«Сүймейтін адаммен ары қарай өмір сүрудің қажеті жоқ» – Актриса Гүлбаһрам Байбосынова

Гүлбаһрам Байбосынова – қазақ театры мен киносына өзіндік болмысымен келген актриса. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының белді қызметкері киелі сахна мен көгілдір экран арқылы көптің қошеметіне бөленіп келеді. Жеке өмірін құпия ұстағанды жөн көретін өнерпазбен тілшіміз тілдесіп, сыр ақтарып көрді.
– Гүлбаһрам, сіздің түрлі кейіпкерді сомдағанды сүйетініңіз белгілі. Өзіңізді енді тағы қандай образда көреміз?
– Қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүкті бұрыннан ойнағым келетін. Бірақ мені Мәншүктің анасын сомдауға шақырды, сондықтан одан бас тарттым. Жалпы өз басым рөл талғамаймын, театрда да қандай кейіпкердің болмысын суреттеу бұйырса, соны алып шығуға тырысамын. Алда сәуір айында тағы бір туындыда төбе көрсетемін, оны экранға шыққан соң көре жатарсыздар. Негізі өз басым актерге жиі рөл бұйыра берсе, арқасын кеңге салып кете ме деймін. Арада үзіліс болса, әрбір жаңа рөлге білек сыбана кірісуге құштар келетін сияқты.
– Телеэкрандағы беделіңіз театрда басты рөл алуға септігін тигізе ме?
– Өзім жұмыс істейтін театрдың басшылығы тарапынан ондай әрекет байқамаппын. Дегенмен, «Нурикамал» кинокартинасынан кейін маған бірқатар театр мен кинорежисерлерден ұсыныс түсті. Бірақ олардан бас тартуыма тура келді, себебі Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театрда қосымша жұмыс істеймін.
Сөзіңіздің жаны бар, қазіргі таңда театр мен киноға танымалдығы арқылы келіп жатқандар аз емес. Әсіресе, мұндай жағдай кинода көп қылаң береді. Бұл жан ауыртатын мәселе. Себебі касса толтырамыз деп өнерді алалап жатырмыз.
– Мәселен, Жұлдыз Әбдікәрімованың түрлі театрдан шақырту алатынын Қайраттың танымалдығымен байланыстыратындар бар. Бұған не айтасыз?
– Жұлдыз – оқыған-тоқыған кәсіби актриса. Сондықтан оның өнеріне шүбә келтіре алмаймын.
– Белгіленген гонорарыңыз бар ма?
– Әрине. Өткенде ғана бір сериалға ұсыныс түсті. Алғашында келісіп, сценарийді жаттап, барынша әзірлік жасадым. Олар да сәйкесінше киетін киімдеріме дейін дайындап қойды. Сөйтіп, түсірілімге бір күн қалғанда гонорар мөлшері азаятынын айтты. Мен өз бағамды білетін адам болғандықтан, ол туындыда ойнаудан бас тарттым.
Негізі шыны керек, осы уақытқа дейін қанша фильмге түссем, соның бәрінде басы-қасында жүргендер қаражат аз екенін айтады. Бұл көңіл-күйіңді түсіреді. Егер рөл қатты ұнап жатса, аз-кем ақысына қарамастан түсетін кездер болады. Бірақ табыс та керек. Қашанғы «рақметке» жұмыс істеп жүре береміз. Тапқан табыс – біздің жейтін нанымыз. Ал еңбек бағалану керек.

– Театр мен киноның арасында жүрген кіммен иық тірестіргіңіз келеді?
– Алғашында рөлге деген қызғаныш болғаны рас. Бірақ уақыт өте келе ешкіммен таласып-тартыспау керек екенін түсіндім. Әр адамның өзіндік орны, жолы және харизмасы болады. Өнердегі адамдар әр түрлі ампулада болуы керек, сондықтан ешкімге ұқсағым келмейді. Керісінше, өзімнен жоғары тұратын жандардың бойындағы жақсы қасиетті сіңіруге ұмтыламын. Оның өзінде оны қайталамауға тырысамын.
– «Нурикамал» драмасында Ханбибі Есенқарақызының образын сәтті сомдап шықтыңыз. Егер өмірде солай күйеуіңіз біреуді сүйіп қалса, кейіпкеріңіздей мәрттік танытасыз ба?
– Тұрдықылыш Нурикамалға ғашық болып қалды, яғни сол арқылы композитордың тұла бойында тұнған муза пайда болды. Олардың араларында айтарлықтай ештеңе болмады. Ал адамдар жақындасып, бір-бірін сүйіп қалса, масқараның көкесі сол. Демек, ол адам сені сүймейді деген сөз, ал сүймейтін адаммен ары қарай өмір сүрудің қажеті жоқ. Ондай отбасында береке болмайды. Мұндай жағдайлар кинода ғана болсын дейік.
– Жұбайыңыз Қазыбек екеуіңіздің ара-жасыңызда алшақтық бар екен. Бұл тұрмыста түсіністік танытуда кедергі келтірмей ме?
– Мен жеке өмірім жайлы айтқым келмейді. Бірақ біздің арамызда жас ерекшелігімізге байланысты түсінбеушілік туындаған емес. Адамдар сана биігінде сәйкес келсе, ештеңе кедергі келтірмейді деп ойлаймын.

– Дегенмен, сахнадағы серіктертеріңізден қызғанып қалатын сәттер болатын шығар?
– Екеуіміз бір салада жүргендіктен, қызғаныштан гөрі бір-бірімізді түсіну әрі қолдау басым. Отбасының шырқын бұзбау мақсатында көлденең көк аттыларға мән бермеуге тырысамыз.
– Қандай келінсіз?
– Бұрын сұхбаттарымда «келін болсам өйтер едім, сөйтер едім» деп көп айтатынмын. Кейін келе тыныштықта өмір сүрудің жөн екенін түйсіндім. Осы ретте өзімді қамшылауды доғарып, жақсы көруді бастағанымды жасырмаймын. Дегенмен, ата-енеммен бірге тұратын болғандықтан, ел қатарлы келіндік қызметімді атқарамын, онда тұрған ештеңе жоқ. Негізі тамақ жасағанды ұнатамын. Үйдің іші таза әрі әр заттың орынында тұрғанын қалаймын.
– Бір сұхбатыңызда «әйелге ана болу маңызды» депсіз. Өнерді отбасылық бақытпен алмастыра аласыз ба?
– Алғаш кездесіп жүрген кезде жұбайым «актриса болмай-ақ қойшы» дегендей қылды. Мен оның қалауына келістім.
– Демек, еркектің айтқанына мойынсұнатын әйел болып тұрсыз ғой?
– Әрине. Бірақ уақыт өте келе менімен бір жерде жұмыс істеп жүргендіктен, театрды шексіз сүйетінімді түсінді. Сондықтан екеуіміз бірдей өнерде жүреміз деп шештік.
– Коучтарды тыңдайсыз ба, әлде жүрегіңізді тыңдайсыз ба?
– Қазір не көп коуч көп қой, өзі өмір көрмеген адам өзгені қандай ақылмен жарылқайды? Сондықтан көрген-білгені бар тәжірибелі психологтардың айтқанына ден қоямын. Бірақ мен адам өзгеден бұрын өзінің жүрегін тыңдау керек деп ойлаймын. Сонда адаспайсыз.