шарасы қолданылады. Бұл жерде ең басты қоғамның назарына іліккен мәселе сол шығаруға дейін қамауда ұстауы. Ресей Федерациясынан Қазақстанға шығару белгілі бір деңгейде жеңілдеу болуы мүмкін. Мысалы үшін Түркияға шығару қиын, ол бірнеше айға созылуы мүмкін. Қазақстанға қайтарған жағдайда да олар Жаңа жылға дейін шығарылмай қалуы мүмкін еді. Ол туралы біз біліп отырдық. Сот мәжбүрлі түрде деген қаулысын орындағанша, бұл азаматтардың екеуі де қамауда жатқан болар еді. Эмин де, Назгүл де қазақ. Эмин Түркия азаматы болғанымен, этникалық қазақ. Бұл жерде Эминге қиын соғатыны анық, өйткені Түркиямен арада мұндай қарым-қатынас жолға қойылмаған.

Мәжбүрлі түрде шығару – бірнеше айға созылып кетуі мүмкін күрделі процесс. Мінеки деп билетті алып, ұшып кететін әңгіме бұл жерде жоқ. Сол себепті біз әртүрлі амалдарды қарастырдық. Кешегі Хакасияның Жоғары сотының қаулысымен Ресейден шығарылғанға дейін қамауда ұстау туралы бөлігі күшін жойды. Олар толығымен ақталды деп айта алмаймыз, бірақ ең бастысы екеуінің де еркін жағдайда шығып кету мүмкіндігі туды. Біздің бұған да "шүкір" деп отырған жайымыз бар. Әзірге қаулы қолымызға тиген жоқ. Бірақ, адвокатымен ұдайы байланыста отырмын.

Бұл жерде ҚР Сыртқы істер министрлігіне, сол жердегі Елшілік өкілдеріне риза болдым. Олар бірінші күннен бастап белсенді қызмет етті. Онымен қоса, Абакан қаласына Елшіліктің өкілі арнайы келді. Олар мән-жайды толық зерттеді. Адвокат хакасиялық Аяс Тюньдешев  атты азамат. Бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген тағы бір адам бар. Сол жердегі бауырларымыз "түбі бір түркі елі деп бізді іздеп келген кезде бұлай істеп жатқанымыз" дұрыс емес деп бас көтерді. Солардың бірі Матос Щерпаков деген азамат. Сыртқы істер министрлігі солармен жұмыс істей білді. Түркияның Сыртқы істер министрлігі шабандау қималдады. Бірақ, кейіннен олар да қосылып, нәтижесі осылай болды.

Бұл жерде де айтылмай жатқан бір жағдай бар. Ресейдің ФСБ-cі жұмыс істеп, үлкен мәселе туындап кете жаздаған. Бұларды экстремистік бағытта да айыптағылары келген. Сондай жағдайлар болды. Бұл енді айтыла бермейтін жағдай. Қазір оның бәрін тек қана әкімшілік істің шеңберінде ғана айтып отырмын. Жоғары соттың қаулысы шыға қойған жоқ, алдағы жұмада қолымызға тиіп қалар деп отырмыз. 

– Олардың журналистерге осылай айып тағып, ұстауы заңды ма?

 Олар Ресейге кірер кезде туризмді көрсеттіңіздер, бірақ іс жүзінде жұмыс істедіңіздер деп айып тағып отыр. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да Назгүл Кенжетайды әскери журналист деп көрсетті. Осыған байланысты Ресей де біраз мәселе көтерді. Шын мәнінде, ол Түркияның телеарнасында фрилансер болып жұмыс істеген. Ол материал тауып ұсынады, өтсе азын-аулақ ақшасын алады, өтпесе өзінің ютуб арнасына жүктеп жүре береді. Ол доктарантураға түскен кезде Түркияның телеарнасының журналисі ретінде ешқандай келісім шарты болмаған. Яғни, "журналисі" деп айту қисынға келемйді. Бұрынғы сұхбаттарына қарап, солай деп айтып жатыр. Оны блогер деп атауға болатын шығар. Ол сол жердің табиғатын, мәдениетін түсіріп ютуб арнасына салды. Ресейдің тәртібіне қол сұғатындай әрекет жасаған жоқ. Ең бастысы, Назгүл ол жерде жұмыс атқарған жоқ. Түркияның телеарнасының жолдауымен келсе, мәселе басқа болар еді.

