23 Сәуір 17:45
...

«Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысы өтті: Қазақстандық тауар өндірушілермен 1,4 трлн теңгеге келісімшарт жасалады

Үкімет
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың өндірістік және қаржылық көрсеткіштер туралы есебі тыңдалды.

Алматы, NEGE. Мемлекет басшысының басым инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Қор басшылығы экономиканың басым салаларындағы жалпы сомасы шамамен 36,4 трлн теңгені құрайтын инвестициялық 46 ірі жоба туралы баяндады. Бүгінгі таңда «Полиэтилен өндірісі», күкірт қышқылы зауыты және «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісі, Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауыты, сондай-ақ «Шу», «Жамбыл», «Шымкент» қосалқы стансаларында Қазақстан БЭЖ оңтүстік аймағының электр желісін нығайту шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін «Достық – Мойынты» теміржол желісі, Алматы қаласын айналып өтетін айналма теміржол желісі, Ақтау порты базасындағы контейнерлік хаб, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, Кендірлідегі су тұщыту зауыты сияқты инфрақұрылымдық нысандарды, сондай-ақ Caspi Bitum зауытын кеңейту және Павлодар мұнай-химия зауытында дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобаларын аяқтау жоспарлануда.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударылуда. Қордың сатып алу тәртібінде: тауарларды ОТӨ-ден сатып алу басымдығы, жұмыстар мен қызметтерді орындау кезінде ОТӨ-ден тауарларды сатып алу бойынша мердігерлер мен қосалқы мердігерлік ұйымдардың міндеттемелері, сондай-ақ 16-дан астам қосымша қолдау шаралары көзделген. Аталған қолдау шаралары шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттар санын 2024 жылғы 1,1 трлн теңгеден 2025 жылы 1,4 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Импортты алмастыру бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры өткен жылы қазақстандық кәсіпкерлермен 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасады – бұл 10 есе өсім. Кәсіпкерлікті қолдау шараларының бірі skstore. kz электрондық дүкені. Платформасында 13 мыңнан астам ШОБ өкілі және 500 отандық тауар өндіруші тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14,6 млрд теңгеге 25 мың тапсырысты құраған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге көп.

Премьер-министр «Самұрық-Қазына» қоры басшылығына және жауапты министрліктерге жобалардың Қазақстан инфрақұрылымына, энергетикасына, көлік логистикасына, өнеркәсіптік және экономикалық дамуына мультипликативті әсерін ескере отырып, олардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.