USD
USD
USD

Сәкен Бибосынов Досматовты қапы қалдырды

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионы қыза түсті.

Сәкен Бибосынов Досматовты қапы қалдырды
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. 51 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз Сәкен Бибосынов алғашқы кездесуінде Рио Олимпиадасының чемпионы өзбек Хасанбай Досматовпен қолғап түйістірді.

Сәкен Хасанбайдан осыған дейінгі қазақ боксшыларының есесін қайтарды. Онымен қоймай, Досматовты таза жеңіп, біраз сарапшыны жаңылдырып кетті. Боксшылар шаршы алаңға шыққанға дейін сарапшылардың дені, бокс жанкүйерлері «Ойбай, Хасанбай деген сұмдық қой» десті.

Иә, Хасанбайдың шаршы алаңдағы мансабы сүйсінерліктей еді. Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, одан қала берді AIBA ұйымдастыратын World series of boxing сынында 23 кездесу өткізіп, еш жеңілмеген боксшы. Досматов Біржан Жақыповтан да талай рет айласын асырып кеткен. Ал, Белградта оны Сәкен Бибосынов қапы қалдырды. Жәй емес 5:0 есебімен таза жеңді.

Боксты тікелей эфирден тамашалағандар Сәкеннің шеберлігіне куә болды.

AIBA каналының комментаторы: «Бибосынов ұзын бойын жақсы пайдалана білді. Соққылардан өте жылдам қашып, тигізбеді. Бірінші раундта Бибосынов мықты болды. Екінші раундта да 3:2 есебімен алға шықты. Үшінші раундта екеуі ғажап бокс көрсетті. Бірақ Сәкен жеңіске жеткенін біліп тұр... Бұл – биылғы әлем чемпионатының ең үздік жекпе-жегінің бірі. Бибосынов карьерасындағы ең маңызды жеңістердің біріне қол жеткізді», – деп құрақ ұшса, қазақ тілді комментатор жеңісті Сәкенге қимағандай болды. Бұл жөнінде белгілі журналист Серік Әбікенұлы желіге жазды.

«Х.Дусматов пен С. Бибосыновтың жекпе-жегін көрдім. Қай інім екенін білмедім, комментатор Сәкенді әу бастан «жерлеп» тастапты.  Қарсыласты аузынан  суы ағып мақтады, бірінші раунда Хасанбай құлап еді, нокаут емес әрине, өз екпінінен құлады, – деді. Өзбек боксшысы тапырақтай ұмтылып Сәкен шалынып кетіп еді, Мынаның нокдаун емесіне сену қиын деп бал ашты. Комментатор үшін рингтегі төреші бекер адам секілді. Хасанбай ұмтылып, Сәкен шегіне иектен ұрғанда ел шу ете түсіп еді, міне, Дусматовтың дәл соққысы деп бір қойды.   Орыс тілді әріптесі «казахстанский боксер отлично провел два раунда» деп жатса да қазақ комментатор бізден Дусматовты жеңер дәу шығатынына сеніңкіремей отырғандай әсер қалдырды. Топ-топқа төбелесте ортасында бір-екі   паникері бар жақ жеңілуші еді, «ойбай, анандай дәу бар екен, мә, мынауы кәрәтіс қой деймін» деп төбелес басталмай жұрттың «духын» алып болатын. Комментатор бауырымыз осы жағын ескерсе, жан күйіп отырғанда жағымсыз реплика жүйкеге тиеді кәдімгідей», – дейді Серік Әбікенұлы.

Не де болса, Бибосынов кіммен қалай жұдырықтасуды біледі. Оның мүмкіндігін Токио Олимпиадасында көрдік. Бастысы, сол доданың жартылай финалындағы қателікті қайталамаса болғаны.

Бибосынов Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында: «Токиодағы қателігім – қарсыласты айқын басымдықпен жеңбегенім», – деген-ді. Сәкен әлем біріншілігінің ақтық сынына шығып, қарсыласын таза жеңуі әбден мүмкін.

Қазір оқып жатыр

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Трамп ұлдары

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қос азаматтығы болғанын мойындады

Азамат Капенов

Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр

Қайсар Хамза

Байқоңырдан «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы алғаш рет ұшырылды

.