Сауда министрлігі 17 жанармай құю бекетіндегі бензин сапасын тексеріп жатыр
Сауда және интеграция министрлігі көлік жүргізушілерінен түскен шағымнан кейін автомобиль бензинінің сапасына бүкіл жеткізу тізбегі бойынша – зауыттан жанар-жағармай құю бекетіне дейін тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Астана, NEGE. Соның ішінде Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамалары тәуелсіз зертханаға тапсырылған.
«Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттеліп жатыр. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министрлік өкілдері қазіргі уақытта азаматтардың 12 өтініші қаралып жатқанын мәлімдеді. Оның тоғызы Астана қаласынан, біреуі Павлодардан және екеуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Сонымен қатар Алматы қаласы мен облысындағы, Абай, Жамбыл облыстарындағы 17 жанармай құю станциясынан алынған бензин үлгілеріне зертханалық сынақ жүргізіліп жатқаны хабарланды.
«Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді», – делінген Сауда министрлігі хабарламасында.
Тексеру кезінде бензиннің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, оны сатуға тыйым салынып, айналымнан алынып тасталуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауытындағы бензин сапасы тексерілгені хабарланды. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, зауытта өндірілетін АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасы Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкес келетіні расталған.