Салтанат Бақаева: Роза Рымбаеваға алғысым шексіз

Әнші, әрі актриса Салтанат Бақаева ұзақ уақыт жұмысқа орналаса алмай, өнерден кетуге шешім қабылдаған
Алматы, NEGE. Салтанат Бақаева халықтың алғысына бөленіп жүрген өнер өкілінің бірі. Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты атанған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етеді. Көпшілікке әнші ретінде танылғанымен, оның негізгі мамандығы - театр әртісі. Ол Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында «Театр өнері» факультетінде білім алған. «Әкем театр» сахнасында У.Шекспирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған «Ромео мен Джульетта» қойылымында басты рөлді сомдап, қошеметке ие болды. Алайда, актрисаға бұл жетістікке жету оңай болмаған. Мамандығымен жұмысқа орналаса алмай, біраз уақыт театрдың есігін жағалап жүрген. Еш нәтиже болмағандықтан сағы сынып, күнкөрістің қамымен өнерден басқа салаға кетуге шешім қабылдапты. Сол қиын-қыстау кезеңде ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева жас өнерпаздың жұлдызын жағып, өнер әлеміне жол ашқан.
«Шын мәнінде театрда қатты жұмыс істегім келді. Бір емес, үш рет бардым. Жұмысқа тұра алмай қатты көңілім босаған сәттер болатын. Сол кезде мүмкін өнердің есігі мен үшін жабық шығар деп ойладым. Бірақ Аллаға шүкір Роза Қуанышқызының қолдауымен, арманым орындалды. Алғысым шексіз. Ол кісі болмағанда қазір немен айналысып жүретінімді білмеймін. Халық әртісімен кездейсоқ кездесіп қалдық. Жолым болып, жақсы ұсыныстар көптеп түсе бастады. Сол жылы мен үшін жұмыс жағынан өте сәтті жыл болды», - дейді көзіне жас алған Салтанат Бақаева «Оңай емес» бағдарламасында.
Салтанат бала күнінен бастап актриса болуды, театр сахнасында жүруді армандап өскен. Жас маманның болашағына жол ашқан Роза Рымбаева Бақаеваны театрға өзі апарыпты.
«Менің арманым актриса болу еді. Роза Қуанышқызына жұмысқа орналаса алмай жүргенімді айттым. «Ертең театрға барамыз, жақсылап дайындал», - деп айтты. Сол күні қатты қобалжыдым. Түнімен ұйықтамай бүкіл материалдарды оқыдым. Сөйтіп таңғы сағат сегіз жарымда келсем, Роза ханымда отыр екен. Өзім таңқалдым. Ол кісі менімен бірге екі сағаттай барлық тыңдауға қатысты. Сөйтіп мені жұмысқа алды. Сол кезде мені «Арнау» тобына да шақырды. Ол кезде менде ешқандай қорқыныш болмады. Ән айту мен үшін қиын емес. Бірақ сол кастингтен өтіп кетемін деп ойламадым. Тіпті мен әншілікке де ұмтылмадым. Сол сәтте ойламаған жерден «Арнау» тобына да қабылдандым, театрға жұмысқа орналастым», - дейді.
Актрисаның Халық әртісіне деген алғысы шексіз, құрмет-қошеметі ерек. Жасаған жайсылығын кез келген жерде айтып жүреді. Тасы өрге домалаған Салтанат өнерде өз қолтаңбасын қалдыруды мақсат тұтқан. Бүгінде сүйікті жар, талантты актирса, үш баланың анасы атанған. Оның осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарының сыры - өнерге деген құштарлығында.