USD
USD
USD

Санкт-Петербургте ғарышты игеруге арналған фотокөрме ашылды

Санкт-Петербургте III Ресей–Қазақстан медиафорумы «Ғарышты игеру ресейлік және қазақстандық фотографтардың көзімен» атты фотокөрмемен басталды.

Kazinform
Фото: Kazinform

Астана, NEGE. Көрмені Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен ТАСС агенттігі бірлесіп ұйымдастырған. Экспозицияға екі елдің фототілшілері түсірген, ғарышты игеру тарихындағы маңызды оқиғаларды бейнелейтін фотосуреттер қойылды.

Фотосуреттердің басым бөлігі Байқоңыр ғарыш айлағында түсірілген. 2025 жылы ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. Ал биыл Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына – 65 жыл және тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапарына 35 жыл толып отыр.

Kazinform
Kazinform

Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева Байқоңырды екі елдің ортақ тарихы мен ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігінің нышаны деп атады.

«Байқоңыр ғылыми прогрестің, батылдықтың және Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихының символына айналды. Медиа мен кәсіби диалог арқылы біз өзара сенімді нығайтып, тарихи жадымызды сақтаймыз», – деді ол.

Көрменің ашылуында Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Бәйтерек» жобасы да сөз болды. Жоба аясында 2026 жылғы 30 сәуірде «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығышы алғаш рет сынақтан сәтті өткізілгені айтылды.

ТАСС
ТАСС

ТАСС агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашов Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы ғана емес, Байқоңыр ғарыш айлағы да байланыстыратынын айтты.

«Бізді Байқоңыр атты ортақ ғарыш мекені біріктіреді. Сондықтан медиафорумды осы тақырыпқа арналған бірлескен көрмемен бастауды жөн көрдік», – деді ол.

Андрей Кондрашов бұл оқиғаны екі елдің ғарыш саласындағы серіктестігін жаңа деңгейге көтеретін тарихи қадам деп бағалады.

Форумның пленарлық отырыстарында жасанды интеллект пен жалған ақпарат дәуіріндегі журналистика, екі ел арасындағы диалогты нығайтудағы медианың рөлі және медиа саласындағы кадр мәселелері талқыланады.

Алғашқы Ресей–Қазақстан медиафорумы 2024 жылғы қарашада Мәскеудегі ТАСС агенттігінің бас кеңсесінде өтті. Екінші форум 2025 жылы Алматыда ұйымдастырылды. Биылғы жиын Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Абылай ханның туғанына 315 жыл толуына орай өткізіліп отыр.

Қазір оқып жатыр

Қарағандыдағы кәсіпорында екі жұмысшының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды

жұмысшы қазасы

Жауыннан соң көлігі бүлінген астаналық өтемақы талап етті: әкімдік не дейді

нөсер

Грузиядағы ірі МӨЗ ресейлік мұнайдан бас тартып, қазақстандық мұнайға көшуде

мұнай

Сайлау күні онлайн-сервистер жұмыс істейді

сайлау