29 Қаңтар 14:10
...

Сәпиев vs Есімханов: сонымен кім кінәлі?

Желідегі парақшасынан
Фото: Желідегі парақшасынан

Желіде Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға боксшы кінәлі деп танылғаны жөнінде ақпарат тарады. 

Астана, NEGE. Журналист Михаил Козачков Telegram-дағы арнасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексеру қорытындысы делінген құжатты жариялады. Ол құжатқа сүйеніп, оқиғаға қатысты жанжалдың барлық мән-жайы зерделеніп, Серік Сәпиевтің кінәлі екені анықталғанын жазады.

Құжатта Сәпиевтің «қоғам алдында өзі қызмет ететін мемлекеттік органның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін анық әрекеттерге жол бергені, ұжым ішіндегі кәсіби әрі жақсы жұмыс қарым-қатынастарының, сондай-ақ конструктивті ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етпегені және әріптесіне қатысты әдепке жат мінез-құлық танытқаны» айтылған.

Алайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Nege.kz-ке берген түсініктемесінде бұл материал қызметтік құжаттың түпкілікті нұсқасы емес екенін және қандай да бір шешім шығаруға әлі ерте екенін атап өтті.

«Құжат тек қызметтік мақсатта пайдаланылды және белгіленген тәртіппен танысу үшін ұсынылды. Құжаттың интернет желісінде таралу фактісі ресми құжат айналымына қатысы жоқ.

Департамент спорт басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қатысты екі қызметтік тергеп-тексеру жүргізді. Тиісінше, басшы орынбасарының жауапкершілігі де Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралады», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 23 қаңтарда желіде Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов төбелескені туралы ақпарат пен сол сәттің видеосы тарады. Полицейлер қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Көп ұзамай Сәпиев видеоүндеу жасап, өзінің орынбасары, самбодан әлем чемпионы Дәурен Есімхановпен арадағы жанжалдың себебін түсіндірді. Ал Дәурен Есімханов желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.