Сыдықов сотталды, енді Бақтияр Мәкен қайтпек?

Естеріңізде болса, 2020 жылы «пара алды» деген күдікпен Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов ұсталған болатын. Жуырда оған қатысты айыптау үкімі шықты.
2021 жылы 5 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты «Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы» ММ басшысы Н.Е.Сыдықовқа қатысты ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі қарағанын (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 1-3 тармақшалары) қалалық соттың сайты мәлімдеген болатын.
- Тақырыпқа орай: Бақтияр Мәкен қызметінен кете ме?
Нұрлан Сыдықов
Сот отырысында прокурор мен сотталушы өздерінің арасында жасалған келісімнің шарттарын растаған.
«Сот Сыдықовты кінәлі деп тауып, 5 жылға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Залалдың болмауына байланысты (пара сомасы алынды) жазаны өтеу қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде (қылмыс жасалған сәтте қолданыста болған ҚК талаптары бойынша) тағайындалды», – делінген хабарламада.
4 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұрлан Садықовтың 2020 жылы Наурыз мейрамын ұйымдастыру үшін қатысқан компаниялардың біріне қамқорлық көрсеткені үшін мердігерден 10 млн теңге пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Мемлекеттік сатып алу шартының сомасы 195 млн теңге болған.
2019 жылы 20 мамырда Нұр-Сұлтанда үкімет мүшелері жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылаған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «егер қол астындағы қызметкері парамен ұсталса, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстан кетуге өтініш жазуы тиіс» деген.
Осы орайда заңды сұрақ туындайды: Нұрлан Сыдықов жетекшілік еткен мәдениет басқармасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенге тікелей бағынышты. Яғни Б.Мәкен – Н.Сыдықовтың тікелей бастығы. Сот үкімімен Нұрлан Сыдықовтың қылмысы дәлелденді, енді Бақтияр Мәкен қайтпек? Отставкаға кетуге өтініш жаза ма?
Бақтияр Мәкен