Сағадат Нұрмағанбетовтың мерейтойына арналған әскери-тарихи конференция өтті
Биыл Кеңес одағының батыры, әскери қайраткер, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің туғанына 100 жыл толады. Мерейтойға орай Алматы қаласындағы Армия үйінде «Парыз. Намыс. Ерлік» атты әскери-тарихи конференция ұйымдастырылды.
«Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі қолға алған шараға Халық қаһарманының көзін көрген әскери қайраткерлер мен генерал-майорлар және Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің оқушылары қатысты. Шараның шымылдығын «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Махмұт Телеғұсов ашты. Конференция «Армия генералы С.Қ.Нұрмағанбетов «Борыш.Намыс.Ерлік» атты деректі фильмнен бастау алды.
Бұдан соң сөз алған генерал-майор Мүбәрак Орынбекұлы мен Айтқали Ғұсманұлы Халық қаһарман жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
1993-97 ж. ҚР қорғаныс министрінің орынбасары, Әлеуметтік-құқық және тәрбие жұмыстары басқармасының бастығы болып қызмет атқарған А.Ғұсманұлы: «Сағадат Қожахметұлы менің асыл ұстаздарымның бірі. Екеуміздің тағдырымыз да ұқсас еді. Ол кісі ата-анасынан жастай айырылса, мен балалар үйінің түлегімін. Өмірдің ыстық-суығын көрген жандармыз. Осыдан болса керек, біз жүздескен бетте өзара тез тіл табысып кеттік», – деп өткенді еске ала отырып, Нұрмағамбетовтың жанкешті еңбегі мен ерлігі жайлы ойын ортаға салды.
Конференция соңында ҚР Қарулы күштері ұлттық әскери патриоттық орталығы филиалының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, жиылған жұртқа әсерлі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ кеш барысында «Сағадат» туындысының тұсауы кесілді.
Айта кетейік, 1942 жылы әскер қатарына шақырылған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов Беларусь, Солтүстік Қапқаз, Украина, Молдавия, Польша және Германия майдандарында соғысқан.
Пулемет взводын, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Соғыстан оралған соң Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
1990 жылдан ҚР Соғыс, еңбек және қарулы күштері ардагерлері кеңесінің төрағасы, 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992-1995 жылдары ҚР Қорғаныс министрі, Армия генералы болды.