Ол өзі Түркияда доктарантурада оқып жатыр. Диссертациясының тақырыбы: "Азайып, жойылып бара жатқан түркі елдерінің тағдыры". Мәселе осында болып отыр. Ал енді қараңыз, бұл тек журналистерге ғана емес, барлығына қолданылатын әмбебап заң бар. Кез келген елге барар кезде сіз туристік визамен, не болмаса қызметтік жұмыс визасымен барасыз. Ал бұл жерде ол Ресейге жұмыс істеуге келген жоқ. Қазіргі таңда кім не түсірмей жатыр? Сіз кез келген елге турист болып барасыз да түсіре бересіз. Бүкіл әлем қазір соған мүдделі. Әркімнің қолында жүрген смартфон, анау-мынау аппараттан кем емес. Түсіресіз де ютуб арнаңызға жүктейсіз, ешқандай мәселе жоқ. Бұл айыптаулардың бәрі ақылға сыйымсыз. Журналист ретінде аккердитациядан өтпеді деп айтылып жатыр. Бұл ақпарат кімнен тарап кеткенін білмейміз. Негізгі айыптау ол емес. Аман-есен елге жетіп алсын, сосын мәселе көтереміз. Ол жай ғана турист ретінде келді, адамдарды түсірді, ешқандай құпия нысандарды таспалаған жоқ. Сот қаулысын да жібере аламын. Ол ешқандай жерде жарияланған жоқ. 

– Мұны орыстардың "Тұран" одағынан қорқа бастағанымен байланыстыруға бола ма?
– Бұл жерде мәселе "Жойылып бара жатқан түркі елдері" деген тақырыпта болып тұр ғой. Түркі елдерінің басым бөлігі Ресейде орналасқан. Олардың жағдай мүшкіл. Түркі қағанатының үлкен бір бөлігі Ресейде жатыр. Олар тұтасымен жойылып бара жатыр. Факт бар және оларды мақсатты түрде жойып жатыр. Сол себепті оны іздеуші ел, қара шаңырақтың иесі Қазақстан болатын болса, қазіргі таңда жақсы дамыған армиясы да, экономикасы да алдыңғы қатарда ол – Түркия. Сондықтан олардың біреуі Қазақстан азаматы, бірі Түркия азаматы. Бірақ, екеуі де этникалық қазақ, Түркия елінен ұшып келді. Бұл жерде сол факторлар әсер етіп жатыр. Ешқандай заң туралы айтып керегі жоқ, ештеңе де заңды емес. Бәріміз шетелге шықсақ, блогер ретінде видеоға түсіреміз. Мені блогер деп те атап жатады. Қазақстанда да, Ресейде де менің лауазымым журналистпен теңестіріледі. Сонда мен барып түсірсем де жұмыс істеген болып есептеліп кетемін. Бұл дегеніміз туризмнен қашу, аймақты жабық ұстау. Былайша айтқанда, Солтүстік Корея сияқты ғой. Ол жерде заң сондай.

Ресей сот шешімін шығару арқылы өзін Солтүстік Кореяның деңгейіне апарып қойды. Демократия туралы айтпай-ақ қояйын, сауатты ел ретінде құқықтық тұрғыда алып қарайтын болсақ дұрыс емес. "Тұран идеясы" деген кездегі Тоқаевтың айтқандарына Путиннің іс-әрекеті де осыдан хабар береді. Түркі одағы, Тұран идеясы дегенде орнынан ыршып түседі. Өте қатты қорқады, бұл соның нәтижесі.

Тегтер: