Сарыжаз ауылындағы мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді

Алматы облыстық мәслихатының шешімімен Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы орта мектепке саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді.
Осы күнге дейін қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін бермей келген болатын. Қасиетті білім ордасына Алтынбек Сәрсенбайұлының атын беруді Сарыжаз ауылының тұрғындары қолдап, ұсыныс білдірген. Халықтың ұсынысы ескерусіз қалмады. Министрліктің, ономастикалық комиссияның келісімімен көп ұзамай Сарыжаз ауылындағы орта мектепке ресми түрде қоғам қайраткерінің есімі берілді.
Рысбек Сәрсенбайұлы
Осы қуанышты хабарға орай NEGE тілшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлына хабарласып, пікірін білген болатын.
«Сарыжаз ауылындағы орта мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының атын беруі өте дұрыс, құптарлық іс. 2006 жылдан бері Алтынбек қазаға ұшырағаннан кейін сол ауылдың тұрғындары, мектептің түлектері, мұғалімдері осындай өтініш жасаған болатын. Бұл мәселе айналып келіп енді шешімін тауып отыр. Ештен кеш жақсы дейді. Дәл қазіргі сәтте бермесе де ренжімес едім. Биліктің ұстанымы, олардың жүргізіп отырған саясаты соның көрсеткіші», - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Осы уақытқа дейін кейінге шегеріліп келген іске Назарбаевтың кезінде ешкімнің батылы жетпеген. Оған себеп те жоқ емес.
Алтынбек Сәрсенбайұлы
«Мәселен, Назарбаевтың тұсында осы уақытқа дейін атын берудің өзіне жергілікті билік өкілдері жасқанып келді. Оның жасыратыны жоқ. Алтынбек Сәрсенбайұлы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстанға көп еңбегін сіңірген тұлға, дипломат, саясаткер, журналист. Ал оның істеген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол тек мектептің атына ғана емес одан да үлкен құрметке лайық. Халық та қарсы шықпай, қолдау білідіретін еді. Ондай тұлғалардың атын беру мәселесі халықтың қалауына қарай шешілуі керек. Жасыратыны жоқ, өздері әкім болғандар әкелеріне, жақын туыстарына көше, елді мекен аттарын алып беріп жатыр ғой. Соншалықты асқан еңбегі сіңбесе де иемденуде. Халыққа, сосын мемлекетке пайдаңды тигіз. Еңбегі сіңген адамдардың атын беру – құрмет және тәрбие үшін қажет», - деп атап өтті ол.
Бұған дейін Алматы және Астана қалаларындағы көшелерге Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі беріледі деген ақпарат шыққан болатын. Ал оның қаншалықты рас екендігіне Рысбек Сәрсенбайұлы жауап берді.
«Ол Астана қаласы әкімінің қайтарған жауабы ғой. Көшелерге адам аты қандай ретпен беріледі деген нұсқаулық қана. Ол жерде Алтынбек Сәрсенбайұлына мынандай көше беріледі деген әңгіме болған жоқ. Егер ондай мәселе көтеріліп, қозғалып жатса алдағы уақытта оң шешімін табуы тиіс. Алтынбек назарбаевшылардың кезінде әлдекімнің жауы сияқты көрінетін. Бұрын Назарбаевқа қарсы келген адамды құрметтеуге болмайды деген түсінік қалыптасқан. Саясат қазір өзгерді. Алтынбек Сәрсенбайұлы – Отанына адал қызмет еткен патриот азамат. Сол себепті Алматы, Астана болсын немесе Қазақстанның кез келген қала, аудандарына Алтынбектің есімін беріп жатса жарасымды, лайықты шешім», - деп жауап берді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің есімі берілген Сарыжаз ауылындағы орта мектепті бітірген. Кейін журналистика мамандығы бойынша М.С. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін аяқтады.
2006 жылдың 13 ақпанында сағат 11-ден 40 минут уақытында Алматы облысы Талғар ауданындағы "Көктөбе" ауылы мен "12 бригада" ауылдарының арасындағы ауыл аралық жолдың шетінде оқ тиген жарасымен Алтынбек Сәрсенбайұлының, оның жүргізушісі мен күзетшісінің мәйіті табылған.
Қызметтестері бұл өлімді саяси тұрғыдан жасалған қастандық деп атады және оған жоғарғы билікті айыптады.