13 Қараша 17:49
...

САНТЕХНИКТЕН миллиардерге дейін. Болат НАЗАРБАЕВТЫҢ өмір жолы қандай?

Фото:
Бүгін таңертең

экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев дүниеден өтті.

Көзі тірісінде Б. Назарбаев елдегі ірі активтерге ие екені және рейдерлік шабуылдар арқылы түрлі кәсіптерді қолына алғаны жұрт арасында жиі сөз болатын. Алайда оның өзі БАҚ өкілдеріне жиі сұхбат бермейтін және бизнесі туралы ақпарат жабық болды. Сондықтан ол туралы алып-қашпа әңгімелер де көп тарады.

Болат Назарбаев 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол өмірінің соңына дейін Назарбаев әулетінің қара шаңырағы деп есептелген Шамалған ауылында тұрды.

«Болат Әбішұлы үйдің кенже ұлы болғандықтан, қазақтың салты бойынша ата-анасы мен үй шаруасына қарау міндеті өзіне жүктелген және 18 жасында әкесінен айырылғандықтан өмірде барлық жетістікке өз күшімен жеткен», – деп жазады Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қорының сайты.

Алайда кәсіптік-техникалық училище деңгейінде ғана білімі бар Болат Назарбаевты «өз еңбегімен көтерілген жоқ» деп есептейтіндер де көп болды.

Ағайынды Назарбаевтардың мансабы қалай өсті?

1973 жылы ағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалған кезде жас Болат әскерден келіп, ауылда механик болып жұмысқа кіріскен. Одан кейін аға механик, бригадир, «Шамалған» совхозы директорының орынбасары, Қаскелеңдегі нан зауыты директорының орынбасары болды.

Б.Назарбаев пен Н.Назарбаев. Фото: ғаламтордан

1989 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып ірі лауазымға келгенде інісі Болат кішігірім нан зауытындағы жұмысынан кетіп, жеке кәсіп ашты. Өзінің қайырымдылық қорының сайты оны «ұсақ мал терісін өңдеп сатуда табысты болды» деп жазады. Сол кезден бастап Назарбаевтардың үлкені саясатта, ал кішісі бизнесте өсе бестады.

Айта кетейік, Назарбаевтар әулетінде Қазақстандағы ірі бизнестің тұтқасын ұстаған Болат Назарбаев қана емес, бүкіл әулеттің елде және шетелдерде көптеген активі бар.

1991 жылдың 1 желтоқсанында бір ғана үміткердің қатысуымен Қазақ КСР-інің тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7%-ын дауысын иеленді. Бір жыл өткен соң, 1992 жылдан бастап Болат Әбішұлы елдегі ең ірі аграрлық компаниялардың бірі «Іңкәр агроны» басқарды.

1995 жылы референдум өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев қайта президент болып сайланып, өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Ал інісі Болат 1997 жылдан бастап, «BN Invest» қаржы-өндірістік холдингін құрып, басқарды.

«BN Invest» холдингінің жылдық табысы 2015-2018 жылдар аралығында тұрақты 3,6-3,7 млрд теңге болса, 2019 жылы 1,8 млрд теңге дейін азайып, 2020 жылы 118 млн теңге боп қалған.

Айта кетейік, марқұмға тиесілі басқа да ірі сауда орындары мен мейрамханалар, елдегі және шетелдегі жылжымайтын мүліктер бар екені басылымдарда жиі жарияланып келді.

2019 жылы 20 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтататынын мәлімдеп, жаңа президент сайланғанша орнына Қасым-Жомарт Тоқаев уақытша отыратынын айтты. Кейін, президенттік сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті болып сайланды. 2022 жылы кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Тоқаев қайтадан Қазақстан президент лауазымын 7 жылға алды.

Рейдерлік туралы дау

Болат Назарбаевты «өзге бизнестерді рейдерлік арқылы басып алды» деп айыптаулар ел ішінде жиі болғанымен ресми ешқандай мәлімет тарамаған. Алайда 2022 жылы БАҚ пен әлеуметтік желілерде Нұрша Кәкенов, Әзім Абдуллаев есімді азаматтар Болат Назарбаевтың рейдердік әрекеттері туралы құзырлы органдарға шағым түсіргенін хабарланған.

М.Құрманғалиева мен Б.Назарбаев.

Артынша Бас прокуратура «Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның үстінен рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» растады деген хабар тарады. Тіпті танымал шоу-бизнес өкілі Баян Алагөзова да күйеуі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтың бизнесін Б.Назарбаев рейдерлік жолмен тартып алмақ болғанын мәлімдеген.

«Болат Назарбаевтың оң қолы» деп аталған Елдос Қоспаев пен оның 7 сыбайласы қыркүйекте Солтүстік Кипрде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Ол Болат Назарбаевқа қарсы куәлік еткен болуы әбден мүмкін.

Болат Әбішұлы журналистерге өте сирек сұхбат беретін. Соңығы жылдары ол тек журналист Гүлмира Нәлібайға ғана сұхбат берді. Ол сұхбат барысында ешкімнің ала жібін аттамағанын, ешкімнен ештеңе алмағанын айтқан. Тіпті сол кезде президент болып тұрған ағасы Нұрсұлтан Назарбаевтан да ештеңе сұрамағанын жеткізді.

«Жұрт ағасы көмектеседі деп ойлайды. Мен ол кісіден осы уақытқа дейін «мына жерде жұмыс істегім келеді» деп қызмет сұраған емеспін. Адамның басы жұмыс істесе фамилия да жетеді, әрі қарай өзім алып кеттім», – деген. Бірақ «фамилия да жетеді» деген сөздің астарында не жатқанын журналист қазбалап сұрамады.

Болат Назарбаевтың әйелдері

Экс-президенттің інісі көп әйел алғаны да жиі айтылды. «Салиқалы ұрпақ» қорының сайтында оның тек 1955 жылдан 2020 жылға дейін Гүлжан Назарбаевамен отасқаны және Гүлмира, Құндыз және Нұрбол деген балалары бар екені жазылған. Алайда әлеуметтік желілерде Болат Назарбаевтың «тоқалдарынан» туған балаларының шілдехана, тұсау кесер тойлары дүркіреп атап өтіліп жатқан видеолары бар.

Той-томалақтардан тараған видеолардың бірінде кескін келбеті Болат Назарбаевқа құсайтын кісі қалтасынан бір бума шетел валютасын алып шығып, елге таратып жатқан видеосын көруге болады.

Сондай тойлардың бірі қазіргі Абай обылыс, Үржар ауданына қарасты ауылдардың бірінде 2 жыл бұрын өткен. Біз сол ауылдың тұрғынанан сұхбат беруін сұрадық. Есімін атамауды жөн көрген ауыл тұрғыны Болат Назарбаевтың қызының тұсаукесерін есіне алды.

– Той дүркіреп өтті. Ауылымызға Мақпал Жүнісова, Роза Әлқожа, Ернар Айдар сияқты танымал әншілер келіп, концерт қойды. Ауыл тұрғындарының көңіл күйін бір көтеріп кетті. Тойға көп қаражат жұмсалғаны көрініп тұр. Тойда ұтыс ойнатып, автокөліктер мен тұрмыстық техникалар сияқты бағалы сыйлықтар берді. Киіз үйлер тікті. Біздің бала кезімізден жөндеу көрмеген ауылымызға кіретін жолды жөндеп кетті. Жолды толық жөндемесе де, тозған жерлерін жамап берді. Алайда ол жол көп ұзамай қайта бұзылды, – деді ауыл тұрғыны тілшімізге.

Экс-президенттің інісінің әйелдері мен «тоқалдарының» киетін киімдері де әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жататын. Олар әлемдік танымал брендтердің қымбат киімдерін киіп, аксессуарларын қолданатыны туралы және олардың құны Қазақстандағы қарапайым халықтың жалақысынан бірнеше есе көп екені айтылды.

Экс-президенттің атышулы бауыры Болат Назарбаевтың қысқаша өмір жолы осындай. Ол 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көңіл айтты.

Тегтер: