«Саусағынан айырылған»: Сот қызметкердің жарақаты үшін «Қазақмысты» кінәлі деп таныды
Кассациялық сот жұмыс берушінің толық жауапкершілігін белгілей отырып, «Қазақмыс» ЖШС қызметкерінің еңбек құқығын қорғады.
Астана, NEGE. Жазатайым оқиға 2023 жылғы 22 сәуірде болған. Жұмысшы ағаш өңдеу жабдығында жұмыс істеу кезінде өндірістік жарақат алып, салдарынан оң қолының саусақтарынан айырылып, оған III топтағы мүгедектік белгіленген.
Арнайы тергеп-тексеру қорытындысы бойынша комиссия кінәнің бір бөлігін жәбірленушінің өзіне жүктеп, оны өрескел абайсыздыққа жол берді деп көрсеткен. Сот пен сот алқасы комиссияның қорытындыларымен келісіп, қызметкердің арнайы тергеп-тексеру нәтижелерін даулау туралы талабын қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың бұл тұжырымдарымен келіспеді. Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сәйкес, абайсыздық қызметкердің қауіпсіздік талаптарын саналы түрде бұза отырып, зиянды болдырмауға нақты мүмкіндігі болған жағдайдағы белсенді әрекеттерін білдіреді.
«Іс материалдарынан анықталғандай, жұмыстар 1951 жылы шығарылған, нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кеткен әрі міндетті сараптамадан өткізілмеген, жоғары қауіптілік көзі болып саналатын станокта жүргізілген.
Қызметкерге тапсырылған жұмысты орындау барысында балама қауіпсіз тәсіл болмаған, яғни ол қауіпті жағдайда еңбек етуге мәжбүр болған», – делінген кассациялық сот хабарламасында.
Нәтижесінде кассациялық сот жұмыс берушіні 100 пайыз кінәлі, ал қызметкерді кінәсіз деп таныды.