Сазгер Ерлан Төлеубай: Атажұртқа «не алам» деп емес, «не берем» деп келгем

Ертең, яғни 17 желтоқсанда ақын, сазгер, журналист Ерлан Төлеубайдың Тәуелсіздік күніне арналған шығармашылық кеші өтеді. Патриоттық тақырыпқа ән жазып жүрген сазгермен тілшіміз аз-кем сұхбаттасты.
– Тәуелсіздік күнінде өтетін кешіңіз туралы толық айтып берсеңіз?
– Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл толады. Өзім де 10 жыл бұрын атажұртқа оралғанмын. Атажұртқа елден «не алам» деп емес, «не берем» деп келдік. Әркім өз бойындағы дарыны мен талантын паш етеді. Мен айтыс пен өнердің жанашырымын. Кішкене кезімнен өлең шығардым, ән жаздым. Сонымен атажұртқа жеттік қой.
Менің ән жазып жүргеніме 4-5 жыл болды. Елге алғаш келгенде «Саған келдім, Атажұрт» деген ән жаздым. 17 желтоқсанда сол әніме түсірілген бейнебаянның тұсауын кесеміз. Бұл әннің атауынан негізгі мағынасы шығып тұр. Айтар ойым да белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтардың қуанышы, елге оралған сәттеріне ел куә.
Халифа Алтай атамызды білесіздер, Тәуелсіздік алғанымызды естігенде, мұз үстінде сәжде қылған. Мұстафа Өзтүрік те сол жүрекпен, сол ниетпен келді. Қара жерге басы тигенше ел үшін еңбек етті. Шұғыла апамыз биімен, Майра апамыз әнімен келді. Біз қазақтың дәстүрлі ән өнерінің түпнұсқасын бұзбай дәріптеу ниетімен ән жазып жүрміз.
Сол ән жазып жүрген 4-5 жылда 60-70 әннің авторы болыппын. Биыл 37 жасқа келдім. 37 жасымда 37 әнім дайын болған екен. Соның 30-ы – патриоттық ән. Мен үш ән жазсам, соның екеуі патриоттық ән. Сол 30 әніме «Ұлы Дала ұраны» деп ат қойып, таспа шығарып жатырмыз. Бір жағынан соның да тұсауын кесу ойымызда бар. Халыққа есеп беру мақсатында кеш ұйымдастырғым келді. Бұл біздің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қолымыздан келгенше арнап жатқан еңбегіміз.
– Кешіңізде «Алатау серілеріне» ұқсас «Алтын саз» атты қыздардан құралған трионы ұйымдастырып, қолдап жатыр екенсіз. Бұл қыздардың сахнадағы алғашқы қадамы ма? Ерекшеліктері қандай?
– Үш қарындасым әндерін көрсетіп, хабарласты. Тыңдап қарасам, әндері жақсы екен. Қыздар – Т. Жүргенов академиясының магистранттары. Өзімнің толғау негізінде жазған рухты әнім бар еді, соларға бердім. Ән оларға да ұнады. Шынын айту керек, көмектескіміз келді. Барлығын өздері де жасап жатыр, мен де қолдан келген көмегімді көрсетіп отырмын. Топқа ат таңдамапты. Атауын «Алтын саз» деп атадық. Өйткені ол сақ пен ғұннан бері қарай жалғасып келе жатқан алтын өнер.
– Патриоттық әндер жазуға не себеп болды?
– Мен басында айтып кеткенімдей, үш ән жазсам, соның екеуі міндетті түрде патриоттық ән болады. Мұны жазамыз деп жазбаймыз. Оның барлығы кешегі жер таласқа түскенде, жер дауы болған кезде, Отанға оралғанда жазылды. Атажұртымызға арнап біраз ән жаздық. Ән жазған кезде, әдетте, аты шыққан адамдарға ән бермеймін. Оларға ән бермеудегі мақсатым – артымызда келе жатқан жастарды тәрбиелеу.
Негізі, Т. Жүргенов академиясынан шыққан 8 шәкіртім бар. Олар әндерімді бөлісіп айтып жүр. Ол жердегі мақсатым ән дайындап беріп, оларды телеарнаға шығарып, жетелеп жүру болатын. Оларға қоятын негізгі шартым – ұлт үшін, алаш үшін еңбек ету, кешегі Мағжан мен Міржақыптың еңбектерін дәріптеу, қазаққа шын жанашыр болу.
Менің Талапбек Тынысбекұлы деген досым дәмхана ашқан кезде: «Қазаққа қазанмен болса да көмектесемін», – деп айтқан. Сол сияқты біз де қолдан келгенше еңбектеніп жатырмыз. Қазір қазақтың руханиятын дамытуға жұмыс істеп, санасын ояту керек. Өйткені қазақ оянбай, өзінің кім екенін білмей, Тәуелсіздіктің қадірін түсінбейді. Сол себепті Мағжан сенген жастарды тәрбиелеуіміз керек. Кешегі Алаштың баса алмай кеткенін басып, жаза алмай кеткенін жазуымыз керек.
– Кешіңізде тағы қандай тың жаңалықтар болады?
– Бұрындары Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңінің әнін жазғанмын. Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңіне де ән арнадым. Жақында Алмас Ахметбектің сөзіне жазылған «Әлиханның монологын» жазып шығардым. Мұстафа Өзтүрікке де арнаған әнім бар. Оны Ұшқын Жамалбек бауырымыз орындайды. Кеште «Біз түркілерміз» деген ән де шырқалады.
Фотолар Е.Төлеубайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Кешті «Дүр қамшы» әнін орындап жүрген Әсет Есжан бауырымыз жүргізеді. Содан кейін «Түркістан» деген ән дайындап жатырмыз. Ол алты Алашқа ұран болса екен деген ойымыз бар. Әнді Ибрагим Ескендір бауырымз орындайды. Кеш арнайы сценарий бойынша өтеді. Данияр Рахымбай орындап жүрген «Ұлы дала ұраны» әніммен кіремін. Ең бастысы, халыққа Тәуелсіздік күніне орай арнайы ән тарту жасап, елдік рухын көтергіміз келеді.