«Samal» су зауыты зират жанында орналасқан ба?
Әлеуметтік желі қолданушысы «Керемет Су СКЕ» компаниясына қарасты су өндіретін «Samal» су мекемесінің тура зират жанында орналасқанын жариялаған болатын.
«Samal» су зауытының №2940 гидрологиялық ұңғымасы Төменгі Пятилетка ауданындағы солтүстік зират маңындағы Бартольд 157 көшесінде орналасқан. Санитарлық нормаға сай, зират жанында ішке тұтынатын өнім өндірілмеуі керек. Шешімді өздеріңіз шығарыңыздар. Мен ішпеймін, сізге де кеңес беремін», – делінген бейнежазбада.
Бұдан кейін «Samal» су зауытының сайтына кіріп, мәліметтер базасымен таныстық.
«Керемет Су СКЕ» компаниясы 2009 жылдан бастап Samal суының өндірісімен, оны жеткізумен және сатумен айналысады. Тереңдігі 300 метрден астам Қазақстан артезиандық жер асты су көздерінің № 2940 ұңғымасы Samal ауыз суының көзі. Ұңғыма Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан. Су ұңғымадан құю желісіне дейінгі жолды өту барысында механикалық тазалау, жұмсарту, фильтрация, молекулярлық тазалау мен ультракүлгінмен зарарсыздандыру секілді кешенді бессатылы өңдеуден өтеді. Өзінің ерекше балғын дәміне Samal суы озонмен құнарландырылғаннан кейін ие болады. Біз судың дәмдік және химиялық қасиеттерін тұрақты негізде бақылап отырамыз. Судың лабораториялық талдауы мен сапаны бақылауы тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Құю жөніндегі цех сағатына 100-ден аса бөтелкені өндіретін автоматтандырылған желімен жабдықталған. Бөтелкелерді жуу мен суды құю бойынша барлық операциялар адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады. Су жасанды минералдануға ұшырамайды. Оның құрамында адамның денсаулығына қажетті табиғи минералды тұздардың шоғырлануы ғана бар. Ағзаға қажетті минералдардың мінсіз үйлесімі мен жағымды балғын дәм Samal суын кеңсенің барлық қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне таптырмайтын су етеді», – делінген мәліметте.
NEGE тілшісі «Керемет Су СКЕ» компаниясына қарасты су өндіретін «Samal» су зауытына хабарласты. Тілшімен тілдескен оператор Нұргүл Жантаева: «Жақында компания 15 жылдығын атап өтті. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба жайынан басшылық хабардар. Біздің мекеме зираттан 200 метр жерде орналасқан. Су 300 метр тереңдікте бұрғылау арқылы алынады. Бәрі санитарлық талапқа сай жүргізіледі. Бұл суды өзіміз де тұтынамыз. Сондықтан біз мұны бәсекелестердің тарапынан жасалынып отырған әрекет деп санаймыз. Себебі, Алматыда су өндіретін зауыт көп. Оның үстіне алда жаз маусымы келе жатыр. Алматы қаласында ауызсуды жеткізу бойынша «Samal» су көшбасында тұр. Тауарды өткізбес үшін әдейі аяқтан шалуда. Егер су өндіру барысын көзбен көремін десеңіздер, экскурсия жасауға дайынбыз», – деді оператор.