«Салықтан жалтарған» медиа-тұлғалар НЕГЕ жауап беруден қашты?

Әлеуметтік желіде салық төлемеген танымал адамдардың тізімі тарап кеткені белгілі. Ақпарат жалпақ жұртқа жария болғанда желі арқылы ел алдына шығып ақталғандар болғанымен, ақ-қарасын ажыратып беретіндер табылмады. Осыған орай мемлекеттік кірістер комитеті қарыз деп тапқан бірқатар өнер иелері мен блогерлерге шығып көрдік.
Жалпақ жұртқа желі арқылы шығып, алдымен ашық пікір білдірген белгілі тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы болды. Ведомство таратқан ақпарға сүйенсек, Л.Сұлтанқызы мемлекетке 160 826 553 теңге қарыз деп көрсетілген.
Өзінің соңғы 5-6 жылда жеке кәсіпкер есебінде тіркеліп, заңды түрде салығын төлеп келе жатқанын айтқан тележүргізуші: «...Менің оборотым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын.
Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де растай алады. Кәдімгідей қандарын ішем ғой. Сондықтан алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін...», – деп жазған еді.

Тележүргізушінің осы жазбасына орай мәселенің ақ-қарасын анықтаған болар деп өзіне шыққанымызда, телефон тұтқасын көтерген әкімшісі Сұлтанқызының тізімде өзінің бар екенін көргенде төбесіне жай түскендей болғанын жеткізді.
«Ешкімге айып таққымыз келмейді, қазір бұл іспен айналысып жатырмыз. Барлығы өз орынымен шешілетін мәселе. Қазір есепшісі жұмыс істеп жатыр, сондықтан еш уайым жоқ. Дегенмен, жазбада айқандай ол кісі салығын үнемі төлеп отырады», – деп жауап қатты.

Бұдан кейін шоу-бизнесте тасы өрмелеген Тимур Балымбетовтен мән-жайды сұрауға бекіндік. Ол мемлекетке 214 059 542 теңге салық төлемеген деп көрсетілген. Алайда, интервью алудың шебері сауалымызға жауап беруден жалтарды.
Сұрағымызды естіген бойда: «Комментарий бермеймін. Рақмет!», – деп байланысты бірден үзді. Ал инстаграм парақшасындағы басты бетке «ҚҚС 20% Барлығы кедей бола ма?», – деп баттитып жазып қойғанын аңғардық.

153 447 995 теңге төленбеген салығы бар деген белгілі блогер әрі кәсіпкер Дана Есееваның әкімшісі қойған сауалымызға ләм-мим деместен тұтқаны тастай салса, 287 060 966 теңге қарыз деп танылған Айқын Төлепберген мен 109 784 320 теңге төлеуге тиіс деп танылған Алтынай Жорабаеаның көмекшісі басшыларының атынан «пікір білдірмейді» деді.

Жауаптан жалтармай, жөнін айтқан Азамат Маркленов қана болды. «ИК» тобының белді әртісі шетелде жүргендіктен, өзінің мемлекетке берешегін жұрттан естігенін жеткізді.
«Елге келген бойда анықтаймын. Себебі ол тізімнің жалған немесе анық екені беймәлім, өйткені маған ешқандай хабарлама түспеді. Сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын », – деп қайырды.