Санкцияға рахмет. «ҚазТрансОйл» НЕГЕ қарыздан құтыла бастады?
2022 жылы жағдайын күрт нашарлатып алған «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы 2023 жылы сәл де болса түзелу жолына түсті. Жалпы түсімін 290 миллиард теңгеге жеткізіп, ал таза пайдасын 32,8 миллиард теңгеден асырды. Бұл – 2022 жылдан жақсы, бірақ 2021 жылдың көрсеткіштеріне жетпейді.
Мұнай тасымалының операторы «ҚазМұнайГаз» арқылы мемлекетке қарайды. Тек оның акцияларының 10 пайызы «Халықтың IPO» аясында жеке тұлғаларға сатылған. 2023 жылды «ҚазТрансОйл» жаман аяқтаған жоқ. Мемлекетке 7 миллиард теңге салық төледі. Ал 32,8 миллиард теңге таза табыстың біршама бөлігі дивиденд ретінде де мемлекетке қайтпақ. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» 15 миллиард теңге дивиденд төлегенін ескерсек, биылғы дивидендтер сомасы одан да қомақты болуы тиіс
«ҚазТрансОйл» 2023 жылы НЕГЕ табысын арттыра алды? Бірақ НЕГЕ 2021 жылғы қаржылық жетістігін қайталай алмай отыр? Бұл сұраққа жауап беру үшін компанияның операциялық ортасы, шығындары мен тариф ставкаларына үңілу керек болады.
Қазір «ҚазТрансОйлда» ұзындығы 5,3 мың шақырым магистралды мұнай құбыры және 2,3 мың шақырымдық су құбыры бар. Судан ұлттық компанияға шығын келмесе, еш пайда жоқ. Бұл – әлеуметтік жүктемесі. Бар кіріс мұнайды құбыр арқылы айдаудан келіп отыр. 290 миллиард теңгелік түсімнің 210 миллиард теңгесі мұнай тасымалдауынан келген. Жалпы түсімнің 243 миллиард теңгесі Қазақстаннан, 28,3 миллиард теңгесі Ресейден, 11,3 миллиард теңгесі Грузиядан, 1,9 миллиарды Өзбекстаннан түсті.
Компанияның қызмет көрсету шығыны бір жылда 28 миллиард теңгеге артып кеткен. 2023 жылы 248,8 миллиард теңге шығыннан 97,8 миллиард теңге қызметкерлерге жалақы төлеу, 71 миллиард теңге амортизацияға, 13 миллиард теңге күзет қызметіне жұмсалды.
2023 жылы «ҚазТрансОйл» басшылары жалақы мен сыйақы, еңбек демалысы ақысы түрінде 605,5 миллион теңге алды. Бірақ өткен жылдың бонустары қолдарына енді түспек. Ол үшін акционерлердің жалпы отырысы жиналуы тиіс.
Ньюанстар осы жерде басталады. 2022 жылы ұлттық компания небәрі 19,8 миллиард теңге таза кіріс тапқан болатын. Бірақ, соған қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы сенімді серігі болған, кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбектің ұлы Ардақ Қасымбек 2022 жылы директорлар кеңесіне мүше болғаны үшін 18 миллион теңге, ал тәуелсіз директорлар Қазбек Құсайынов пен Тимоти Миллер 80 мың доллардан алды.
Сонда тәуелсіз директорлардың ай сайынғы табысы 6 жарым мың доллардан шығып отырған. Жаман емес. Ал Ардақ Қасымбек өзінің «ҚазМұнайГаздағы» негізгі айлығына қосымша «ҚазТрансОйлдан» ай сайын бір жарым миллион теңге қосып отырды.
Тақырыпқа орай: Өлі-тірісін береміз. «Қазтрансойл» НЕГЕ ақша таратты?
2023 жылғы табыс одан екі еседей көп. Дәл осы бонустық саясат сақталатын болса, директорлар кеңесінің мүшесі Ардақ Қасымбек, тәуелсіз директорлар Тимоти Миллер, Адриан Фрейсине, Қазбек Құсайыновтар одан да мол табысқа кенелмек.
«ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдау тарифін Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Былтыр ҚТО 1 тонна мұнайды мың шақырымға тасымалдағаны үшін 4 849,39 теңгеден алып келді. Биыл тариф тағы да өсетін болса, онда Қазтрансойл табысы 2021 жылдың деңгейіне жетеді деп болжауға болады.