Ақпараттық бомба жарылды десе де болады! Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) хабарлауынша, 2 мыңға жуық қазақстандық азаматтың телефонмен байланысы израильдік Pegasus шпиондық бағдарламасы арқылы жүйелі түрде тыңдалыпты. Әлі де тыңдалады екен.
Қазақтар біреудің әңгімесіне құлақ түріп, аңдитын мұндай тыңшыларды «салпаңқұлақ» деп атаған. Бұл атау, әсіресе, КГБ билеп-төстеген совет заманында жиі қолданылатын.
Қарап отырсақ, талай адамның соры болған салпаңқұлақ сырқаты созылмалы дертке айналып, Тәуелсіздік дәуірімізге де жетіпті!
Бір қызығы, тыңдалған адамдар тізімінде билік сыншыларынан бөлек, сол биліктегі жоғары лауазымды тұлғалар да бар екен. Орталықтың ақпаратына сүйенсек, онда Тоқаев, Мамин, Сағынтаев секілді шенеуніктердің аты жүр.
Және де Тоқаев мырза әлі президент болмаған кезінен бастап тыңшылардың назарына ілігіпті. Қызық...
Әрине, біз реалист болуымыз керек. Сондықтан да мемлекет (не жеке топтар) өздерінің қарсыластарын, сыншыларын тыңдайтынын ішіміз сезеді. Кез келген авторитарлық жүйенің сүтпен еніп, сүйекке сіңген әдеті емес пе? Және де ол тек қана Қазақстанға тән құбылыс емес. Әлемнің дамыған, демократиялық елдерінің өзінде осындай әдепсіз әдет бар екенін естіп-біліп жүрміз.
Фото: ғаламтордан.
Мәселен, кезінде АҚШ арнайы қызметі Еуропа елдері басшыларының телефон әңгімелерін тыңдағаны туралы ақпарат тараған-ды. Оны АҚШ жоққа шығара қоймады. Уотергейт скандалының өзі не тұрады?!
Иә, біздегі заң бойынша, белгілі бір тұлғаны тыңдау тек қана сот шешімімен жүзеге асырылуы тиіс. Бірақ та іс жүзінде мүлдем олай емес екенін біз білеміз.
Бір сөзбен айтқанда, қоғамда көзге түсіп жүрген кез келген тұлға аузына абай боп, ақырын жүріп, анық басуы тиіс. Алайда сауысқандай сақ боп, астарлап, «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатқанын» айтсаң да, бұл пәтшағарлар бәрін біліп отырады емес пе?! Сөйтіп, сауқым салған екеуара әңгіме әмбеге аян боп, бәлеге ұшырауың мүмкін. Сыбырлап сөйлегенді Құдай естімей ме?
Тақырыпты осымен жылы жауып тастауға болар еді.
Бірақ менде үрейлі деуге болатын үш сұрақ бар.
Біріншіден, шетелдік шпиондық бағдарламаны пайдаланып жүргендер кім? Билік пе? Бір-бірімен бақ пен тақ үшін таласып жүрген ықпалды кландар мен топтар ма?
Өткеннен бір естелік. РНПК партиясының атқару комитетінің басшысы боп, сары сүргін, қу қырғын кез кешіп, сотталайын деп жүрген мені арнайы қызметтің басшыларының бірі Астанаға шақырған-ды. Мақсаты – мені өзім таңдаған жолдан тайдыру, президент атына кешірім сұрап, хат жаздыру.
Кездестім. Әңгіме жараса қоймады. Кабинетінен тыс демалу бөлмесінде ыстық, сосын «салқын шәй» іштік.
Кетерде, оның босаңсып отырғанын көріп бір сұрақ қойдым:
«Осы сіздер мені аңдисыздар ма? Телефонды тыңдайсыздар ма? Поштамды ақтарасыздар ма?»
Сондағы сол лауазымды кісінің жауабы мынандай болды: «Сенің не жазып, не айтып жүргенің бізге таңсық емес. Бәрін білеміз. Оңашада не айтсаң, соны газетке жазып жүрсің. Біздің әрбір адамды тыңдайтын қаржымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ. Сондықтан сенен гөрі өз ішімізде жүрген, кабинетке күліп кіріп, күңіреніп шығатындарды тыңдаймыз».
