15 Шілде 11:56
...

Сән-салтанат салығы: Миллион долларлық көлік кімдікі?

Салық кодексі
Фото: Коллаж NEGE

Жуырда Ұлттық экономика министрлігінің Салық саясаты департаменті директоры Ерлан Сағынаев жаңа Салық кодексін таныстыру барысында сән-салтанат салығы автокөліктер мен пәтерлер ғана емес, сонымен қатар ішімдік пен темекі өнімдеріне де салынатынын айтқан еді.

«Егер жиынтық бойынша менде, мысалы, құны 450 миллион теңгеден асатын бір немесе бірнеше нысан болса, онда мүлік салығының көтерілген ставкасы автоматты түрде қосылады. Қалған нысандар бойынша қандай шаралар болады дегенге келсек?! Жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде, сырттан әкелінген автокөліктердің кедендік құны 75 миллион теңгеден асса, онда кіре берісте акциз түріндегі 10% артық соманы меншік иесі қосымша төлейді. Сол сияқты, 100 миллионнан асатын кедендік құнның 10 пайызы яхталарға, ұшақтарға, кемелерге түседі, яғни біз оларды қымбат нысандар қатарына жатқызамыз. Яғни мұндай мүлікті сатып алуға мүмкіндігі бар азаматтар жоғары мөлшердегі салық салу және акциз арқылы қосымша салық төлейтін болады», – деді Сағынаев.

NEGE порталы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігіне ресми сауал жолдап, соңғы екі жылда елге әкелінген 570 қымбат көліктің жалпы құны, олардың иелері, сондай-ақ қымбат алкогольдік ішімдіктер мен сигаралар туралы сұрау салды.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин «сұрақтарға жауап беруге Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құзырлы екенін» хабарлады.

министрлік
Фото: NEGE

Ал Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің директоры Дамир Нұрғалиев сұрақтарымызға ішінара жауап берді.

«2022 жылы кедендік құны 75 млн теңгеден асатын 242 жеңіл автомобиль ел аумағына әкелінгенін хабарлаймыз, оның жалпы құны 26,7 млрд теңгені құраған.

2023 жылы кедендік құны 75 млн теңгеден асатын 99 жеңіл автомобиль әкелінген, оның жалпы құны 10,1 млрд теңге. Бұл ретте, кедендік құны ең үлкен автомобильдің құны – 380,9 млн теңге. Сонымен қатар, Салық кодексінің 30-бабына сәйкес хатта көрсетілген сұрақтардың ішінде салықтық құпияны құрайтын мәліметтер бар екендігін атап өткен жөн. Сондықтан, хаттың 2-3 сұрақтары бойынша мәліметтер салықтық құпияны құрайтын мәліметтер болғандықтан аталған мәліметтерді беру мүмкін емес.

Министрлік
Фото: NEGE

Алкоголь және темекі өнімдерінің импорты Қазақстан Республикасының ішкі нарығында сату және тұтыну мақсатында жүзеге асырылады. Бүгінгі күні импортқа тыйым салынбағанын хабарлаймыз», – деп жауап берді Д.Нұрғалиев.

Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық құпияны алға тартып, аса қымбат көліктің маркасы мен иесін құпиялап қойды. Құны 1 млн долларға жуықтайтын бұл қандай көлік? Иесі кім? Қазақстанға қандай мақсатта әкелген? Сән-салтанатын келтіріп мініп жүру үшін бе, әлде қайта сату үшін бе?

Қымбат көліктер
Rolls-Royce Cullinan. Фото: Kolesa.kz

Тілшіміз көлік сатумен айналысатын Kolesa.kz сайтын парақтап көрді. Аса қымбат көліктер сататын DELUXE AUTO автосалонында тұрған ең қымбат көліктің құны – 360 млн теңге. Өткен жылы ғана шыққан жаңа Rolls-Royce Cullinan үшін автосалон осынша ақша сұрап тұр.

Бұдан бөлек, құны 350 млн теңгелік 2024 жылғы Rolls-Royce Spectre мен 250 млн тұратын Lamborghini Urus бар.

Колеса
Rolls-Royce Spectre. Фото: Kolesa.kz
Налог
Lamborghini Urus. Фото: Kolesa.kz

Алайда бұлардың бағасы біз іздеген 380,1 млн теңге тұратын жұмбақ көлікке жетпейді. Егер «миллион долларлық» көлікті қайта сату үшін әкелсе, үстіне баға қосып сататыны анық. Егер сатылымда жоқ болса, «міну үшін әкелген» деп пайымдауға болады. Сондықтан да біз «миллион долларлық жұмбақ көлікті» және оның иесін іздеуді жалғастыра береміз.

Әлемдегі ең қымбат көлік 2022 жылы Штутгарттағы аукционда 135 млн долларға сатылыпты. 1955 жылы шыққан Mercedes-Benz 300 SLR Uhlenhaut Coupe көлігін кім сатып алғаны белгісіз. Аукцион әдеттегідей жабық өткен. Бұл көліктің қымбат болатын себебі әлемде екі данасы ғана қалыпты.

Автосалон
MERCEDES-BENZ 300 SLR UHLENHAUT COUPE. Фото: DEAN MOUHTAROPOULOS/GETTY IMAGES

Әзірге «бар-жоғы» миллион долларлық көлікпен мақтана тұрайық. Күндердің-күнінде аса қымбат екі Мерседестің бірі Қазақстанға келіп жатса, қатты таңғалмай-ақ қойыңыз, өйткені біздегі заңсыз ақша әлі де ағыл-тегіл...