28 Сәуір 17:30
...

Сәлем, 1995! Марченко әлі құлауда, Күлекеев құлап бітті

Фото:

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) жүргізген зерттеу нәтижесінде экономикамыздың жағдайы 1995 жылдың көрсеткішіне қайтып оралмақ. Дәлірек айтқанда, орталық сарапшыларының пікірінше, 2020 жылы Қазақстанның нақты жалпыұлттық ішкі өнімі 4,9% -ға төмендейді. Бұл 1995 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Болжам расталса, 90-жылдарға қайтып келетініміз сөзсіз. AERC-ті белгілі экономист, кезінде ірі мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстаған Жақсыбек Күлекеевтің басқаратынын ескерсек, бұл зерттеудің барынша жауапкершілікпен жасалғанын айтуға болады.

Бірақ тағы бір мүйізі қарағайдай экономист, басқа емес, Ұлттық банкті екі мәрте басқарған Григорий Марченкоға сенсек, біз әлі құлап бара жатырмыз. "Жерге құлап түспей тұрып, қандай да бір ауқымды болжам жасау былайша айтқанда дұрыс емес" - дейді бұрынғы бас банкир.

Бірақ қазір "экономикамыз қалай өзгереді" деген тақырыпта AERC дайындаған «Қазақстанның макроэкономикалық шолуынан» басқа бір де бір құжат жоқ. Бір жағынан алғанда, экономистер "бұл жағдайды болжау мүмкін емес" деп басын құмға тығып отырған уақытта Жақсыбек Күлекеевтің елдің экономикалық ертеңіне үңілгенін батыл қадам деп бағалау керек.

Сонымен, AERC болжамдарына сәйкес, 2020 жылы Қазақстанның нақты жалпыұлттық ішкі өнімі 4,9% -ға төмендейді. Ал номиналды жалпыұлттық ішкі өнім 160 млрд АҚШ долларына дейін құлайды. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 20 млрд доллар жоғалтамыз. Орташа жылдық инфляция деңгейі 8,1% -ға дейін өседі. Ұлттық банк өз кезегінде инфляцияның жоғарғы коридоры 11 пайызға жетуі мүмкін екенін айтып отыр. "Төлем шотының жағымсыз балансы 13,8 млрд долларға жетіп, мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,5 трлн теңге болуы мүмкін" деп жазады құжат авторлары.

2020 жылға арналған болжамды тұжырымдау кезінде AERC өзі әзірлеп шығарған SMAF макроэкономикалық талдау және болжау жүйесіне cүйенген. Әлемдік экономиканың 3 пайыздық құлдырауы, мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 37 долларды құрауы және отандық мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің 76,2 млн тоннаға дейін төмендеуі зерттеу барысындағы базалық параметр ретінде алынып отыр.

Тегтер: