«Самұрық-Қазына» Qazaq Air-дің 51% акциясын сатты
«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуе компаниясының 51% үлесін вьетнамдық Sovico Group компаниясына 1,02 млрд теңгеге сатты. Бұл туралы KASE сайтында жарияланған қордың 2025 жылдың тоғыз айына арналған аудиттелмеген қаржылық есебінде айтылған.
Астана, NEGE. Мәміле аяқталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» әуе компаниясының 49% акциясына иелік етеді.
Есеп-қисапта мәміленің түпкілікті жабылуы 2025 жылғы 6 мамырда жүзеге асқаны көрсетілген.
Qazaq Air компаниясы 2023 жылы жекешелендіруге шығарылған болатын. Ол кезде компанияның құны 10,2 млрд теңге деп бағаланып, сондай-ақ Ұлттық қор алдындағы шамамен 38 млрд теңге көлеміндегі қарызды өтеу міндеттемесі қарастырылған еді. Әуе тасымалдаушыны сату бойынша өткізілген конкурс өтінімдердің болмауына байланысты екі рет жарамсыз деп танылды.
Sovico Group компаниясының Qazaq Air-ды сатып алуға қызығушылық танытқаны туралы ақпарат алғаш рет 2023 жылдың қараша айында жария болды.
2024 жылы билік өкілдері мәмілені жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлаған, сол кезде оның құны 2 млрд теңге шамасында бағаланған. Сондай-ақ инвестор компанияның қарыздарын өтеу және жаңа әуе кемелерін сатып алу міндеттемесін өз мойнына алады деп болжанған.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында «Самұрық-Қазына» қоры Central Asia Aviation Holdings Limited және Kazasia Holdings Limited консорциумымен Qazaq Air-ды сатып алу-сату туралы келісімшартқа қол қойды. Онда мәміле барлық алдын ала шарттар орындалғаннан кейін жабылатыны көрсетілген, алайда ол кезде мәміленің нақты сомасы жария етілмеген еді.