24 Қыркүйек 12:32

«Салтанат» – Санкт-Петербургте өнер көрсетті

Санкт-Петербург
Фото: "Салтанат" би ансамблі

Бұл ерекше кеште алпысқа жуық өнер шеберлері мен балет артистері қатысты.

Алматы, NEGE. Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында «Балтийский дом» театр-фестивалінің сахнасында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің түрлі ұлт арасындағы достық, бірлік пен татулықты насихаттайтын концерті жоғары деңгейде өтті.  Ресей елі ансамбльді ыстық ықыласпен қарсы алды.

Сахна шымылдығы Заурбек Райбаевтың «Мереке биі» қойылымымен ашылды.

Даралардың салған сара жолын насихаттап, өшпес мұрасын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында қазақтың би өнерінде алтын әріптермен есімі жазылған, қазақ­тан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер, ҚР Халық артистері Дәурен Әбіровтің, балетмейстер Заурбек Райбаевтың, балетмейстер Елдос Усиннің алтын қорға енгізілген билері концерттің бірінші бөлімінде сахналанды.

Санкт-Петербург
"Салтанат" би ансамблі

Кештің «Азия аңыздары» деп аталатын екінші бөлімінде әлем халықтарының билері және қазақтың билері ұсынылып, орыс, ұйғыр, татар, қытай, өзбек, тәжік, моңғол халықтарының би қойылымдары сахналанды.

Өнерге сүбелі үлес қосып жүрген талантты жас хореографтар Чаросой Джурабаева (Өзбекстан), Искандар Раджабов (Тәжікстан), Гүлсәуле Тәуірханова, Алмат Шамшиев, Санам Аманова, Қуанышбек Төлеген мен Талғат Ахметовтың қойған заманауи би қойылымдарын талғамы биік көрермен ыстық ықыласпен тамашалады.

Санкт-Петербург
"Салтанат" би ансамблі

Кеште ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі өнерді ұлықтаған күміс көмей әнші Айгүл Қосанова Мұхит Мералыұлының «Айнамкөз» әнін нақышына келтіріп шырқаса, күйші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Рахат Сәрсенов домбыраның үнін көкке әуелетті. Ал «Шапағат» медалінің иегері, «Ата-Мекен» қазақ диаспорының президенті Алия Кикенова әннен шашу шашты.

Бұл кештің басты мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасу, екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту. Концерт ұлт пен этнос арасындағы достықты, махаббат пен мейірімділікті, бірлік пен татулықты насихаттай алды.

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ансамбль – ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлі екенін толық көрсете алатын бірегей би ұжымы екенін тағы да дәлелді.

Санкт-Петербург
"Салтанат" би ансамблі

Кеш соңында көрермендер жылы лебізін білдіріп, ерекше құрмет көрсетті. Гастрольдік сапар абыроймен сәтті өтті. Концертті ұйымдастыруға қолдау білдірген, ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігіне және Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы консулдығына, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне, Санкт-Петербург Үкіметіне және Санкт-Петербург қаласының Сыртқы байланыстар комитетіне, «Ата-мекен» Санкт-Петербург қазақ ұлттық мәдени автономиясы» өңіраралық қоғамдық ұйымына алғыс білдіреміз.