Сапасыз қасбет тақталарын жеткізген кәсіпкер 43,5 млн теңге шығынды төлеуге міндеттелді
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сапасыз қасбет тақталарын жеткізген компаниядан құрылыс салушының пайдасына 43,5 млн теңге шығын өндірді. Сот шешімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалдырылды.
Астана, NEGE. Жоғарғы соттың хабарлауынша, Алматы облысындағы тұрғын үй кешенінің құрылысына қасбет тақталары жеткізілген. Кейін олардың ақауы анықталып, жеткізуші өнімді ауыстырған. Алайда ауыстырылған тақталар да бұзыла бастаған. Нәтижесінде 2,8 мың шаршы метрден астам аумақта жарықтар пайда болған.
Зертханалық сараптама қасбет тақталарының беріктігі мен тығыздығы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Құрылыс салушы жарылған тақталарды өз қаражаты есебінен бөлшектеп, жаңасын ауыстырып, салған. Бұл жұмыстарға шамамен 23 млн теңге жұмсалған. Бұған дейін сот арқылы сапасыз тауардың құны ретінде жеткізушіден 19,35 млн теңге өндірілген.
Құрылыс салушы кейін сапасыз өнімнің салдарын жоюға кеткен шығындарды өтеу туралы талаппен қайта сотқа жүгінген. Талаптың жалпы сомасы 43,5 млн теңгеден асқан.
Өз кезегінде жеткізуші қасбет тақталарының бұзылуына құрылыс салушының монтаждау технологиясын сақтамауы себеп болғанын алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді растайтын дәлелдер табылмағанын атап өтті.
«Сот істі қарай отырып, талап қоюшының шеккен шығындары мен жауапкердің тауар сапасына қатысты міндеттемелерін тиісінше орындамауы арасында себептік байланысты анықтады. Жауапкердің монтаждау технологиясының бұзылғаны туралы уәждері өз растауын таппады».
Бірінші сатыдағы сот жеткізушіні құрылыс салушыға 43,5 млн теңге шығын мен 4,3 млн теңге сот шығынын өтеуді міндеттеген. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.