Сазгер – сенаторға: Депутат-қаламгердің аузынан шығатын сөз бе осы?!

Белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке әлеуметтік желі арқылы хат жазды. Оған депутаттың журналистке берген пікірі себеп болған.
Ол өз жазбасында: «Сіздің Гимнге қатысты пікіріңізді әлеуметтік желіден оқып қалдым. Мұқан Төлебаев музыкасын жазған әнұранды ұнататыныңызды естідім. Бұл сіздің жеке пікіріңіз деп ұқтым. Ал, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін тың игерушілерге арналған марш деп айтыпсыз. Қандай дерекке сүйеніп айтқаныңызды түсінбей отырмын. Сіздің қолыңызда осы әннің жазылу тарихы жайлы нақты айғақ бар ма? Шәмші ағамыз осы әнді жазған уақыттан 5 жылдан кейін сіз, 10 жылдан кейін мен туылған екенмін, қызық, ә?!», – деген.
Оның айтуынша, Шәмші Қалдаяқов осы әнін 1956 жылы 25 қазан күні жазған.
Nege.kz тілшісі толыққанды пікірін білу үшін композитор Қалдыбек Құрманәлінің өзіне хабарласты.
«Бір күн бұрын өзіне, яғни телефондағы WhatsApp нөміріне жібердім. Жауап бермеді. Егер жауап берсе, әлеуметтік желіге салмас едім. «Қолым тимей жатыр еді, бұл туралы кейін асықпай сөйлесер едік» десе, түсінер едім. Енді көпшіліктің талқысына салғанда бір уәжін айта ма деп едім, тағы да жауап жоқ.
Жалпы, ол бұл тақырыпты неге қозғап жүр? Журналист не үшін сұрағанын білмеймін. Әнұранды ауыстыру керек болып жатыр ма? Біреуден тапсырма алды ма?
Бұл жерде мәселе – тың игерушілерге арналған марш дегенінде жатыр. Ол Шәмшімен аралас-құралас болған адамдай сөйлейді. Әнді жазғанда жанында отырды ма? Ол кезде өмірге де келмеген ғой. Мұндай әңгімені Жұмекен Нәжімеденов, Сабырхан Асанов, Ілия Жақановтар айтса, бір жөн. Бәлкім, онда басқа дерек пен айғақ бар шығар. Болса, оны да айтсын.
Мен бар болғаны «Дәлеліңіз бар ма? Мұны неге сүйеніп айттыңыз?» деп сұрадым. Болды. Жанына тиетін ауыр сөз айтқан жоқпын.
Нұртөре Жүсіп музыкатанушы емес, әнші емес. Өзім композитор болсам да, классикалық музыканы түсіне бермеймін. Мейлі, Мұқан Төлебаевтың әнұранын ұнататынына дауым жоқ. Бірақ біреуді асқақтату арқылы екіншісін жерге ұрып, шығармашылығына күмәнданудың қажеті жоқ.
«Менің Қазақстаным» әнұраны қабылданған кезде неге қарсылығын білдірмеді? Ол кезде газетті басқарып отырды. Айтатын алаңы бар еді. Сол кезде айтса, батыр болар еді. Әнұран қабылданғанына 16 жылдан асқан кезде бұлай айтуына не мәжбүрледі? Анау журналист не үшін сұрады? Бізде басқа мәселе шешімін тауып қойды ма? Неге ұлттық мүдде, әлеуметтік жағдай туралы сөз етпейді? Дәл осы жайт депутат, қаламгердің аузынан шығатын сөз емес еді. Нұртөре Жүсіппен талай жылдан бері сыйлас азамат ретінде араласып келемін. Бірақ шындық одан да қымбат», – дейді Қалдыбек Құрманәлі.
Айпақшы, композитор әлеуметтік желідегі пікірінде: «Енді, Нұрсұлтан Назарбаев қосқан деп жүрген, екі-сөзді қайта өзгертіп, бастапқы мәтінін өз орнына келтіріп, әділдіктің салтанат құруына бар күш жігерімді салатын боламын...», – деп жазды.
Тілшіміз сенатор Нұртөре Жүсіптен пікірін білмек болған. Алайда сенатор қоңырауға жауап бермеді.