Тізімдегі лауазымды адамдардың атын көріп, осы оқиға есіме түскені...
Бір сөзбен айтқанда, осы тыңдау мен аңдудың заңдық негізі бар ма? Бар болса, біреудің телефонын тыңшылауға санкцияны кім берді? Құқықтық негіз болмаса, заңды осылайша өрескел бұзған органдар не тұлғалар кім? Олар жауапқа тартыла ма?
Әлде бұл еліміздің қым-қуыт құпияларына қызыққан шетел арнайы қызметтері ме? Олай болса, дереу дабыл қағу керек емес пе? Ол дегеніңіз, тек қана нақты тұлғаның жеке өміріне қол сұғу емес, ол – мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздікке қарсы жасалған сұмырай әрекет!
Бұл жайт, әсіресе, мемлекеттік құпиядан хабардар әрі өкілеттігі орасан, сомадай шенділерге тікелей қатысты! Соқыр тауыққа бәрі бидай емес, талқылаулы тізімде тізілген президент Тоқаев пен премьер Маминнің екеуара әңгімесінен шетел барлаушылары көп нәрсе түйеді емес пе?!
Екіншіден, кезінде ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары боп, оппозициядағы біздің қанымызды әбден ішкен Рахат Әлиев те өзінің қайынатасы – елбасының телефонын тыңдап, сосын ол жазбаларды жариялап жіберді емес пе?!
Есімде, ол сол уақытта билікке қарсы адамдардың телефон номерлерін де жарыққа шығарған-ды. Яғни, салпаңқұлақ сырқаты сол кезде-ақ меңдеп кеткен.
Оппозицияның телефонын тыңдап, соңынан аңду деген секілді оперативтік іс-шараның тағы бір жағы бар. Ол дегеніңіз, белгілі бір адамның жоспарын, мәселен, қайда баратынын алдын-ала білу. Ондай ақпарат ол тұлғаны арандату, қараңғы жерде ұрып-соғып кету, тіпті өлтіруге мүмкіндік береді.
А.Сәрсенбайұлы мен З.Нұрқаділов.
Бұған оппозициядағы үзеңгілестерім Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған саяси қастандық дәлел.
Тыңшылықтың моральдық-психологиялық астары да жоқ емес. Мәселен, сол тыңдау арқылы мүдделі органдар не кландар нақты адамның кемшіліктерін, отбасы, ошақ қасындағы кикілжіңдерді біліп, қоқан-лоққы жасауы да ықтимал. Қазақстан оппозициясы ондайды да көрген.
Мысалы, кезінде белгілі оппозиционер ағамыздың моншада көңіл көтерген видеосын сол әлиевтер камераға түсіріп алып, кассеталарын таратқан-ды. Және де бөгде адамдар даусымен (таулықтарға ұқсайтын, суырдың айғырындай шаңқылдаған сол дауысты өз құлағыммен естігенмін) «ақша төлемесең, қызық видеоны телеарналарға береміз» деп бопсалаған. Сегіз кессе, сіркедей қаны шықпайтын жүйенің қатыгез қылығы сондай-тын. Суға салса, батпайтын, отқа салса, жанбайтын талай тұлға осы жәйтпен оппозициядан кете барды емес пе?
Егер де осы оңбаған әрекеттер билік тарапынан болса, оған тиісті қаржы жұмсалады емес пе? Оның сұрауы кімнен?
Үшіншіден, бұл жайт – ғаламдық проблема, жалғыз ғана Қазақстан тыңдалып жатқан жоқ. Ақпаратқа сүйенсек, бұл шпиондық әрекет оннан астам елде пайдаланылыпты. Және де бүгін Pegasus болса, ертең одан да озық әрі әмбебап басқа да бағдарламалар пайдаланылуы мүмкін.
Осындай, әлемдік аңду додасында қаржымызды айдалаға шашып, ЭКСПО-мен өзіміз бен өзгені алдап жүрген, технологияларды дамыта алмаған біз не істейміз? Басқаларға жем әрі күлкі бола береміз бе?!