«Самұрық-Қазына» ERG арқылы табыс табуы мүмкін – сарапшы
Экономист Арман Батаевтың пікірінше, «Самұрық-Қазына» ERG және өзге де портфельдік компанияларының акцияларын биржаға шығаруы мүмкін.
Астана, NEGE. Оның пайымдауынша, Үкімет ERG-нің 40% акциясын «Самұрық-Қазынаға» компанияны Қор тарапынан қаржыландыру мақсатында берген болуы мүмкін.
Сарапшы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ERG тау-кен холдингінің 40% акциясын «Самұрық-Қазынаға» жай ғана мемлекеттік активтерді қайта бөлу мақсатында бермеген деп есептейді.
ERG-дегі үлесті беру ақша аударымынсыз, өзара есеп айырысу арқылы іске асты. Яғни Үкімет ERG акциялары арқылы «Самұрық-Қазынаның» жаңа акциялар шығарылымын төлеген.
Оның болжамынша, келесі кезеңде ERG-дегі 40% үлес «Самұрық-Қазынаның» тау-кен саласындағы бейінді портфельдік компаниясы «Тау-Кен Самұрыққа» берілуі мүмкін.
Батаевтың айтуынша, ERG-нің «Самұрық-Қазына» құрылымына кіруінің басты артықшылығы – компанияның Қор есебінен қаржыландырылуы. «Самұрық-Қазына» халықаралық капитал нарықтарынан қаражат тартып, оны еншілес компанияларға жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыруға немесе қымбат қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыттай алады.
Экономистің сөзінше, ERG кезіндегі Qarmet компаниясы сияқты, әлі де айтарлықтай жеткіліксіз қаржыландырылып отырған компания болып қала береді. Сонымен қатар оның қарыз жүктемесі жоғары, оның ішінде ресейлік кредиторлар алдындағы міндеттемелері де бар.
«Сондықтан ERG "Самұрық-Қазына" құрылымына толық кіріктірілгеннен кейін компанияға Қор тарапынан топішілік қарыздар және басқа да қаржыландыру түрлері берілуі мүмкін деп ойлаймын. Бұл қаражат жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға жұмсалуы ықтимал», – деп жазады Батаев.
Сарапшы болашақта «Самұрық-Қазына» ERG-дегі үлесін капитал нарығы арқылы монетизациялай алады деп пайымдайды. Мысалы, компанияны IPO-ға шығару мүмкіндігі бар. ERG бұған дейін де жария компания болған.
Бұдан бөлек, сарапшы «Самұрық-Қазына» құрамында ірі портфельдік компаниялардың 10-20%-дық үлестерінен тұратын инвестициялық ETF қорын құрып, кейін оны Лондон немесе Гонконг биржаларында IPO арқылы орналастыруды ұсынады. Мұндай қорға ERG, «Қазцинк», «Қазақтелеком», Kcell сияқты компаниялардың акциялары кіруі мүмкін.
«Ірі портфельдік компаниялардың миноритарлық үлестері жинақталған ETF-ті орналастыру "Самұрық-Қазына" қорының негізгі міндеттерінің бірін шешуге мүмкіндік берер еді. Яғни, қарыз жүктемесін үнемі арттырмай-ақ, жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін қомақты көлемде капитал тартуға жол ашылады», – дейді экономист.
Ол мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәселесінің маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның пікірінше, болашақтағы ықтимал экономикалық дағдарыс кезінде мемлекеттік холдингтердің тұрақтылығы ел экономикасын қаржыландыруға тікелей әсер етуі мүмкін.