«Салтанат» би ансамблінің «Шашу» атты кеші өтті
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің "Cancordia" театрында ҚР Мемлекеттік “Салтанат” би ансамблінің “Шашу” атты кеші өтті.
Алматы, NEGE. Шараны Халықаралық конкурстардың лауреаты – Қуат Ыдырысқалиев пен «Retro FM» радиосының радиожүргізушісі Эльмира Жоламанова жүргізді. Жоғары кәсіби шеберлік пен биде сауатты қолданылған қойылымдар арқылы артистер көрерменді ерекше ырғақты қимылмен ғана емес, ықыласымен де бөледі.

Өнер ұжымы қазақтың және елімізде өмір сүретін түрлі этностар мен әлем халықтарының билерін көрермен назарына ұсынып келеді. Бүгінде өнерпаздар талай асуларды бағындырып, жетістікке жетті. Бұл жолда ұлттың хореографиялық мұрасын сақтап, бірегей образдар тудыра отырып, халық биін жемісті дамытып келе жатқанын атап өту орынды. ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамбліне бас балетмейстер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орымбаева Гүлсәуле жетекшілік етеді.
Айта кетейік, Халық әртісі, қазақ би өнерінің негізін салушы, киелі де рухани дүниенің сырын ашып, талмас талап пен қажымас қайраттың үлгісін көрсеткен Шара Жиенқұлованың 110 жылдық мерейтойына орай, ансамбль елміздің көптеген өңіріне гастрольдік сапармен барып, салтанатты кеш өткізді.

ҚР Мемлекеттік «Салатанат» би ансамблінің жеке әншісі Күміскүл Байтілеуова сахнада 20 жыл атқарған еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, ансамблдің бас есепшісі Виктория Хлыновская саланың тұрақты дамып, өркендеуі жолында сіңірген абыройлы еңбегі мен елеулі үлесі және белсенді қызметі үшін ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінен “Құрмет” грамотасын, балет артисі Акжан Нгимова елеулі еңбегі үшін Мәдениет және Спорт министрі Дәурен Абаевтың атынан алғыс хат алды.
Марапат иелерін ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің басшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Елубай Мұхамбетұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді.