Сауд Арабиясына жасалған шабуылдар: СІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты аталған елде жүрген қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларына қатысты ескерту жасады.
Астана, NEGE. Ведомство өкілдері Саудияда жүрген Қазақстан азаматтарына нақты қажеттілік болмаса, әуежайларға бармауды, рейстердің мәртебесін әуекомпаниялардан алдын ала нақтылауды ұсынады.
Сондай-ақ СІМ сақтық шараларын қатаң сақтап, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, адамдар көп жиналатын орындар мен қауіптілігі жоғары нысандардан алыс жүруге және шұғыл емес сапарларды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес береді.
Төтенше жағдайға тап болған жағдайда қазақстандықтар Қазақстанның Эр-Риядтағы елшілігіне немесе Қазақстанның Жиддадағы Бас консулдығына хабарласа алады:
Эр-Рияд қаласындағы консул: +966 55 663 01 77.
Жидда қаласындағы консул: +966 53 275 80 80.
Бұған қоса, министрлік өкілдері Сауд Арабиясында жүрген Қазақстан азаматтарын СІМ мен жергілікті құзырлы органдардың ресми ақпарат көздерін қадағалап отыруға шақырады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясындағы бейбіт тұрғындарға арналған нысандарға хуситтердің жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған болатын. Қазақстан тарапы мұндай әрекеттер Йемендегі жағдайды тұрақтандыруға кедергі келтіретінін мәлімдеп, шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды.