Саунада қыздардың интимдік қызмет көрсетуіне жағдай жасаған жеңгетайға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Саунада шетелдік қыздардың интимдік қызмет көрсетуіне жағдай жасаған 50 жастағы жеңгетайға қатысты қылмыстық іс қозғалды, –деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шаралар өткізу барысында Сарыағаш ауданы аумағынан жеңгетайлықпен айналысқан әйелді анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Шымкент – Ташкент тас жолында орналасқан сауналардың біріне жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер Сарыағаш қаласының 50 жастағы тұрғынын, яғни әйелді ұстады. Тінту кезінде одан ақшалай қаражат пен басқа да заттай дәлелдемелер алынды.
Сондай-ақ полиция бөліміне 9 жеңіл жүрісті қыз жеткізілді. Оның ішінде алтауы Өзбекстан азаматы болса, үшеуі қазақстандық.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 309-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.