«Самұрық-Қазына» басшысы Тоқаевқа 21 трлн теңге жұмсалатын жобалар туралы баяндады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Жақыпов Президентке Қордың қызметі, негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалуы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде есеп берді.
Оның мәлімдеуінше, 2026 жылы Қор 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Ол жобалардың қатарында Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау теміржол учаскелерін жаңғырту, Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытын салу, Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысын және гибридті электр станциясын салу жобалары бар.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» басшысы Астанадағы деректерді өңдеу орталығының құрылысы мен Каспий теңізінің табанына талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары аяқталуға жақын қалғанын атап өтті.
Сондай-ақ 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ секторы, көлік және цифрлық инфрақұрылым салалары бойынша 21 триллион теңгеге 38 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұған қоса, Нұрлан Жақыпов медициналық және әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріліп отырғанын, мүгедектігі бар балаларға арналған 55 орталық және 46 инклюзия кабинеті ашылғанын баяндады. Оның айтуынша, бұдан бөлек спорттық және білім беру инфрақұрылымын дамыту көзделген.
Тоқаев Жақыповқа Қор жұмысының негізгі бағыттарына қатысты бірқатар тапсырма берді.