Сауран ауданының құрамына 12 елді мекен кіреді

Кезінде ірі сауда орталығы негізінде ашылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды.
Алматы, NEGE. Жаңа ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамында болған Шаға, Жаңа Иқан, Үшқайық сынды 12 ауылдық округ ауданға берілді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға болды. Бұрын Түркістан, одан кейін Кентау қаласының құрамында болып, әрі-сәрі күй кешкен 12 ауылдық округтің тұрғындары тарихи жаңалықты шын ықыласпен қабылдады.
Жаңа ауданның құрылуы – біріншіден, аудан құрамына кіретін елді мекендердегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады. Екіншіден, өңірдегі әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға, жаңа жұмыс орындардың ашылуына жол ашады. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытуға мүмкіндік болады дейді Сауран ауданының құрамына енген ауылдық округ әкімдері.
"Келешекте аудан орталығына қажетті жаңа нысандар салынып, тиісті көңіл бөлінеді. Құрамына 12 елді мекен кіретін жаңа ауданның халқының саны 100 мыңнан асады. Жалпы аумағы 650 мың гектар жерде орналасқан ауданның барлық салада қарқынды дамуы үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі", - деді облыс басшысы Ө.Шүкеев.
Өңір басшысының айтуынша, барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы алдағы 1-2 жылдың ішінде аяқталып, пайдалануға беріледі. Әзірге мемлекеттік органдар мен әкімдік қызметкерлері уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмыс істейтін болды. Ал жаңа ауданның әкімі кім болары әзірге белгісіз.