Саясаттанушы ақшаны Дубайдағы зәулім үйлерге емес, халыққа жұмсауды талап етті
Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында саясаттанушы Марат Шибұтов әлеуметтік нысандар құрылысын аяқтамайтын құрылыс салушыларды сынға алды.
Астана, NEGE. Ол құрылыс салушылармен әлеуметтік нысан салу туралы меморандумды қайта қарау мәселесін көтерді. Айтуынша, құрылыс компаниялары әкімдіктермен әлеуметтік инфрақұрылым салу туралы меморандум жасасқанымен, жаза қолданылмайтын болғандықтан, өңірлерде ондаған нысанның құрылысы аяқталмай қалуда.
«Мен, біріншіден, құрылыс салушылардың жауапкершілігі мәселесіне тоқталғым келеді. Көпшілікке арналған тұрғын үй салар кезде құрылыс компаниялары әкімдіктермен әлеуметтік инфрақұрылым салу туралы меморандумдар жасайды. Алайда, бұл меморандумдарды бұзғаны үшін жауапкершілік болмағандықтан, уәделер орындалмай қалып жатыр. Демек, әр аймақта жоспарға еніп кеткен ондаған нысан салынбай қалып отыр. Егер сол меморандумдар орындалған болса, қазір қажет болып отырған оқушы орындарын түгел жабар еді», – деді ол.
Шибұтов келтірген статистика бойынша, биыл білім мен ғылымға 900 миллиард теңге бөлінген. Өткен жылы бұл сома 1,4 трлн теңге болған.
«Биыл неге аз? Себептердің ішінде осы уәде етілген әлеуметтік нысандар да бар. Бұлай болмайды», – дейді ол.
Осы орайда Марат Шибұтов құрылыс салушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды, соның ішінде оларға уәде етілген нысанның құнына тең айыппұл салуды ұсынды.
«Тым болмаса, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында осындай түгендеу жүргізіп, нақты және қатаң шаралар қабылдау қажет. Олар осы уәде етілген инфрақұрылымды, негізінен мектептерді салғанға дейін жаңа объектілер салуға рұқсат бермеу керек және қолданыстағы объектілерді пайдалануға бермеу қажет. Уәде етілген әлеуметтік міндеттемелердің бәрі сәулет-жоспарлау тапсырмасында болу керек. Тіпті, оны орындамағаны үшін уәде еткен нысанның құнына тең айыппұл салуға да болады. Құрылыстан түскен ақшаны Дубайдағы зәулім сарайларға емес, әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсасын», – деп түйіндеді сөзін Құрылтай мүшесі.
Айта кетейік, бүгін, 20 қаңтарда Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.